gtn-pravda

Ғалымдар бақытты өмір сүрудің екі негізгі факторын атады

Канададағы Квебек және Монктон университеттерінің ғалымдары адамның өмірін бақытты ететін басты психологиялық факторларды анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мамандардың айтуынша, қызықты іспен айналысуға деген құштарлық және рутиналық міндеттерді орындауға өзін-өзі ынталандыра білу қабілеті - адамның ішкі қанағат сезімін қамтамасыз ететін басты тетіктер.

Ғалымдар бірнеше жыл бойы бес тәжірибе жүргізіп, оған орта жастағы адамдарды алған. Зерттеу барысында сауалнамалар, күнделікті жазбалар және ұзақ мерзімді бақылау әдістері қолданылды. Мақсат - қатысушылардың құштарлық деңгейін, өзін-өзі реттеу қабілетін, эмоциялық жағдайын және жалпы өмір сапасын бағалау еді.

Нәтижесінде күнделікті өмірде үйлесімді құштарлық пен өзін-өзі мотивациялау сезімін бастан кешірген адамдардың көңіл-күйі жоғары әрі өмірге деген қанағат деңгейі басқаларға қарағанда айқын болғаны анықталды.

Зерттеу көрсеткендей, бақытты өмірге деген тұрақты сезімді қалыптастыру үшін шамамен алты ай уақыт қажет. Осы кезеңде адам өзіне ұнайтын істер мен күнделікті тұрмыстық міндеттер арасында тепе-теңдік сақтауы тиіс.

Мамандардың пікірінше, адамның кем дегенде бір сүйікті ісі немесе хоббиі болуы маңызды. Себебі дәл осындай тұрақты қызығушылық адамның эмоционалды тұрақтылығын арттырып, өмір сапасын жақсартады екен.