Жаңалықтар

Ғани НАЗАРБЕК: Жастарды экологиялық мәдениетке үйрету керек

Сайрамсудың тұмса табиғаты
Ғани НАЗАРБЕК: Жастарды экологиялық мәдениетке үйрету керек
26.07.2018 16:32 9016

Әлеуметтік желі бетінен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне саяхатқа шығу туралы жарнаманы көзіміз шалып қалып, артынша хабарластық. Шілденің сәтті сенбісінің бірінде «Арша трэвел» туристік фирмасы ұйымдастырған жорыққа шықтық. Парктегі тұмса табиғаттың байлығы мен тамаша көрінісінен кейін біздерді бастап барған жорық иесі, аталған туристік фирманың директоры Ғани НАЗАРБЕКТЕН сұхбат алуды ұйғардық.   

– Сайрам өгем ұлттық парктің қызметіне 4 түрлі қорғау режимі кіреді: экологиялық тұрақтандыру, шаруашылық аймағы, мал жаю, туристік яғни рекреациялық адамның еңбек қабілетін қайта қалпына келтіру. Қазір біздің басты мақсатымыз – туризмді дамыту. Ұлттық паркте туризм дамып келеді. Атпен серуендеу, жаяу серуендеу. Неге десеңіз, парктің аумағында демалыс аймақтарын салуға рұқсат берілгендіктен, мұнда 10 шақты демалыс аймағы бар.  

Осында 2011 жылдан бастап 2016 жылға дейін жануарлар дүниесінің өсімін ұлғайту бөлімі мен аңшылық бөлімінде жұмыс істедім. Бір жылдай туризм бөлімінде жұмыс атқардым. Ұлттық паркте ресми он туристік парк бар, туристердің саны жылдан жылға артуда. Мұнда 2010 жылдан бастап қатты өзгерді. Бірінші кезекте халықтың экологиялық сұранысы артты. Екінші инфррақұрылым. Сайрам шатқалында бір ғана асфальт жол бар, ал басқа шатқалдарға жеңіл көліктер бара алмайды. Егер шатқалдардың көбінде осындай 7-8 жол болатын болса міндетті түрде туристер көп келер еді. Себебі, мұнда басқа да Өгем, Көкбұлақ деген табиғаты керемет жерлер бар. Біз Сайрамсу шатқалының бір ғана бөлшегінде болып қайттық, яғни 149 мың гектардың 5000 гектар аумағын ғана жүріп қайттық. Төменгі көлге дейін 2300 метр биіктікке көтерілдік. Ал Ұлттық парктің аумағы Сайрам мен Өгем өзендерінің аңғарында орналасқандықтан соған байланысты аталған.

– Өзің айтып өткендей парктегі табиғи байлықтар қорғауда. Ендеше, туризмнің дамуы неге қажет? Қайта адамдардың аз келгені, бұл жердегі жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келмегені жақсы емес пе? Ол аздай адамдар табиғат аясын ластап, пластик, қоқыстар тастап кетіп жатады...

– Жаңа айтып өттім ғой, төрт түрлі жүйе бар. Қорықтық экологиялық тұрақтандыратын жерге тыйым салынған, ол жерге туристер бармайды. Шамамен 10 пайызы ғана туристік мақсатта пайдаланады, ал басқа жеріне кіруге рұқсат жоқ. Рас, бұрын өте қиын жағдай еді. Ұлттық парктің де қызметі табиғатта серуендеуді насихаттау. Адамдар да жылдан жылға ақпараттық қоғамда көріп-біліп, санасы өсіп жатыр. Бірақ қоқыс тастап кететіндер көп, оны да жоққа шығармаймыз. Егер қадағалау болмаса әрине табиғат аясы қоқысқа толып кетеді. Мемлекеттік инспекторлар соны қадағалап, ескертіп отырады. Олар болмаса бір күнде талқанын шығарады. Мұнда арнайы уақытша алынатын қызметкерлер бар. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері демалыс орындарын тазалап шығады. Адамдар мәдениетті демалып, өзінің қоқысын жинап кетіп, өсімдіктер мен жан-жануарларға тимеу, өрт қауіпсіздігін сақтаса бәрі дұрыс болады.

Халықтың психологиясы қара туризмге бейім, айталық кафеге барып демалу ары кетсе дайын асқа, дайын жататын жерге, қала ішіндегі аквапарктерге барады. Экологиялық жорықтық туризм бізде кенже қалған. Десе де, тоқтап қалған ештеңе жоқ, бұрынғы жылдарға қарағанда біршама түзеліп қалды.

– Жергілікті туризм дамығаны дұрыс па әлде сырттан келушілермен толыққаны жөн бе?

– Бірінші кезекте өзіміздің ішкі туризм дамығаны дұрыс, өйткені ішкі туризм ақсап тұр. Оны аяқтан тұрғызу үшін 26 жыл тәуелсіздігімізде нақты қадамдар жасалған жоқ. Біз туризмді дамытамыз деп шетелден келгендерге акцент береміз де, өзіміздің адамдар қайда береді, қайда демалғысы келеді, мән бермейміз. Ол аздай жастар туризмі, оқушылар туризмі кенже қалып барады. Дегенмен, салыстырмалы түрде басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстікте жақсы дамып жатыр. Өңірдің туристік потенциалы мен агротуризмі жоғары. Бізде барлық табиғи факторлар бар: шөл, дала, тау, өзен, теңіз, көл, ең бастысы тарихи мұралар Отырар, Түркістан, Арыстанбаб, Укаша ата т.б. Осының бәрі кешенді түрде жүргізілсе ішкі туризм дамиды. Өңірде экологиялық демалыс аймақтарының ашылғанын қалаймын. Онда шатырлы лагерьлер мен атпен серуендеудің қолжетімді болуы, сондай-ақ жол, көпір, бағыттаушы сілтемелер, жартастарда, құздарда адамдар құлап кетпеуі үшін кедергілер болуы қажет. Қауіпсіздік мәселесі өте жоғары деңгейге шықса деймін. Ұлттық парктің бюджеті мұндайларды істей алмайды. Бұл жерде тіпті ақша жоқ деуге де болады. Бар қаржының өзі ағаш егу, орманды өрттен қорғау, рейдтік жұмыстар мен азық-түлік, іссапарға, одан қалды сұғанақ браконьерлерден аңдарды қорғауға кетеді. 

– Туристік мақсатта берілген жердің он пайызы игеріліп жатыр ма?

– Ол жерде демалыс аймақтары салынып жатыр, егер ол жерге жол түспегенде біз де бармайтын едік. Асфальтті 2010 жылы арабтар салды. Ал облыстан туризмді дамыту үшін ешкім ештеңе істеген жоқ. Бізде тағы ең өзекті мәселе, қазақтілді гидтер жоқ. Оңтүстіктің өзінде ішкі аудитория қазақтілді десек те, сол аудиторияға қызмет көрсететін экскурсоводтар жоқтың қасы. Кеңес Исмайлов, Олег Гончаров сияқты сапалы қызмет көрсететін гидтер бар, олардың бағасы қымбат. Басқа гидтер де шығып жатыр, көбінесе орыс және ағылшын тілді. Олар негізінен шетелден келген туристерге қызмет жасайды, тарихи орындарға шығады. Қазір бір жобаны қолға алдық, әзірге құпия бола тұрсын, соның негізінде жастарды экологиялық мәдениет пен тарихи сауаттылыққа үйрету, солардың ішінен гидтерді дайындап шығу. «Аршатрэвел» – негізінен ішкі туризмге қызмет көрсететін компания. Биыл көктемде ашылдық, біртіндеп жұмыс жасап жатырмыз. Осыған дейін біраз жорықтар ұйымдастырдық.

 Жергілікті билік ұлттық парк пен ішкі туризмді дамыту үшін қандай мәселеге көңіл бөлсе дейсің.

– Біріншіден, жол, су, жарық пен газ мәселесі өзекті. Туризмді жүргізетін гидтер дайындау. Содан соң бізбен жорыққа шыққан кезде көпірлерді көрдіңіз ғой, ол бұрын бұдан да қауіпті болатын, кейбір азаматтар судан өтетін көпірлерді өз қаржысына жасатты. Одан бөлек, әжетханалар да салыну керек. Бұл тек ұлттық парктің ішінде ғана, ал басқа жақтарда мүлдем жасалынып жатқан жоқ. Неге, өйткені жол жоқ, көлік жете алмайды. Мәселен Еуропа елдерінде адамдар жаппай экотуризмге кетеді. Одан олардың табиғаты құлдырап кеткен жоқ, керісінше өркендеуде. Экотуризм деген үлкен мәдениет қой, біз мәдениетті демалыс ұйымдастыра алсақ, табиғатқа зияны тимейді. Жалпы, туризм экономикаға үлкен үлес қосады. Бірінші кезекте туристік компаниялар ұйымдастырып апаратын ұлттық парктің өзі болсын, демалыс нысандары болсын, ол жерде жаяу серуендеу, атпен серуендеу, жалға сөмке алу керек болады. Жанында кафе, ресторандар ашыла бастайды, қысқасы бұдан он шақты саланың тамырына қан жүгіреді. Ішкі туризм әсіресе экотуризмнің дамуына әлеуметтік желілер Инстаграм мен Фейсбук үлкен үлес қосты.

Туризм саласы осы күнге дейін 7 түрлі министрліктің қарамағында болды. Одан бөлек түрлі басқармаларға қарады. Туризмді жеке комитет ретінде құрса дұрыс болар еді. Ал облыста енді басқарма ретінде құрылды. Оған дейін 1 бөлім басшысы, 3 маманмен отыратын бөлім ғана болып жүрді. Қаржыландыру жағы да аз.

– Біз жорыққа шыққанда аң-құстар көзімізге шалына қоймады.

– Әлбетте құстардың, аңдардың түрлерін көруге болады. Оларды шуламауға, пақылдақ жаруға, үркітуге болмайды. Ерекше қорғалатын аймақтарда аң аулауға тыйым салынған. Бұрын арнайы мөлшерде аулауға рұқсат ететін, қазір аулауды алып тастады. Бұл өте дұрыс шешім. Мәселен, сіз жылына 50 таутеке, тауешкіні атқызып барып тапқан ақшаңызды керісінше фотоаппаратпен «атқызып» көрсете алсаңыз, одан бірнеше есе пайда табасыз. Айталық, аюды, таутекелерді, еліктерді көргіңіз келсе сіз оған барасыз, фотоаппаратқа түсіресіз. Аңшылыққа апарсаңыз ол қызмет сол жерде бітеді. Ал фотоаңшылықпен  аңдарды суретке түсіру үшін жылына мыңдаған туристерді апаруға болады. 

– Ұлттық парктің аумағында 1600 өсімдік, 56 сүтқоректі, 300 құс түрі бар дедің. Оларға құпия болмаса санақ қалай жүргізіледі?

– Аңдарға есеп екі түрлі жолмен жүргізіледі. Мысалы, аюлар жүздің үстінде, одан да көп болуы мүмкін. Көктемде, күзде ұлттық парктің қызметкерлері арнайы санақ жүргізеді. Үркітіп санау деген әдіс бар, ұядан ұшырып, апанда жатқан жерінен шығарады.  Интерполияциялық әдіс бар. Мұнда шамамен болжайсың. Мысалы, 100 га жерде он елік болса, жалпы ұлттық паркте елік мекендеуі мүмкін деген жерге соны шағады. Бұл жер зообақ емес қой, нақты осынша деп айта алмайсың. Бірақ бір білерім, осында мекен етіп жүрген жан-жануарлардың саны санақтан көп. Өйткені, көріп жүрміз. Сайрам ұлттық паркі құрылғалы олардың саны өсіп келеді. Аңшылық жоқ, бұрынғыдай бей-берекет ағаш кесу жоқ, орман өрті азайған. Парктен топ тобымен жүрген тауешкі мен еліктерді, үйірімен жүрген арқарларды көруге болады. Тау барысы да бар. Биыл наурызда «Алтын дән» демалыс аймағының ішіне кіргені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Өйткені, оның азығы тауешкі, соның соңынан келген. Айтпақшы, биыл барысты Қызыл кітаптың жойылып бара жатқан түрінен алып тастады.

 Біздің ұлттық парктеріміз, қорықтарымыз қаншалықты қорғауға алынған? Мәселе бар ма?

– Негізгі қорықтарда, ұлттық парктерде жануарлар әлемі мен өсімдіктер қорғауға және зерттеуге алынғандықтан мәселе онша көп емес. Ал облыстағы орман қорына, ондағы өсімдіктер мен жануарларға санақ жүргізбейді, тіпті мән бермейді. Мәселен Шымкент қаласында да, басқа аудандарда да ешқандай есеп жоқ. Өйткені жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейді, табиғаттың тұрмыс-тіршілігімізде орны бар екенін білмейді. Білсе де мән бергісі келмей ме, түсініксіз. Ол аздай табиғи су көздері де ысырап болып жатыр.  Облыс көлемінде де, қалада да экологиялық тепе теңдікті сақтап қалу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрмедім. Мысал ретінде айтайын, Аралға су қай жақтан барады? Біздің кеше барған Сайрамсу да Аралға барып құяды. Сайрамсу Бадамға, Бадам Арыс өзеніне, Арыс Сырдарияға, Сырдария  Аралға барып құяды. Оңтүстіктегі Тянь Шянь тауларынан шығып жатқан су көздерінің бәрі Арал, Сырдария  бассейндеріне барып құяды. Егістік алқаптың көбеюіне байланысты су көбіне ысырап болып жатыр. Бізде Көксарай мен Шардара, Тоғыс, Бадам, Бөген су қоймалары бар. Ал Шымкент қаласында су көздері көп емес. Қошқар атаның бас жағын білеміз, аяқ жағы не болып жатқанын ешкім білмейді. Оған қоса, таудың етектерінде ағып жатқан бұлақ көздері қай жаққа ағып, қайда сіңіп жатыр, оны да қадағалап жатқан ешкім жоқ. Егер реттей алсақ, үлкен су құрамы болар еді. Тағы бір экологияға зиян келтіретін мәселе, өзеннің жағалауынан тас қазып алу. Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан су жүйесінің түбінде жерге сіңбейтін қалпы бар, ал оны кейбіреулер экскаватормен қазған соң су сіңіп кетеді де, құрғақшылық пайда болады.

 Паркте қандай аң-құстардың түрі көп?

– Ұлттық парктің ішінде индикаторлық түрлер бар, айталық құстарға келсек кекілік, сауысқан, шіл, қырғауыл, ұлар т.б. көп. Эндемик түрлерге мәселен суыр, Қаратау арқары жатады, яғни Сайрам ауданынан басқа әлемнің еш жерінде кездеспейтін түрлер. Осы ретте тағы бір айта кететін жайт, бунақденелілер көбелек, құрт- құмырсқа, жәндіктерді зерттейтін биограф мамандар жоқтың қасы. Оқытылып жатқанын байқамадым, ал ботаниктер бірен-саран. Жәндіктер – өсімдікті қорғаушы. Егер ара болмаса жеміс ағашы мен гүлдер тозаңданбайды. Бірінің ұрығын екіншісіне апарып себетінін ботаникадан оқыдық. Көбелектің де өзінің ролі бар. Жәндіктер болмаса құстар да болмайды. Бұл әлі де зерттелмеген мәселе. Экологиялық тепе теңдік жоқ, мысалы бір жерде өсімдіктің түрі шамадан тыс көбеюі мүмкін. Ал ол неліктен деп ойлайсыз? Көксарай қоймасын салғаннан кейін шыбын-шіркей қаптап кетті, жүру мүмкін емес. Демек, табиғи тепе теңдік бұзылды деген сөз. Ал мұны биологиялық әдіспен реттеу керек қой. Оны барып химиямен қырып тастасын деп тұрғаным жоқ, мысалы шіркейдің жауы инелік. Басқа да жәндіктер бар, оны түсіндіріп беретін ол саланың маманы емеспін, бірақ осы мәселенің барын көріп тұрмын. Осыған жауапты кімнен аламыз? Мен оған жауап бере алмаймын. Қазір байқайсыз ба, Қарлығаш та азайып кетті.  Ол адамға жақын құс. Соңғы жылдары оның мекен ету ортасы ауысты. Себебі, цемент, пластик үйлерге балшық жабыспайды.

– Қарлығашқа бола балшықтан үй салып отырайық енді деп оқырман күлсе ше?

– Күле берсін. Қарлығаш үшін арнайы балшық жабысатындай етіп орын қалдырса, ол келеді. Құс өзіне ыңғайлы жер іздейді, табиғи инстинкт қой. Бізде ботаниканы, зоологияны түсіндіріп беретін гидтер жоқ, біз бар болғаны тарихын айтып беруіміз мүмкін. Жай ғана көшеде кетіп бара жатып өсіп тұрған дермене туралы айтып бере алмаймыз. Алысқа бармай-ақ қояйық, сіз қалада өз аулаңызда өсіп тұрған ағаштардың атауын білесіз бе, білмейсіз. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап қоректеніп жатқан ауаң, су, өсімдік бәрі кешенді дүние ғой, ал біз оны ойланбаймыз да. Солүшін біз айналамызға экобайланыс орнатуымыз қажет.

– Ұлттық парктің болашағы бар ма?

– Ұлттық парктің болашағы өте зор, Шымкент халқының негізгі бөлігі сол жаққа барады. Шетелге шығып ел көрген, жер көрген дұрыс. Бірақ ол уақытша. Халыққа туристік мәдениет керек. Мәселен таңнан кешке дейін үй жинап, кір жуасыз ба немесе бір жаққа шығып моральдық әрі  физикалық тұрғыда демалғыңыз келе ме? Сенбі, жексенбі адамға демалыс үшін беріледі. Адамның бес күнде жұмсаған еңбек күшін қайта қалпына келтіруді рекреация дейді. Соны біз қалай қалпына келтіреміз, қалай пайдаланамыз? Таңнан кешке шейін үй жинап, басқасын жинап, қала берді тойға барасың, сөйтесің де дүйсенбі күні жұмыста шаршап отырасың. Күнделікті өмір салтынан, бір қалыпты тіршіліктен адам қатты жалығады. Ал таза ауамен демалу, құстың дауысын, өзеннің шуылын есту, гүлдердің жұпар иісін иіскеу керемет демалыс. Бұл қажет нәрсе. Адамдар табиғат  аясына шығуы керек.

– Сенен тек қана Сайрам-Өгем ұлттық паркі туралы сұраймын деп біраз мәселені ақыры қозғадық қой, айтшы, облыста қорғалуы керек тағы қандай құнды дүниелеріміз бар?

– Біздің облыста, ұллтық парктің аумағында да 3000-4000 жыл бұрынғы сақталып келе жатқан  петроглифтер бар, яғни алғашқы жазбалар ғой. Осы петроглифтер 25 жылға дейін бүлінбей келе жатқан. Қалай тәуелсіздік алдық, санамызды нарық жаулады да петроглиф сияқты баға жетпес байлықтарымызды құрта бастадық. Петроглифтерді орнымен ойып алып кеткен, тасқа аты-жөнін сызып жазып кеткен. Біздің санамызда вандализм, капитализм, күнін көру керек деген мәселе тұрды. Қазір қарнымыз тоқ, өркениетке ұмтылып, тарихи байлықтарымызды енді-енді түсіне бастадық. Петроглифтер болсын, басқа тарихи ескі қалалар Сауран, Отырардың 12-14 ғасырдағы қыштарын, қабырғаларын да қиратып жатыр. Біздің мемлекет жергілікті тарихи жәдігерлерді сұрыптауды әлі қолға алған жоқ. Оны қазірден қолға алмасақ, одан да айрыламыз.

Фото: Ғани Назарбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға