Ғалымдар Альцгеймер ауруы мен музыканың байланысын анықтады
Ән айту мен музыка тыңдау — тек көңіл көтерудің құралы ғана емес. Ғалымдардың айтуынша, ол есте сақтауды жақсартып, тіпті Альцгеймер сияқты нейродегенеративті аурулардың белгілерін жеңілдетуге көмектеседі. Музыка эмоцияны күшейтіп, жадты бекітіп, адамға ұмытылған ақпаратты қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді, деп жазады El.kz интернет порталы.
Кейде адамдар күнделікті тұрмыстық ұсақ-түйекті, мысалы, көліктің кілтін қайда қойғанын есіне түсіре алмайды. Бірақ солардың өзі бірнеше жыл бұрын тыңдаған әннің мәтінін бұлжытпай айтып бере алады. Ғалымдар мұндай құбылыстың құпиясын ашуға тырысып жүр.
Музыка неге есте сақтауға көмектеседі?
Музыка — ежелден бері мнемоникалық құрал, яғни ақпаратты жаттап алудың тәсілі ретінде қолданылған. Жазу пайда болмай тұрып-ақ, адамдар әуен арқылы тарихты, аңыздарды, маңызды оқиғаларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Бүгінде де әуен арқылы әліппені, көбейту кестесін, тіпті химиялық элементтердің ретін есте сақтаймыз.
Мұның бірнеше себебі бар:
-
Ритм мен ырғақ сөздердің ұзындығы мен құрылымын алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл ақпаратты жүйелі түрде жаттап алуды жеңілдетеді.
-
Мелодия мәтінді мағыналық бөліктерге бөледі. Осылайша, адам ұзақ мәтінді тұтас қабылдап, есте сақтай алады.
-
Рифма мен дыбыстық үйлесім ақпаратты тағы да жеңілдетіп, жаттау процесін жылдамдатады.
Жады түрлері және ән айту
Әнді көп қайталау арқылы ол имплицитті жадқа (бейсаналық есте сақтау түріне) ауысады. Бұл процесс велосипед тебу немесе жүру сияқты автоматты дағдыларға ұқсайды. Яғни әнді айту процедуралық жадпен байланысып, адамға оны қайта жаңғырту оңайырақ болады.
Эмоция мен есте сақтау
Ән бізге кітап немесе фильмге қарағанда жиірек әсер етеді. Қайта тыңдаған сайын бұрынғы эмоция қайта жанданып, ақпаратты миға берік орнықтырады. Зерттеулерге сүйенсек, эмоция күшейген сайын есте сақтау да жақсара түседі. Демек, әуенге байланыстырылған мәтін жадта ұзақ сақталады әрі қажет кезде оңай еске түседі.
Ғылымға пайдасы
Дегенмен, алғашқы рет тыңдағанда әрі әуенді, әрі мәтінді бірден есте сақтау миға ауыр тиеді. Бірақ бірнеше қайталаудан кейін керісінше әсер байқалады — таныс әуен мәтінді жаттауды әлдеқайда жеңілдетеді.
Бұл құбылыстың медицинадағы маңызы зор. Ән айту мен музыка тыңдау Альцгеймер дертіне шалдыққан және жүйке жүйесінің басқа да ауруларына ұшыраған адамдарға көмектеседі. Олар ән арқылы сөздерді, сөйлемдерді жақсырақ есте сақтап, когнитивтік қабілеттерін ұзағырақ сақтай алады. Бұл өз кезегінде науқастың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

