Ғалымдар некенің бақыт деңгейіне қалай әсер ететінін анықтады
Халықаралық ғалымдар тобының зерттеуіне сәйкес, отбасылы ересектер өздерінің физикалық және психологиялық жағдайын бойдақтарға қарағанда әлдеқайда жақсы деп бағалайды. Алайда отбасылық өмірдің өмірге қанағаттану деңгейіне әсері мәдени контекстке тікелей байланысты болып шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижелері Personal Relationships ғылыми журналында жарияланған.
Мамандар АҚШ-тағы Midlife in the U.S. (MIDUS) және Жапониядағы Midlife in Japan (MIDJA) атты екі ұлттық зерттеудің деректерін талдаған. Зерттеуге 30 жастан асқан 4 746 адам қатысқан. Талдауға тек ресми түрде үйленген немесе ешқашан некеде болмаған қатысушылар енгізіліп, азаматтық не романтикалық қарым-қатынастағы адамдар есепке алынбаған.
Бірінші кезеңде қатысушылар отбасынан алатын қолдау мен қарым-қатынастағы шиеленіс деңгейін бағалаған. Бірнеше жылдан кейін өткен екінші кезеңде олар өздерінің денсаулығы мен өмірге қанағаттану деңгейі туралы мәлімет берген.
Нәтижесінде АҚШ пен Жапониядағы бойдақ қатысушылардың денсаулық және өмір сапасы көрсеткіштері отбасылы адамдарға қарағанда төмен болған. Бұл тұжырым бұған дейінгі көптеген зерттеулермен де сәйкес келеді – некеде тұрған адамдардың әл-ауқаты жоғары болатыны бұрыннан белгілі.
Зерттеу авторы, Сингапур менеджмент университетінің профессоры Лестер Симның айтуынша, бұл мәліметтер қоғамдағы неке туралы қалыптасқан әлеуметтік нормалардың әлі де күшті екенін көрсетеді.
АҚШ-та да, Жапонияда да бойдақтар қолдауды азырақ сезінетінін айтты. Жалғыздық бүгінде қалыпты құбылысқа айналып келе жатқанына қарамастан, ол әлі де әлеуметтік және эмоциялық шығындармен байланысты, – дейді ғалым.

