©Pixabay.com

Ғалымдар бөтелкедегі судың денсаулыққа неге қауіпті екенін анықтады

Монреальдағы Конкордия университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, бөтелкедегі су құрамындағы микропластиктің әсерінен денсаулыққа әлдеқайда зиян екені дәлелденді. Бұл туралы Journal of Hazardous Materials ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мамандардың айтуынша, микропластик бөлшектері адам ағзасындағы биологиялық тосқауылдардан өтіп, қанға және өмірлік маңызды мүшелерге жетуі мүмкін.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, адам жыл сайын орта есеппен 39-52 мың микропластик бөлшегін жұтады, ал бөтелкедегі суды жиі ішетін адамдардың ағзасына 90 мыңға дейін артық бөлшек түсуі ықтимал.

Ғалымдар бұл бөлшектердің күн сәулесінің әсерінен немесе температура ауытқуынан, яғни суды өндіру, сақтау және тасымалдау кезінде пластик ыдыстан бөлініп шығатынын айтады.

Зерттеу авторы Сара Саджеди:

Мәселе бірден байқалмайды. Микропластик ағзаны баяу әрі байқатпай улайды, – дейді ол.

Оның айтуынша, микропластик ұзақ мерзімді әсері созылмалы қабынуларға, гормоналды теңсіздікке және жүйке жүйесінің бұзылуына алып келуі мүмкін.