Ғалымдар ыстықта жұқарып, суықта ісінетін «ақылды» күртеше ойлап тапты
Ғалымдар «ақылды» күртеше ойлап тапты. Адамның ыстықтағанын байқаса, күртеше бірден жұқарады, ал суықта – қалыңдайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қалыңдығы 13 миллиметрден 2 миллиметрге дейін өзгеріп отырады. Мұны іске қосатын тетік – адамның терісі.
Science.org мәліметінше, бұл қасиетке күртешедегі ерекше толтырғыш – бактериялық целлюлоза себепкер.
Сырттай қарағанда, ол кәдімгі қыстық күртеше сияқты. Бірақ оны басқа «ақылды» гаджеттер секілді қуаттап отырудың қажеті жоқ. Материалдың өзі денеден бөлінген ылғалға сезімтал: сол арқылы қалыңдығын өзгертіп, адамға ыңғайлы жағдай жасайды.

Сурет: science.org
Құрғақ кезде целлюлозадан жасалған мембрана иілген қалыпта болады, бұл матаның қабаттары арасында ауа жиналуына мүмкіндік беріп, жылуды сақтайды. Ал адам терлеп, ылғал пайда болғанда, мембрана тегістеліп, ауа қалталары жойылады да, дене тезірек салқындайды. Қайта суық тигенде ылғал буланып кетеді, мембрана қайта иіледі, куртка қалыңдап, жылу сақтай бастайды.
Материал қанша уақытқа шыдайды?
Сынақ нәтижесінде бұл сырт киімнің кемінде 200 рет осылай өзгеріс жасап, өз қасиеттерін жоғалтпайтыны дәлелденді. Тестілеу зертханада ғана емес, түрлі климаттағы 20 қалада жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің үстінде өткізілді. Нәтижесінде «ақылды» күртеше кәдімгі маталарға қарағанда дене температурасын 82,8% тиімді реттейтіні анықталды.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық далада көп уақыт өткізетін курьерлерге, санитарлық қызмет, полиция және басқа да мамандық иелеріне үлкен көмек болады: енді ауа райына «дұрыс киінбей қалдым ба?» деп уайымдаудың қажеті жоқ.

Сурет: science.org
Алда әлі қосымша сынақтар күтіп тұр – куртканы экстремалды ауа райында және ұзақ мерзімді тозуға төзімділігін тексеру қажет. Сондықтан қасыңыздағы адамның денесі кенет ісініп кеткендей көрінсе, қорқудың қажеті жоқ: бәлкім «ақылды» күртеше жұмыс істеп тұрған болар.

