Ғалымдар: АҚШ-та жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін
АҚШ аумағында жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін. Бұған Калифорния, Орегон және Вашингтон штаттарының жағалауындағы тектоникалық плитаның жарығы себеп болуы ықтимал. Бұл туралы New York Times (NYT) басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Калифорниядағы Сан-Андреас жарығы аймағындағы жойқын жер сілкінісі қаупі бұрыннан белгілі және ғалымдардың үрейін тудырады. Алайда Каскадия субдукция аймағындағы жарық мамандарды одан да қатты алаңдатып отыр, - деп жазылған мақалада.
Ғалымдардың айтуынша, Хуан-де-Фука тектоникалық плитасы екі басқа плитаның арасында қысылып тұр, сондықтан орасан зор кернеу жинақталған. Бұл жағдай жаңа жарықтардың түзілуіне және жойқын сілкіністерге әкелуі мүмкін.
Бұған дейін қыркүйек айында АҚШ-қа тиесілі Алеут аралдары маңында жер сілкінісі болған. Ол Аляскадағы Николський елді мекенінен оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырым қашықтықта тіркелген. Жерасты дүмпулерінің тереңдігі 10 шақырым болса, магнитудасы 6 балл шамасында болған.

