©Pixabay.com

Ғалымдар ақырзаман қашан болатынын айтты

Ақырзаман жайлы түрлі пікір болғанымен, ғалымдар бұл құбылыстың жауабын ғылымнан іздеп келеді. Зерттеушілер ғалам түгелдей қашан және қалай жойылатынына болжам жасады. Бұл туралы bgr.com сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Жаңа зерттеуге сәйкес, ғалам алдағы 7 миллиард жыл ішінде кеңеюін тоқтатып, қайта кішірейе бастайды. Бұл құбылыс ғылымда «Үлкен жиырылу» (Big Crunch) деп аталады. Яғни барлық материя мен энергия өзінің ішіне құлап, ғалам толықтай күйрейді.

Аталған зерттеу Корнелл университеті, Шанхай Цзяо Тун университеті және басқа да бірнеше ғылыми мекемелердің физиктері тарапынан жарияланған. Ғалымдар Dark Energy Survey секілді бірнеше астрономиялық жобалардан алынған деректерді пайдалана отырып, ғаламның болашағына қатысты жаңа модель әзірлеген. Бұл модель бойынша ғалам Үлкен Жарылыстан (Big Bang) кейін шамамен 33,3 миллиард жылдан соң жойылады.

Ғалымдар бұл болжамға сүйене отырып, кері есепті бастады. Қазіргі таңда ғаламның жасы шамамен 13,8 миллиард жыл деп есептеледі. Жаңа теория бойынша ғалам толықтай күйрегенше 20 миллиард жылдай уақыт бар.

Зерттеушілердің айтуынша, ғалам әлі 7 миллиард жылдай кеңеюін жалғастырады, одан кейін кішірейіп, барлық материя бір нүктеге дейін құлайды. Бұл – барлық нәрсенің жойылуына әкелетін құбылыс.

Ғаламды жай резеңке сияқты елестетуге болады: ол кеңейген сайын созылады. Бірақ бір сәтте созылу мүмкіндігі шектеліп, керісінше, тартылыс күші басымдыққа ие болып, бәрін қайта өзіне тартып, «жиырылып» қалады.

Бұл сценарий қорқынышты әрі қайғылы көрінгенімен, біз үшін алаңдайтын ештеңе жоқ – бұл оқиға адамзат өмір сүріп жатқан кезеңге қатысы жоқ. Оның үстіне бұл теория – әлі де болжам деңгейінде.