Ғалымдар махаббат сезімін болжайтын жасанды интеллект моделін жасады
Бен-Гурион университетінің (Израиль) ғалымдары машиналық оқытуға негізделген модель әзірледі. Ол танысу қосымшаларының жұмысына ұқсас жағдайда адамның романтикалық тартылысын жеткілікті жоғары дәлдікпен болжай алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижелері Computers in Biology and Medicine (CBM) журналында жарияланды. Зерттеуге 23-тен 32 жасқа дейінгі 61 студент қатысты. Олар ықтимал серіктестердің суреттерін қараған кезде ми белсенділігі электроэнцефалография (ЭЭГ) арқылы тіркелді. Кейін қатысушылар өздеріне кімнің ұнағанын белгілеп, сол адамнан «кері байланыс» алды (шын мәнінде бұл жауаптар жасанды түрде имитацияланған). Осылайша ғалымдар танысу сервистерінің негізгі принципі – тартылыс пен ықтимал бас тартуды қайта жаңғыртты.
Машиналық оқыту алгоритмдері мидың электрлік белсенділігін талдады. Соның арқасында симпатия реакциясын 71,3%, ал бас тарту реакциясын 81,3% дәлдікпен болжау мүмкін болды. Әсіресе аз адамды тартымды деп белгілеген «талғампаз» қатысушыларда нәтижелер айқынырақ көрінген. Ғалымдар мұны олардың нейрондық сигналдарының анағұрлым күшті әрі айқын көрінуімен түсіндіреді.
ЭЭГ-сигналдарды талдау арқылы танысу қосымшаларындағы пайдаланушының әрекетін – оңға немесе солға «свайп» жасайтынын алдын ала болжауға болады. Бұл оның эмоцияларын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, яғни ол тартылыс сезімін бастан кешіріп отыр ма, әлде жағымсыз сезімдерді ме, соны анықтауға жол ашады, – деп атап өтті зерттеу авторлары.

