Ғалымжан Қырықбай «Қазақстан Барысы – 2023» жеңімпазы атанды
Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Финалдық белдесуде Маңғыстау облысының палуаны Нұрдәулет Жарылғапов пен күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай күш сынасты. «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. «Қара Бура» лақап атымен танымал палуан Нұрдәулет Жарылғапов «күміс белбеуді» місе тұтты.
Үшінші орын үшін белдесу Павлодар облысының палуаны Мұхтар Дәлелханұлы мен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Марат Байкамуров арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойынша Мұхтар Дәлелханұлы қола белбеу иегері атанды.
1 орын – Ғалымжан Қырықбай (Әскер барысы, 145 кг), 25 млн теңге.
2 орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы, 155 кг ), 5,5 млн теңге.
3 орын –Мұхтар Дәлелханұлы (Павлодар облысы, 115 кг), 1,8 млн теңге.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске сала кетейік, елордада Астана күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирі өтті. Жарысқа өңірлерде іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Қазақстан барысы – 2023» финалына жолдама алған мықты палуандар қатысты. Қазақ күресінен республикалық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келеді.
Әр өңірден екі спортшыдан қатысты, олар абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Биыл қатысушылардың жалпы саны – 41 палуан: әр өңірден екі спортшыдан, сондай-ақ «Әскер Барысы» күш құрылымдары арасындағы турнирдің және өткен жылғы іріктеудің жеңімпаздары қатысты.
Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ серіктестер қатарында «Sport Qory» спортты қолдау қоры және «Сәтті Жұлдыз» АҚ.