Ғалымдар жаңа материал ойлап тапты: енді гель арқылы артритті емдеуге болады
Кембридж университетінің биоинженерлері мен химиктері ағзадағы ең ұсақ биохимиялық өзгерістерді тіркеп, дәріні ауру ошағына дәл жеткізетін жұмсақ материал жасады. Бұл артритті – буындарды зақымдайтын қабыну ауруын емдеудің жаңа әдісін ұсынуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Материалдың ерекшелігі
Жаңа медициналық гель ортадағы қышқылдық деңгейінің (pH) өзгеруіне жауап береді: дәл қажетті сәтте қабынуға қарсы препараттарды босатады. Оның әсер ету механизмі ағзаның табиғи реакциясына негізделген.
Қабынған буындарда pH деңгейі сау тіндерге қарағанда төмендейді, яғни қышқылдық артады. Соның нәтижесінде материал құрылымын өзгертіп, жұмсақ әрі иілгіш бола бастайды. Бұл өзгеріс гельге дәріні босатуға сигнал береді. Әрі реакция тек белгілі бір pH диапазонында жүретіндіктен, емдеу тек қабынған жерге бағытталады. Бұл жанама әсерлердің қаупін айтарлықтай азайтады.
Біз біраз уақыттан бері осы материалдарды буындарда қолдануға қызығып жүрміз, өйткені олардың қасиеттері шеміршекке ұқсайды, - дейді зерттеушілер.
Тәжірибе барысында ғалымдар дәрінің орнына флуоресцентті зат қолданған. Нәтижесінде қышқылдығы жоғары ортада, яғни ауырған буынды имитациялаған жағдайда, материал маркерді әлдеқайда көбірек бөлген.
Қандай мүмкіндіктер бар?
Зерттеушілердің айтуынша, технологияның әлеуеті кең: материалдың химиялық құрамын өзгерту арқылы оны әртүрлі ауруларды емдеуге бейімдеуге болады.
Бұл технология – бірнеше күннен бірнеше айға дейін әсер ететін дәрілерді жасауға мүмкіндік беретін әмбебап платформа, – дейді ғалымдар.
Келесі қадам – материалды тірі организмде сынап, оның қауіпсіздігі мен терапиялық тиімділігін бағалау. Ғалымдар бұл тәсіл жаңа буын «ақылды» биоматериалдардың бастамасына айналатынына сенімді. Әзірге клиникалық сынақтар алда тұрғанымен, технология артритті және қатерлі ісік секілді басқа да бірқатар ауруды емдеуде қолданыс табуы мүмкін.

