Ғалымдар адамдардың өмір сүру ұзақтығын 150 жасқа жеткізетін таблетка жасады
Қытай ғалымдары жаңа технология арқылы қартаю туралы түсінігімізді өзгертуі мүмкін. Шэньчжэньдегі Lonvi Biosciences стартапы: «ұзақ өмір сүру – енді ғажайып емес, уақыт еншісіндегі мәселе» деп мәлімдейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Компания жүзім сүйектеріндегі қосылыс – процианидин C1 (PCC1) негізінде қартаюға қарсы таблеткалар жасап шығарған. Шанхай зерттеушілерінің мәліметінше, бұл зат тышқандардың өмірін 9,4%-ға ұзартқан, ал белсенді қартаю кезеңін 64%-ға арттырған.
Бірер жылдан соң 150 жасқа дейін өмір сүру шындыққа айналады, – дейді Lonvi Biosciences компаниясының техникалық директоры Лю Цинхуа.
Препараттың басты мақсаты – «зомби-жасушаларды» жою. Бұл – бөлінуді тоқтатқан, бірақ табиғи түрде жойылмай, ағзада қалып қоятын зақымданған жасушалар. Олар қабынуды күшейтіп, қартаюды жеделдетеді.
Бұл қарапайым таблетка емес – бұл ұзақ өмір сүрудің қасиетті Граалі, – деп толықтырды компанияның бас директоры Ип Чжо.
Бұған дейін Қытайдағы ұзақ өмір сүру индустриясы псевдоғылымға жақын сала деп саналатын. Ал бүгінде мемлекеттік инвестициялар мен жеке капиталдың қызығушылығының арқасында ол жылдам дамып келе жатқан табысты медициналық бағытқа айналған.
NYT мәліметінше, ауқатты қытайлар арасында өмірді ұзартуға ұмтылу кеңінен тарап жатыр, бұл тенденция бұрын негізінен АҚШ-қа тән болатын.
Қытайдағы орташа өмір сүру ұзақтығы қазір 79 жасқа жеткен – бұл әлемдік көрсеткіштен бес жыл жоғары. Бірақ ел амбициясы бұдан да биік сияқты.

