©Pixabay.com

Гарвард АҚШ билігімен келісім аясында 500 млн доллар төлейді

Гарвард университеті мен АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі өзара келісімге келді. Соған сәйкес, әлемге әйгілі жоғары оқу орны шамамен 500 млн доллар өтемақы төлеп, кәсіби-техникалық училищелерде жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын үйрететін бағдарламаларды іске асырады. Бұл жөнінде Ақ үйдің баспасөз пулына берген сұхбатында АҚШ президенті мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Олар шамамен 500 млн доллар төлейді және кәсіби училищелерді басқарады. Адамдарға жасанды интеллектпен жұмыс істеуді және басқа да көптеген нәрселерді үйретеді... Бізге кәсіби училищелерде оқыған мамандар қажет, – деді Трамп.

Сондай-ақ ол өзінің оқушы кезін еске алды:

Мектепте жүргенде жақсы оқымайтын сыныптастарым болды, бірақ олар моторды немесе қозғалтқышты көзін жұмып жүріп-ақ бөлшектеп, қайта құрастыра алатын. Ал басқа пәндерде жетістікке жетпеді. Дегенмен олардың көбі кейін үздік оқушылардан да үлкен табысқа қол жеткізді. Сол себепті кәсіби училищелердің маңызы зор, бірақ біз оларды жоғалтып алдық, – деді АҚШ президенті.

Айта кетейік, АҚШ әкімшілігі мен Гарвард арасындағы келіспеушіліктер биыл көктемнен бері жалғасып келген. 15 сәуірде Дональд Трамп университетті саяси ұйым ретінде тануды ұсынып, салықтық жеңілдіктерден айыруды көтерді. Бұдан бөлек, Білім министрлігі университетке бөлінген 2,2 млрд доллар көлеміндегі гранттарды және 60 млн долларлық ұзақ мерзімді келісімшарттарды тоқтатқан болатын.

Сонымен қатар АҚШ билігі оқу орнының ішкі саясатына өзгерістер енгізуді талап етті. Әкімшіліктің уәжінше, бұл шешім еврей текті студенттерді антисемитизмнен қорғауға бағытталған.