Ғалымдар деменция кезінде ми пішіні қалай өзгеретінін анықтады
Мидың пішінінің жас ұлғайған сайын өзгеруі деменция (есте сақтау қабілетінің әлсіреуі) даму қаупімен байланысты болуы мүмкін. Калифорния университетінің (UC Irvine) және Испаниядағы Ла-Лагуна университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижелері Nature Communications (NatCom) журналында жарияланған.
Ғалымдар 30 бен 97 жас аралығындағы 2 600-ден астам адамның миының МРТ кескіндерін талдап, мидың уақыт өте қалай өзгеретінін және бұл процестің когнитивтік тест нәтижелерімен байланысын зерттеген. Нәтижесінде, мидың пішіні біркелкі өзгермейтіні анықталған: кей аймақтар кішірейсе, кей бөліктер, керісінше, кеңейеді. Ал когнитивтік қабілеті төмен адамдарда бұл деформация айқынырақ байқалған.
Біз мидың үшөлшемді пішіні жас ұлғайған сайын жүйелі түрде өзгеретінін және бұл өзгерістер адамның жад пен ойлау қабілетіне айтарлықтай әсер ететінін анықтадық, - дейді Ла-Лагуна университетінің нейробиологы Нильс Янссен.
Зерттеушілер энторинальді қыртысқа ерекше назар (entorhinal cortex) аударды, себебі бұл аймақ жадыны реттеуде маңызды рөл атқарады. Альцгеймер ауруы кезінде ең алдымен зақымданатын да осы бөлік. Ғалымдардың пікірінше, мидың жасқа байланысты пішіндік өзгерістері осы әлсіз аймаққа қысым түсіріп, улы ақуыздардың жиналуына және жасушалардың зақымдануына жағдай туғызуы мүмкін.
Егер қартаю кезінде мидың пішіні өзгеріп, энторинальді қыртыс «қысылып» қалса, бұл оның неліктен Альцгеймер ауруының алғашқы ошағына айналатынын түсіндіреді, - дейді UC Irvine университетінің нейробиологы Майкл Ясса.
Зерттеудің нәтижелері болашақта нейродегенеративті ауруларды (ми жасушаларының өлуімен байланысты сырқаттар) ерте диагностикалау тәсілін өзгертуі мүмкін. Ғалымдар ми геометриясын түсіну – деменцияның салдарын емес, оның алғашқы белгілерін анықтауда шешуші рөл атқара алады деп есептейді.

