Ғалымдар адам ағзасында қартаю үдерісі қашан жеделдейтінін анықтады
Мөлдір Қайнар тілші
Адам ағзасындағы қартаю процесі белгілі бір кезеңдерде күрт жылдамдайды, дейді ғалымдар. Жаңа зерттеуге сәйкес, бұл үдемелі өзгерістер шамамен 50 жас шамасында байқала бастайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Nature порталы жазды.
Қартаю үдерісіндегі «бетбұрыс кезеңі»
25 шілдеде Cell журналында жарияланған зерттеу нәтижесінде, кейбір ұлпалар, әсіресе қан тамырлары, басқа мүшелерге қарағанда тез қартаятыны анықталған. Сондай-ақ қартаю үдерісін жеделдететін молекулалар да байқалған.
Зерттеу нәтижелері бойынша, қартаю — бірқалыпты жүретін үдеріс емес, ол белгілі бір кезеңдерде күрт өзгерістермен сипатталады. Дегенмен, бұл үдерісті нақты бір жаспен шектеу үшін әлі де кең көлемді зерттеулер қажет, деп санайды Германиядағы Йена қаласындағы Фриц Липпман атындағы Лейбниц Қартаю институтының зерттеушісі Майя Олецка.
Жастық өзгерістердің толқындары болады. Бірақ олардың нақты қашан басталатыны туралы біржақты қорытынды жасау әзірге қиын, — дейді ол.
Қандай мүшелер тез қартаяды?
Бұған дейінгі зерттеулер түрлі мүшелер әртүрлі жылдамдықта қартаятынын көрсеткен. Осыны тереңірек зерделеу үшін Қытай ғылым академиясының ғалымы Гуанхуэй Лю және оның әріптестері 14 пен 68 жас аралығындағы қытайлық 76 адамның мүшелерінен алынған ұлпа үлгілерін зерттеген. Бұл адамдар бас сүйек-ми жарақаты салдарынан қайтыс болған.
Ғалымдар ағзаның сегіз жүйесіне жататын мүшелерден (жүрек-қан тамырлары, иммундық, ас қорыту жүйелері және т.б.) алынған ұлпалардағы белоктар жиынтығын анықтап, ақуыздық компендиум құрастырған.
Ең көп өзгеріс — қан тамырларында
45 пен 55 жас аралығында айтарлықтай өзгерістер байқалған. Ең үлкен өзгеріс аортада – жүректен оттегіге бай қанды тарататын негізгі артерияда тіркелген. Ғалымдар аортада өндірілетін бір белоктың тышқандарға енгізілгенде жедел қартаю белгілерін тудырғанын анықтаған.
Зерттеушілердің айтуынша, қан тамырлары қартаю молекулаларын бүкіл ағзаға таратып, негізгі «тасымалдаушы» рөл атқарады.
Адам ағзасы – күрделі механизм. Ал кейбір бөлшектері тезірек тозады. Қай мүшенің көбірек зақымданатынын түсіну арқылы біз сау қартаюға ықпал ететін тәсілдерді әзірлей аламыз, — дейді Майкл Снайдер, Стэнфорд университетінің генетигі.
Қартаю кезеңі туралы алдыңғы зерттеулер
Снайдер және оның әріптестері 2023 жылы жүргізген зерттеу нәтижесінде қартаюдағы екі негізгі кезең – 44 жас пен 60 жас шамасы анықталған. Ал кейбір басқа зерттеулерде 80 жаста да жедел қартаю белгілері байқалатыны айтылған.
Зерттеу нәтижелеріндегі алшақтықтар әртүрлі халық топтарын, әдістер мен үлгілерді қолдануға байланысты болуы мүмкін, – дейді Гуанхуэй Лю.
Майя Олецканың айтуынша, қазіргі таңда ғалымдар егде және жас топтарды салыстырудан гөрі, уақыттық өзгерістердің нақты картасын жасауға көбірек көңіл бөле бастады. Бұл әдіс жасқа байланысты өзгерістердің шынайы динамикасын жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
Біз бұл өтпелі кезеңді не іске қосатынын әлі нақты білмейміз. Бұл — зерттеуді қажет ететін өте қызықты бағыт, — деп қорытындылады Олецка.

