Ғасыр бұрын шығарылған Bugatti көлігі 3,5 млн еуроға сатылмақ
1920 жылдары Bugatti компаниясы өз дәуіріндегі ең жылдам көліктердің бірі саналған Type 43 шассиінің небәрі шамамен 160 данасын ғана шығарған.
Бұл туралы broadarrowauctions.com басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстандықтар VIP-нөмірлерді енді онлайн ала алады
- Көлікті тиімді бағамен қалай алуға болады? Сарапшы кеңесі
- Мамандар сатып алуға болмайтын қытай көліктерінің тізімін жасады
Аталған модель түрлі жарыстарда сыналып, оны тізгіндеген спортшылардың қатарында аты аңызға айналған италиялық шабандоз Тацио Нуволари де болған. Сол сирек шассилердің біреуіне ғана екі орындық және ашық кузов орнатылған. Ал оның авторы – бельгиялық шебер Эжен Матисс.
Дәл осы бірегей родстер биыл мамыр айында Италияда өтетін Broad Arrow аукционына қойылмақ. Ұйымдастырушылар көлікті 2,5-3,5 миллион еуроға сатуды жоспарлап отыр.
Type 43 моделі гранд-турер ретінде танылған. Ол 2,3 литрлік сегіз цилиндрлі қозғалтқышпен жарақтандырылды. Қуаты шамамен 120 ат күшіне тең бұл мотордың арқасында көлік жылдамдығын сағатына 160 шақырымға дейін үдете алған. Ал бұл көрсеткіш 1920 жылдардың соңы үшін өте жоғары нәтиже.
Аукционға шығарылатын нұсқа 1929 жылдың басында алғашқы иесіне уақытша кузовпен табысталған. Ал 1930-жылдардың басында брюссельдік кузов жасаушы Эжен Матисс оны заманауи стильде қайта жобалаған.
Кейінгі жылдары автомобиль иесі бірнеше рет өзгерді. Тіпті бір кездері оған Chevrolet маркалы балама қозғалтқыш орнатылған. Алайда 1980-жылдары родстер қайтадан зауыт талаптарына сай келетін түпнұсқа сипаттағы моторға ие болды.
Соңғы 45 жыл бойы бұл Bugatti Type 43 Ұлыбританиядағы беделді жеке коллекциялардың бірінде сақталып келеді. Осы уақыт аралығында оның механикалық бөлігі түпнұсқа қалпына келтірілген. Ал интерьері әдейі ескірген күйде қалдырылған – бұл оның тарихи болмысын сақтауға бағытталған шешім.
Раритет көлікпен бірге оның шығу тегі, иелерінің тарихы және түпнұсқалығын растайтын құжаттар пакеті де ұсынылады.
Дегенмен Bugatti-дің бұл нұсқасын соғысқа дейінгі кезеңдегі ең қымбаты деуге келмейді. Мысалы, Type 57 индексіндегі модельдер ондаған миллион долларға бағалануы мүмкін. Осындай сирек көліктердің бірі Жаңа жыл қарсаңында Нью-Йорктегі Рокфеллер орталығында көпшілік назарына ұсынылған болатын.
Бұған дейін тарихтағы ең әдемі Maserati модельдері туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Ferrari өзінің алғашқы электромобилін көрсетті.

