Жаңалықтар

Гарри Поттерді қазақша сөйлеткен Раисамен сұхбат

Гарри Поттерді қазақша сөйлеткен  Раисамен сұхбат
Фото: Еl.kz 12.02.2023 12:20 2379

Жақында баспагер, Step&World баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр Сайраннан сұхбат алған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.

– Шыққан ортаң, олардың сіздің елсүйер болып қалыптасуыңызға әсері туралы айтып берсеңіз.

– Шыққан ортам қарапайым. Дипломаттың отбасында, кішкентайымнан Таяу Шығыс елдерінде көп уақыт өткіздім. Әкем Сайран арабист. Көп жылдар Моңғолияның Мысырдағы елшісі болып жұмыс істеді. Одан кейін басқа араб елдерінде елші болды. Өскен орта маңызды ғой, бірақ әкем Моңғолияның дипломаты болғанымен үйде қазақи орта болды. От басында тек қазақша сөйлеп өстік.  Үйде қазақша, елшілікте моңғолша, көшеде арабша, мектепте орысша сөйледік. Мен Каирдегі бұрынғы Кеңес одағының қазіргі кезде Ресей елшілігінің қасындағы орыс мектебінде оқыдым. Сөйтіп бір күннің ішінде төрт-бес тілде сөйлеп өстік. Үйде қазақша сөйлеп, қазақи салт-дәстүрді, мәдениетті бойымызға сіңірдік. Әке-шешеміз де шет елдерде жүргенде үнемі қазақ ұлтының өкілдерін іздеп тауып араласып тұратын. 80-жылдары Мысырда қазақ кездестіру қиын болатын. 1987 жылы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар ансамблі Каирге келген болатын. Бәріміз керемет сәнденіп сол концертке барғанымыз есімде. Әртістермен танысып, суретке түсіп, кешкі асқа барып, араласқан едік. 1990 жылдары тәуелсіздік алған Қазақстанның елшілігі қызметкерлерінің отбасыларымен араласып жүрдік.

– Шығыс елдері мен Батыс елдерінде тұрдыңыз, білім алдыңыз. Қанша тілді меңгердіңіз? Қазақстанмен салыстырғанда олардың қандай ерекшеліктерін атап өтер едіңіз?

– Иә, әлемнің көптеген елдерінде тұрдым, білім алдым. Қазіргі уақытта бес шет елдерінде еркін сөйлеймін. Жеті тілді қолдана аламын. Әрине, Батыс пен Шығыс тұрмақ әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі, жақсы жағы және жақсы емес жағы да бар. Мен олардың жақсы жағын алуға тырыстым. Мен тұрған әр бір ел менің жүрегімнен орын алған. Мен үшін ең ыстық Мысыр елі. Сол елде өмірімнің он жылы қалды. Балалық шағым сол елде өтіп, университетті сол елде бітірдім. Мысыр ерекше ел. Бұйыртса, бала-шағамды сол елге ертіп апарып таныстырғым келеді. Қарапайымдылықты сол елден үйренсе болады деп ойлаймын.

Европа деген бөлек мәдениет. Ол жақтан үйренгенім, бойыма сіңіргенім өте көп. Соңғы жылдары Германияда тұрғанда кітапқа деген құрмет, кітапқа деген махаббат сол жақта оянды. Германияның, оның халқының кітапқа деген құрметі менің де бойыма сіңгендіктен баспа ісін ашып, қазақша кітап шығаруды бастадым. Голланияда көп жыл тұрдық. Маған ол жақтың мысқылы мен еңбекқорлығы қатты ұнады. Өте епті адамдар. Әр бір нәрсеге күрделендірмей жеңіл қарауды сол жақтан үйрендім. Европа деп айтқанмен ондағы әр елдің өзінің құндылықтары, ерекшеліктері бар. Ең бастысы Батыс болсын, Шығыс болсын достық, адалдық, еңбекқорлық секілді ортақ құндылықтары бар. Батыс елдерініің Қазақстаннан басты айырымашылығы ол жақтың қоғамы ғылым, білім және мәдениетке негізделген. Бізде 90 жылдардағы экономикалық қиындықтардан соң адамдардың санасында қиыншылықтан шығу, матералдық жағдайын түзету басымдыққа айналған. Біздегілер балаларға кітап не тамақ әперу керек деп ойланса оларда жағдайлары жақсы болғандықтан балалары үшін ғылым, білім бірінші орында тұрады. Біздің елде ғылымға деген көзқарасты білесіз, енді-енді басшылық оның маңыздылығын түсініп, қадамдар жасап жатыр. Біз бәселестікке қабілетті ел болғымыз келсе ғылым, білім жне мәдениетке басымдық беруіміз керек.

– Көші-қон жүрісіне көңіліңіз толады ма?

– Әрине, Қазақстан үкіметінің сырттағы қазақ диаспораларына жасап жатқан мүмкіндіктер мол деп санаймын. Тек коммуникациялық проблемалар, оларға ақпараттарды жеткізуде олқылықтар бар секілді. Мысалы, Түркиядағы жастарға түрік, басқа елдередегі қазақ жастарына сол елдің тілдерінде ақпаратты жеткізу керек. Қазақстанда бұрынғы жылдары құжат алмасу негізінен орыс тілінде болғандықтан қандастар оны толық түсінбеді және қызмет көрсету саласындағы мамандар тарапынан да салғырттық орын алды.

– Елімізден кері көші-қон байқалады. Мүмкіндігі барлар АҚШ-қа, Батыс елдеріне, Түркияға көшіп жатыр. Оған қандас, отандас ретінде қалай қарайсыз?

– Біз қазақпыз. Көшпелі өмір салтын ұстанған халықпыз. Ал көшу жалпы адамзатқа тән қасиет. Адамдар жағдайын жақсарту үшін, тұрған жеріне көңілі толмағандықтан, қауіп-қатерден көшеді. Неге Батысқа көшеді дегенде сол елдегі мүмкіншіліктерге байланысты деп ойлаймын. Қаншама жыл шет елдерде оқып, зерттеу жүргізіп келіп, туған елінде еркіндік таппаса адам өзіне қолайлы жерді таңдауы керек. Мен  бұл мәселеде прагматикпін. Адамға жер ұнамаса, өмір сүруі қиын болып жатса басқа жерден жақсы мүмкіндік шықса сондай шанстан айырылып қалмауы кекрек.

– Сайран ағамыздың әулетінен тарихи Отанға табан тіреген сізсіз. Осы қадамыңызбан шетте жүрген қандас іні-сіңлілеріңізге үлгі болдыңыз ба?

– Шыны керек, менде Қазақстанға көшу керек деген ой болмаған. Тарихи отанға қайту ойы біраз есейген соң келді. Өйткені балалар дүниеге келді, қазақ ортасын аңсады, балалар туған ортада өссінші деген оймен елге келдік. Ішкі түйсігім мен кіммін деген сұраққа жауап іздеген секілді. Моңғол емеспін, ол рас, кішкентайымыздан санамызға қазақпыз дегенді құйып өстік. Мен үшін қазақ ортасында болу өте маңызды, сондықтан ата-мекенге көшіп келдік. Бізбен араласып жүрген замандас достар да тарихи отанымызға ат басын бұра бастады. Бізді алаңдатыны - балалардың болашағы. Шынын айту керек, достарымыздың арасында Америкаға көшіп кеткендер де Түркияда қоныс тепкендер де бар.

– Қазақ мәдениетінің ілгерілеуіне, тіліміздің үстемдік құруына не кедергі?

– Қазақ мәдениеті еш кедергісіз дамып отыр деп ойлаймын. Оның даму барысы маған ұнайды. Ал тіл мәселесіне келсек менің айтарым, тілге деген оң көзқарас жоғары жақтан басталуы керек. Құжат айналымы, мемлекеттік қызметтегілер мемлекетитік тілге көшсе, басқаларға үлгі көрсетсе тілге деген құрмет болады. Қазақ тіліндегі сапалы контент, кітап, баспасөз, бағдарламалар, балаларды дүниеге сын көзбен қарауға үйрететін әдебиет тілді дамытады және дамытып та келеді.  

– Қоғамдағы өзгерістерге қатысты пікірлеріңіз қандай?

– Біз қазіргі кезеңде, ковид эпидемиясынан кейін өте күрделі кезеңді бастан кешіріп отырмыз. Келешек қалай болатынын анық көре алмаймыз. Көптеген адамдар ұзақмерзімдік жоспарлар құрмайды. Мен қазір өз балаларыма, жастарға жақсы білім беретін кітап шығарсам алаңсыз өмір сүремін деген ой бар. Мақсат - мәдениетті, білімді орта қалыпытастыру. Ал мәдениетті, білімді ортада қиындықтар болмайды. Жастар болашақты ел басқарады. Сондықтан, біз жастарға, бүлдіршіндерге көңіл бөлуіміз керек, ең сапалы дүниені соларға беруге тиістіміз.

– Баспагер ретіндегі істеген істеріңіз БАҚ беттерінде жан-жақты баяндалған екен. Әлемдік әдебиеттің қандай үлгілерін қазақшаға аударып қуантпақ жоспарыңыз бар?  

– Біздің бағытымыз - балалар әдебиеті. Әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін қазақшаға аудару. Сол себептен Гарри Поттерді қазақ тілінде сөйлеттік. Көптеген аударма жасап жатырмыз. Жоспарда Зияң Руң деген қытай жазушысының «Бөрі төтем» деген повесін қазақша шығарамыз. Балалар әдебиетіне келсек балаларға арналған ертегі, фантастика секілді жақсы әдебиет үлгілерін аударып жатырмыз, Биыл құдай қаласа қоржынымыз толы болады деп ойлаймын. Сонда да бізге шыдамдылық, табандылық керек. Аударма үлкен интеллектуалдық еңбек, жұмыс, сондықтан асықпай істейміз, асығыс болмағандықтан кітаптарымыз сапалы шығады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға