Жаңалықтар

«Гастроцентр» иесі болған вице-министр Қуандық Бишімбаевпен байланысы туралы айтты

«Гастроцентр» иесі болған вице-министр Қуандық Бишімбаевпен байланысы туралы айтты
Фото: Gov.kz 18.11.2024 15:15 1019

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин Қуандық Бишімбаевпен қандай байланысы болғанын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, бір жыл бұрын экс-министр Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы «Гастроцентрде» өлтірген болатын. Ал Төлеушин осы орталықтың тең төрағасы болған. Бүгін тілшілер вице-министрден осы мәселенің мән-жайын сұрады.

Вице-министр мемлекеттік қызметке бизнестен келгенін атап өтті. Ол өз сөзінде бұған дейін де осыған ұқсас жобалары болғанын және «Гастроцентрде» де үлесі болғанын жеткізді.

Бұл жобада қазір құрылтайшылар қатарында жоқпын. Мемлекеттік қызметке ауысуды жоспарлағанда-ақ құрылтайшылар бойынша жұмысты бастап кеттік. Сондықтан шығу туралы мәселе қайғылы оқиғаға дейін көтерілген, - деді вице-министр.

Төлеушин бұрынғы министрдің отбасымен қарым-қатынасы қандай екенін де айтып өтті.

Ешқандай байланысымыз жоқ. Біз «Болашақ» түлектері ретінде түрлі жобалармен бөлісіп, өзара кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Тиісінше түлектер ретінде ғана араласамыз. Бізді байланыстыратын дүние осы ғана, - деді Қаныш Төлеушин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға