©Pixabay.com

Ғалымдар Альцгеймерді дыбыспен емдеу әдісін зерттеп жатыр

Қытайлық ғалымдар жүргізіп жатқан жаңа зерттеу әзірге бастапқы кезеңде болғанымен, нейродегенеративті ауруларды, соның ішінде деменцияның ең кең таралған түрі ­– Альцгеймер ауруын емдеуде тың бағыттың пайда болуына үміт сыйлап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Дыбыстың, әуеннің немесе табиғи шудың (мысалы, жапырақтың сыбдыры) адам ағзасына оң әсері бар екені ежелден белгілі. Дыбыспен емдеу жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, қан қысымын төмендетуге, ауырсынуды азайтуға көмектесетіні дәлелденген. Енді осы тізімге Альцгеймер ауруын емдеу мүмкіндігі де қосылуы ықтимал.

Ғалымдардың айтуынша, Альцгеймер ауруының алғашқы белгілері пайда болудан бірнеше жыл бұрын адамның миында β-амилоидты бляшкалар түзіле бастайды. Бұл бляшкалар ми жасушалары арасындағы байланысты бұзып, уақыт өте келе есте сақтау қабілетінің төмендеуіне және когнитивті функциялардың әлсіреуіне әкеледі.

Оқи отырыңыз:

Әдетте ми қажетсіз ақуыздар мен зат алмасу өнімдерінен лимфа жүйесі арқылы өздігінен тазарады. Алайда жас ұлғайған сайын бұл қабілет әлсірейді. Бұған дейін кеміргіштерге жүргізілген зерттеулерде физикалық стимуляцияның 40 герц жиілігі осы тазарту механизмін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бергені анықталған. Дегенмен бұл әдіс адам миында қаншалықты тиімді деген сұрақ ашық күйінде қалған еді. Себебі кеміргіш пен адам миының құрылысы айтарлықтай ерекшеленеді.

Осы мәселені нақтылау үшін Қытай ғылым академиясына қарасты Куньмин зоология институтының ғалымдары жаңа зерттеу жүргізіп, әдісті тоғыз қарт маймылға сынақтан өткізді.

Дыбыс Альцгеймерге қарсы

Эксперимент аясында жануарларға бір апта бойы күн сайын бір сағат көлемінде 40 герц жиілігіндегі дыбыстар тыңдатылған. Нәтижесінде жұлын-ми сұйықтығындағы β-амилоид деңгейі 200 пайызға артқаны анықталды. Бұл мидың зиянды заттарды шығару қабілеті едәуір жақсарғанын білдіреді.

Ең маңыздысы, бір апталық есту стимуляциясының әсері бес апта бойы сақталған. Бұл әдістің қысқа мерзімді емес, ұзаққа созылатын ықпалы болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Соған қарамастан зерттеу авторлары асығыс қорытынды жасауға болмайтынын ескертеді. Біріншіден, тәжірибе қысқа мерзімді және қатысушылар саны аз. Екіншіден, дыбыстық терапияны Альцгеймерді емдеудің тиімді әрі қауіпсіз әдісі деп тану үшін адамдарға жүргізілетін клиникалық сынақтар қажет.

Дегенмен ғалымдар бұл зерттеу нейродегенеративті ауруларды емдеудің мүлде жаңа, инвазивті емес бағытына жол ашуы мүмкін екенін атап отыр. Егер алдағы сынақтар сәтті өтсе, дыбыспен емдеу Альцгеймермен күрестегі маңызды құралға айналуы ғажап емес.

Бұған дейін Альцгеймер ауруы мен музыканың байланысы анықталған еді.