Наталия Коваль

Ғалымдар алғаш рет дем алатын, терлейтін және дірілдейтін робот жасады

АҚШ-тағы Thermetrics компаниясы мен Аризона штаты университетінің (ASU) зерттеушілері алғаш рет адам физиологиясын барынша дәл бейнелейтін роботты жасап шығарды. Бұл ерекше робот ANDI деп аталады — ол дем алады, терлейді және суықта дірілдей алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ANDI роботы - 35 жеке басқарылатын тері бөліктері бар, әрқайсысында адамның тер бездері сияқты порлары бар озық технологиялық манекен.

ASU ғалымдары осы қыста роботты қатты суық аймақтарда сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Зерттеудің басты мақсаты - температураның адам ағзасына қалай әсер ететінін нақты жағдайларда анықтау.

Мамандардың айтуынша, бұл ғылымдағы үлкен серпіліс, себебі ANDI – ашық ауада пайдалануға болатын алғашқы жылулық манекен. Бұған дейін мұндай зерттеулер тек зертханалық жағдайда ғана мүмкін болған. Енді ғалымдар күн радиациясының және шектен тыс ыстықтың адам денесіне әсерін табиғи ортада зерттей алады.

Қазіргі таңда әлемде осындай 10 манекен бар. Олардың көбі спорттық киім өндіруші компанияларға тиесілі және киім үлгілерін сынауға пайдаланылады. Алайда ASU университетінің ANDI моделі - ғылыми зерттеу мақсатында қолданылып жатқан санаулы нұсқалардың бірі.

Зерттеушілер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жазда олар ANDI-ді биометеорологиялық робот MaRTy-мен біріктіріп, адам ағзасындағы жылу алмасу мен терлеу механизмдерін тереңірек зерттемек.