Жаңалықтар

Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды

Қыздарымыздың қол добынан қарқыны жақсы
Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды
30.03.2022 22:13 13382

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар». Бұл нақыл сөз өз дәуренін әлдеқашан аяқтап үлгерген деп айтсақ, қателік бола қоймас. Қазіргі уақытта кәсіби деңгейде доп ойнап жүргендердің асығы алшысынан түсіп жатқандығы ақиқат. Бағзы замандардан осы дәуірге дейін жеткен доппен ойнайтын спорт түрлері өте көп. Солардың ішінде көп көзге түсе бермейтін, «миллиондар ойыны» деген мәртебені иемденбеген, бірақ спорт әлемінде өзіндік орны бар – қол добы жайлы сөз етпекпіз.

Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды

Гандбол ойыны қайдан шыққан?

Бұл спорт түрінің тарихы ежелгі замандардан бастау алады. Допты қолмен ойнайтын ойындар жайлы Гомердің «Одиссея» поэмасында, ежелгі римдік дәрігер Галенустың еңбектерінде жазылған. Ал орта ғасырларда осындай түрдегі ойындарды Вальтер фон дер Фогельвайде өз өлеңдерінде жыр еткен.

     Қазіргі заманғы қол добы немесе гандбол ойынын ХІХ-ХХ ғасырларда даниялық футболшылар ойлап тапқан. Дат футболшылары қыс мезгілінде футболдың орнына ойнауды әдетке айналдырған қол добының футболдан айырмашылығы – ойыншылар допты қолмен ойнайтын және әр команда құрамы алты ойыншы мен қақпашыдан тұратын. Ресми түрде бұл ойынның халықаралық спорт классификациясында тіркелген мерзімі – 1898 жыл. Дәл осы жылы даниялық Одруп қаласында орналасқан кәсіптік мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Хольгер Нильсен дене шынықтыру сабақтарына «haandbold» («haand» - қол, «bold» - доп) деп аталатын доп ойынын енгізеді. Ойынның негізгі ережесі – жеті-жеті ойыншыдан әр команда өкілдері бір-біріне допты асыру арқылы қарсылас ұжымның қақпасына гол соғу.

Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер бойынша мамандар бұл спорт түрі одан да ертерек пайда болған деген болжам айтуда. 1890 жылы Чехия елінде «Хазена» (лақтыру) деп аталатын халықтық ойын түрі кеңінен тарала бастаған екен. Қалай болғанда да, түбінде 1917 жылы берлиндік Макс Хейзер осы аталған екі ойынды қосып, «қол добы» деп аталатын әйелдерге арналған жаңа ойын түрін ойлап табады. Бір қызығы, бұл екі спорт түрінен жарыстар қатар өткізіліп, чехиялық «Хазена» мен германиялық «Қол добы» өзара бәсекелескен кездер де болған.

1926 жылы қол добы халықаралық спорт түрі деп танылып, бірқатар елдерде қарыштап дами бастады. Араға он жыл салып, гандбол олимпиадалық бағдарламаға енгізілді. Берлиндегі ХІ Олимпиада ойындарында алғаш рет осы спорт түрінен жарыс өткізіліп, Германия құрама командасы олимпиада чемпионы атанған. Ал халықаралық гандбол федерациясы (IHF) 1946 жылы құрылды.

Елімізде гандбол ойынының дамуы

Қазақ елінің намысын гандболшы аруларымыз ұзақ жылдар бойы абыроймен қорғап келеді. Қазақстан қол добынан әйелдер құрамасы 2008 жылғы Бейжіңдегі олимпиада ойындарына қатысып, Норвегия, Румыния, Қытай, Франция және Ангола құрамаларымен бір топта өнер көрсетті. Төртжылдықтың басты додасындағы бес ойында үш ұпай еншілеп, Қазақстан тобы бесінші орынға жайғасқан еді.

Оған қоса қазақтың қол добы шеберлері алты бірдей әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде бой көрсетіп, әлемдік аренада еліміздің намысын қорғаған. Осы күнге дейінгі әлем чемпионаттарындағы еліміздің әйелдер құрамасының қол жеткізген ең жоғары нәтижесі – 2007 жылғы жаһандық додадағы 18-орын.

Құрлықтық деңгейде де спортшыларымыз талай биіктерді бағындырған. Қазақстанның қол добынан әйелдер құрамасы екі дүркін Азия чемпиондары атанған. 2002 және 2010 жылдардағы Азия біріншіліктерінде гандболшы қыздарымыз алтын алқа тағынып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінген еді. Осыған дейін 11 құрлықтық біріншілікке қатысып үлгерген еліміздің құрама командасы әр чемпионатта кем дегенде үздік бестіктің қатарынан орын алып отырған. Құрлықтық сайыстармен қатар Азия ойындарында да отандастарымыз талай рет топ жарған. Атап айтар болсақ, 2002 жылы Пусанда және 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында күміс, ал 2014 жылы Инчхонда қола жүлде иегерлері атанған.

Еліміздің гандбол құрамасының дәл осындай бай тарихы бар. Ал, қазіргі таңда ел намысын қорғап жүрген қол добы шеберлерінің деңгейі қандай? Алдыңғы буын салып кеткен сара жолды абыроймен жалғап келе ме? Сөзсіз, иә! Соңғы дүбірлі додалардағы Қазақстан ұлттық құрамасының қол жеткізген нәтижелері сол сөзімізге дәлел бола алады.

Жастардың «күмісі» қуантты

2021 жылдың желтоқсан айында Испанияда өткен әлем чемпионатының финалдық кезеңінде қазақстандық гандболшы аруларымыз өнер көрсетті. Бастапқы айналымда көрсеткен нәтижесінің арқасында, гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы негізгі турнирде ойнау құқығына ие болып, Норвегия, Швеция, Нидерланды, Румыния, Пуэрто-Рико құрамаларымен бірге бақ сынасты. Еліміздің құрама командасы сапында өнер көрсеткен гандболшымыз Жанерке Сейітқасым былай дейді:

Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды

«2019 жылғы әлемдік додада бастапқы айналымда мардымды нәтижеге қол жеткізе алмай, негізгі турнирге шыға алмай қалған едік. Сондықтан осы әлем біріншілігіндегі ең бірінші мақсат – алғашқы айналымды еңсеріп, негізгі додаға шығу болатын. Ол істің үдесінен шыға білдік, алайда одан да жоғары орындарға қол жеткізе алмадық. Алдағы жаһандық додада сонау 2007 жылы қол жеткізген, қазіргі күнге дейін ең жоғары нәтижеміз болып тұрған 18-орыннан жоғары орындарға иелік етуді мақсат етіп қойдық», - деп өз ойын білдірді.

Иә, осыдан үш жылдай уақыт бұрын өткізілген Азия чемпионатында жасындай жарқырап, әлем жұртшылығының назарын Жанерке Сейітқасым өзіне аударған еді. Сонымен қатар, 2019 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатында Жанерке ең үздік сұрмерген атанған болатын. Бұл жолғы құрлықтық жарыста да Ұлжан Кәметай, Лейла Галямова, Милана Ульянченко секілді қол добы шеберлері өздерін ерекше ойындарымен көрсете білді.

«Ұлттық құрамамыздың болашағы зор деп білем, еліміздің жастар құрамалары да жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. 18 жасқа дейінгі Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы жеті бірдей әлем чемпионатында бой көрсетті. Елімізде жастар арасындағы дүбірлі додалар жиі өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың өзінде екі бірдей Азия чемпионаты Алматы шаһарында өткізілді және Қазақстан жастар құрамалары қос жарыста да өздерін жақсы қырларынан көрсете білді. Жасым сәйкес келгендіктен, 20 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы сапында Азия чемпионатында осы жылы ойнадым. Үш бірдей құраманың ұпайлар саны тең түсіп, тек қосымша көрсеткіштер бойынша ғана Үндістан мен Иран құрамаларын алға жіберіп алдық», - дейді гандболдан Қазақстанның ересектер арасындағы және 20 жасқа дейінгі құрамалары сапында жүрген Жанерке Сейітқасым.

Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды

Расында, оңтүстік астанамыз Алматы қаласында ағымдағы жылдың 7-14 наурыз аралығында ұйымдастырылған 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы қол добынан Азия чемпионаты тартысты өтті. Бұл жарыста құрлықтық доданың жүлделерімен қатар, Словенияда өтетін әлем чемпионатына екі бірдей жолдама да сарапқа салынған еді. Үндістан, Қазақстан, Иран командалары 6 ұпайдан еншілеп, нәтижесінде қосымша көрсеткіштер есепке алынды. Осылайша Азия чемпионатының алтыны мен күмісін еншілеген Үндістан және Иран құрама командалары әлем чемпионатына тікелей жолдама алды.

Бас бапкер Берік Бекназаров және құрама жаттықтырушысы Жанатты Байарыстанова бастаған еліміздің қол добы шеберлері Иран, Өзбекстан, Сирия және Үндістан құрамаларына қарсы ойнады.

«Бұл чемпионат біз үшін сәтті бастала қоймады. Алғашқы ойында Иран құрама командасынан 20-19 есебімен жеңіліп қалдық. Жастар, жасөспірімдер арасындағы жарыстарда мұндай нәтижелер, ойын алаңында болып жатқан кез келген жайт, ең алдымен, психологиялық тұрғыда әлі сүйегі қата қоймаған ойыншыларға кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан, команда ойыншыларымен тактикалық дайындақтан бөлек, психологиялық даярлық та күшейту маңызды болды», - деді 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Жанатты Байарыстанова.

Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды

Алғашқы екі ойында да жеңіске жеткен Иран құрамасы бірінші орынға жайғасты, ал біздің гандболшы қыздарымыз Азия біріншілігінің жүлдесін еншілеп, әлем чемпионатына жолдама алу үшін қалған ойындардың барлығында да жеңіске жету қажет болды.

Қазақстан құрамасы алдымен, Сирия гандболшыларын 32-14 есебімен ойсырата жеңді. Дарья Колесниченко, Дәмира Жаппарова және Камилла Надирова – үш қақпашымыздың барлығы да ойында бой көрсетті. Шабуылда Елена Беренда, Жанерке Қуандықоваларға сириялық қарсыластарымыз ешбір қауқар көрсете алмады. Араға бір күн салып, Үндістан құрамасымен жолдары түйіскен еліміздің қол добы шеберлері бірінші ойын кезеңінде-ақ 8 доп басымдығына ие болды, ал жалпы ұпай саны 28-21 болып, біздің пайдамызға шешілді.

Біздің құрама үшін құрлықтық жарыстың шешуші ойыны 25 наурыз күні өтті. Барлық ойындарда жеңіске жеткен Иран құрамасы Азия чемпионатының алтын жүлдесі мен әлем біріншілігіне берілетін жолдаманың иегерлері атанды. Күміс жүлде мен жаһандық додада өнер көрсетуге мүмкіндік беретін жолдаманы ұпайлар саны тең тұрған Қазақстан және Өзбекстан құрамалары сарапқа салды.

Құрама бапкер Жанатты Байарыстанова команданың дайындығы жайлы былай деп жауап берді.

«20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия біріншілігіндегідей жолдамадан құр қалу қаупі төніп тұрды. Қарсыласымыз да осал емес, жеңіске деген үміті зор – Өзбекстан құрамасы. Тәуекелге бел будық айтамыз, дегенмен де, ойынды бүге-шүгесіне дейін зерттеп, талқылап, тиісті нұсқауларымызды ойыншыларға жеткіздік. Шабуылдары жойқын бұл құрамаға қарсы ойында діттеген нәтижеге қол жеткізу үшін тек команда болып қана қорғанып, шабуылды барынша сақтықпен, бұрыштағы ойыншыларды шабуылға жиі араластыру мақсаты алға қойылды», - дейді Жанатты Байарыстанова.

Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушысы 2018 жылғы әлем біріншілігінде мардымды нәтижеге қол жеткізе алмағандықтан, сол әлемдік додада кеткен есемізді биыл Грузияда қайтаратынына сенімді.

Гандболшы аруларымыз әлем чемпионатына жолдама алды

«Құрама сапында командаға жаңа серпін берген жаңа есімдермен қатар, тәжірибелі ойыншылар да өз спорттық мансаптарын жалғастырып келеді. Команда ойыны қалыптасқан және алдағы жаһандық додаға тас түйін дайын боламыз деген сенімдемін» - дейді Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушысы Жанатты Байарыстанова.

Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасындағы ойынның бірінші кезеңі 17-14 есебімен біздің аруларымыздың пайдасына шешілді. Алайда, екінші ойын кезеңінде Өзбекстандық гандболшылар жеңіске деген құлшынысын көрсетіп, 14-15 есебімен алға шықты. Дегенмен де, жалпы ойын есебі 31-29 болып, Қазақстан жастар құрамасының жеңісімен аяқталды. Осылайша 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы құрлықтық додада екінші орынға табан тіреген Қазақстан гандболшылары күміс жүлдені еншілеп, осы жылы Грузияда өтетін әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.

Спортшы қыздарымызға әлем біріншілігінде сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға