Ашық дереккөзден

Ганада елдің үрейін ұшырған жалған пайғамбар қамауға алынды

03.01.2026 19:32

Ганада өзін «пайғамбар» деп жариялаған Эбо Ноя жұртты алдап, жалған болжам таратқаны үшін қамауға алынды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Ол әлеуметтік желі арқылы 25 желтоқсанда бүкіл әлемді алапат топан су басады деп мәлімдеп, халықты дүрбелеңге салған. Өз сөзін растау үшін «құтқару кемесін» салатынын айтып, адамдардан қаржы жинаған.

Тергеу барысында Эбо Нояның айтқан уәделері шындыққа жанаспайтыны анықталды. Полиция дерегіне сүйенсек, ол шын мәнінде кеме салмаған, тек шағын қайықты үлкен «кеме» ретінде көрсеткен. Ең сорақысы - жиналған қаражаттың бір бөлігіне ол өзіне Mercedes маркалы автокөлік сатып алған. Бұл жағдай оның діни сенімді жеке пайдасына пайдаланғанын айқын көрсетті.

Гана құқық қорғау органдары бұл әрекетті қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағалады. Себебі жалған болжамдар халық арасында үрей туғызып, кей азаматтар үйлерін тастап, қауіпсіз жер іздей бастаған. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар жағдайды одан әрі ушықтырған. Нәтижесінде полиция Эбо Нояны ұстап, сот шешімімен уақытша қамауға алды.

Сот процесі барысында Эбо Ноя психиатриялық тексеруге жіберілді. Бұл оның әрекетке толық жауап беру қабілетін анықтау үшін жасалуда. Қазір оған жалған ақпарат тарату, алаяқтық және қоғамды адастыру баптары бойынша айып тағылып отыр. Іс алдағы сот отырыстарында қаралатын болады.