Жаңалықтар

Ғалымжан Молданазар: Бізге шынайылық пен ізденіс жетіспейді

Үнін тыңдап көр, жүрегімнің біртүрлі...
13.10.2016 06:04 10633

Ғалымжан Молданазар: Бізге шынайылық пен ізденіс жетіспейді

Ғалымжан Молданазар – қазақ сахнасына жаңа леп әкелген әнші. Ол қазақ эстрадасының тыңдармандарына таңсықтау синти-поп, брит-поп, рок, инди-поп жанрларында ән салады. Ғалымжан тілшілерге сирек сұхбат беретіндіктен, онымен тілдесу бізге оңай соқпады. Уақыттың тарлығына байланысты, небәрі 20 минутқа сыйған қысқа да нұсқа сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Ғалымжан, жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз. Продюсеріңіз «Гәкку» арнасына «Наурызда қызық болады. Күтіңіздер!» деген екен.

– Наурыз қызық өтті ғой (күлді).

– Жоқ, сіздің шығармашылығыңыздағы жаңалық туралы айтқан сияқты.

– Ешқандай нәрсені ойдан құрастырмай-ақ қояйын. Қазір бір әнжинақ дайын тұр. Оған кіретін әннің 70 пайызы дайын. Ең соңғы жұмыстары ғана қалды.

– Альбомды қалай атағалы отырсыз? Оған қандай әндер кіреді?

– Шыны керек, әлі таңдаған жоқпын. Бағыты – электронды синти-поп. Негізі, бұдан бұрын рок-музыкамен айналысқанмын. Бірақ, жұрт мені синти-поп әншісі ретінде танығандықтан, соған назар аудардым. Қазір концерт беріп, қаражат жинау үстіндеміз. Альбомды шетелде өңдесек деген ойымыз бар. Сапасы әлемдік стандартқа сай болса екен дейміз. Негізі, әнжинақтың дайын тұрғанына бір жыл болды. Бұйырса, биыл жарыққа шығады деп жоспарлап отырмыз.

– Таныстырылымы қайда өтеді?

– Бұйырса, Еуропада.

– Келіссөздер жүргізіліп жатыр ма қазір?

– Еуропаның біраз студияларымен хабарласып, бағасын, басқа да детальдарын нақтылап жатырмыз. Франция астанасы Париждегі бір студия бізге жеңілдік жасаймыз деп шақырып отыр. Шамамыз жетсе, сол жаққа барсақ па деген ойымыз бар.

– Үнемі «Инстаграмда» өзіңіз жаңа әндеріңіздің үзінділерімен бөлісіп отырасыз. Ал біз әлі күнге дейін «Ақпен бірге», «Алыстама», «Берік бол», «Кім ол?», «Ұмытшы мені» сияқты әндеріңізді тыңдап келеміз. Сонда әлгінде айтқан әнжинағыңыз жарық көргенше, біз жаңа ән тыңдай алмаймыз ба?

– Иә, альбом дайын болғанда, бір-ақ тыңдайсыздар.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде «2016 жылы өзімнің тобыммен бірге Ресейде концерт беремін» деген екенсіз.

– Қазір мен үшін ең басты мақсат әнжинақты аяқтау болып отыр. Содан соң, Ресей не басқа елдерге турды жоспарлай беруге болады.

– Былтыр АҚШ-қа барып, «Break of reality» тобымен өнер көрсетіп келдіңіз. Америка әсерлерімен бөлісіңізші.

– Жалпы, Америка бізден бұрын дамып кеткен мемлекет қой. Жақсы әсер алдым. Менің бір түсінгенім, ешкім ешкімнен артық не кем емес. Бәрі  – тура өзіміз сияқты адамдар. Тек жұмысқа деген көзқарастары дұрыс. Өнерді бағалай біледі. Өнер адамдары да, тыңдармандары да қарапайым. Ал, біздікілер өмір мен өнерді ажырата алмайды. Бізде кішкене ерекшелеу бірдеңе істесең, сынның астында қаласың. Ал, АҚШ-та өнерді өнер деп қабылдайды. Өнер деген – өмірдегі нәрсені, адамның ішкі дүниесін әдемілеп жеткізу. Шығармашылық адамының өмірдегі және өнердегі келбеті екі бөлек.

Фото авторы:Қанат Бейсекеев

– Жеке шығармашылығыңызға 2013 жылдан бастап ден қоя бастадыңыз.

– Дәл солай.

– Тыңдарманнан қазіргідей реакцияны күттіңіз бе? Оның ішінде түсінбейтіндері де бар, мақтайтындары да бар, оңды-солды сын айтқандары да бар.

– Жалпы, мен ешнәрсе күтпейтін адаммын. Мен жоспар құрмаймын.

– Сонда тек өзіңіз үшін ғана сахнаға шықтыңыз ба? Сізге фанат керек болған жоқ. Солай ма?

– Оқушы кезімде жұлдыз болғым келді. Кейін Алматыға келіп, композитор ретінде әншілерге ән жазып, осы салада жұмыс істеп көргеннен кейін ойымнан айнып қалдым. Шыны керек, эстрада маған ұнаған жоқ. Бәрі жалған, фонограмма, барлығы өтірік...

– Нақтырақ айтқанда, біздің эстрада...

– Иә. Маған негізі жанды дауыста ән салатын әншілер мен «тірідей» ойнайтын топтар ұнайды. Оқырмандар менсінбей отыр деп қате түсініп қалмаса екен: дәстүрлі музыканы да, эстраданы да кішкентайымнан тыңдап өскендіктен, ешқайсысын бөліп-жармаймын. Менің ойымша, өнерде алдамшы нәрселер болмауы керек. Мысалы, фонограммаға адал ақша емес, фальш ақша төлеңіз. Дұрыс қой?!

Әнші деген кім? Ән айтатын адам. Ендеше, оның сахнаға шығып, аузын құр жыбырлатқанының не пайдасы бар? Демек, ондай адамдарды әнші емес, басқаша атпен атау қажет. Дәл осы себептермен 2013 жылы эстрададан кетіп қалдым. Көп жердің талабы фонограмма екен. Топпен «тірідей» ойнауға барлығының айтатын сылтауы бір – техника көтере алмайды дейді.

Қарап отырсаңыз, бізде он жылдан бері бір сценарий қайталанып келеді. Жиырма шақты адам жиналып алады да, «фонограмманы құрту керек» деп айта береді, айта береді. Біз, міне, фонограммаға қарсы қозғалысты бастадық. Бірақ, эстрададағы үлкен-үлкен телешоулар, концерттер «тірідей» ән салуға жағдай жасай алмайды.

– Қазір тек жанды дауыста ән салып жүрсіз. Тобыңызға барлық жерде дұрыс жағдай жасай алып отыр ма?

– Керемет деп айта алмаймын. Бірақ, соған тырысу керек қой. Сылтау ешқашан таусылмайды. Қазақ «еріншектің ертеңі бітпейді» дейді. Бізге осы процесті қазір бастау керек. Қиыншылықтар болмайды емес, болады. Бірақ, оған қарамау қажет.

Нью-Йоркте өнер көрсеткен кезде олардың техникасының жоғары деңгейіне қатты риза болдым. Сахнаға шық та, әніңді айта бер! Өзіңді естуің, жалпы, дыбыстың шығуы өте күшті. Бізде қашан осындай сахна, осындай дыбыс болады деп ойлағанда жылағың келеді...

Ғалымжан Молданазар: Бізге шынайылық пен ізденіс жетіспейді

– Біз, яғни, тыңдармандар да әртістердің тек жанды дауыста шырқағанын қалаймыз.

– Жалпы, қазіргі уақытта жанды дауыс мәселесіне қатысты қандай сылтау айтса да, ұят. Өйткені, ең мықты деген әлемдік жұлдыздардың ұстап жүрген телефоны бізде де бар. Сондықтан, сылтау айта бермей, жұмыс істегеніміз жөн болар.

– Шоу-бизнестен кетуіңізге тек фонограмма ғана себепші болды ма?

– ... Біз бір ғана бағытқа қадалып қалдық.

– «Той стайл»?

– Иә. «Тойың құтты болсын!», «Ұл-қызың көп болсын!», «Айналайын, ақ жеңешем»... Әннің бәрі осындай болып кетті. Негізі, ондай әнді айтатындар өздерінің әрекетін халықтың атымен қорғайды. «Бұл ән халқым үшін жазылған, халқым түсінеді» дейді. Халық үшін емес ол! Өзінің қалтасы үшін жазады.

«Ешқашан өнер адамын халық тәрбиелемеген. Керісінше, өнер адамы халықты тәрбиелеген. Ал, бізде бәрі кері қарай жүреді. Сондықтан, өтірік халықтың атын жамылады. Қазір өнер адамдары тыңдарманға жаңа дүние ұсынып, соны түсіндірудің орнына бір нәрсеге қадалып, тойдан ақша табудың жолына түскен. Олай болмайды. »

– Өзіңіз қазір тойға мүлдем бармайсыз ғой?

– Тойға бармағанда... Қалай айтсам болады? Жас жұбайлардың үлкен тойдан кейін болатын патилеріне ғана келісемін. Жалпы, өзіңіз байқағандай, менің репертуарымда рок әндер көп. Оны жұрттың бәрі бірдей қабылдай алмайтынын түсінемін. Мен де біреудің мерекесін құртып, көңілін түсіргім келмейді.

– Иә, қайсыбір жылы «Время» газетіне берген сұхбатыңызда бір тойда әлдебір ақсақал атып шығып, «мынау не айтып тұр?» дегенін айтқан екенсіз.

– Тойға бізді жас жұбайлар көп шақырады. «Әндеріңіз ұнайды» дейді. Мен «ренжіме, саған ұнағанымен, тойдағы жасы үлкен кісілер мұны түсінбейді» деп бас тартамын.

Әндерім үлкен кісілерге ұнамай қалуы мүмкін. Сол себепті, олардың қалауынан асқым келмейді. Тәрбиеміз сондай. Негізі, рок-музыка – кезінде барлық жүйеге қарсы шыққан музыка. Солай бола тұра, қазақылығымызды тең ұстап жүрміз.

«... Түсінесіз бе, Роза, маған бәрібір емес. Ақша үшін көрінген нәрсеге келісе бермеймін. Егер, бір адам түрін тыржитып тұрса, мен ол жерде өнер көрсеткім келмейді. Ал, тойда ондай нәрсе көп болады. Тек жастар жағы жиналатын жер болса, онда өзімді кімдер тыңдайтынын және қалай қабылдайтынын білемін. Өз орныммен, өз жолыммен жүруге тырысамын. Барлық себеп осы.»

– Әндеріңіздің сөзін бастан-аяқ өзіңіз жазасыз. Олар жеңіл, тез жатталады. Дегенмен, кейбір тіркестер үстінен бір қарап шығуға сұранып тұратын сияқты. Әннің сөзі дайын болғанда, білікті мамандарға бір тексертіп алуға қалай қарайсыз? Әлде, «өзім жаздым, маған осы нұсқа ұнайды. Бастысы, ішімдегі сезімді шығарды, болды» ма?

– Мен ән жазған кезде оны ешкімге, тіпті ең жақын досыма да тыңдатпаймын. Өйткені, қанша адам болса, сонша пікір бар. Ол адамдар мені кейін адастырады. Біреу керемет деп баға береді, қалғандары «мына жері былай, ана жері онша емес» дейді.

– Сөйтіп, ән жарыққа шықпай қалуы мүмкін.

– Иә, айтылған пікірлер менің көңілімде күмән туғызады немесе шығармашылықты тоқтатады.

Ғалымжан АҚШ-та

– Былтыр сізден сұхбат алғым келген кезде «журналистермен сөйлескім келмейді. Өзіммен-өзім жүргім келеді» деп айтқан едіңіз. Кейінірек қарасам, «Түнгі студия» бағдарламасына барыпсыз. Анда-мұнда, біраз жерге сұхбат беріпсіз. Тілшілер сізге сол күйі маза бермей қойды ма?

– Көбіне біз сұхбатқа келісе бермейміз. Өйткені, үнемі айтылатын нәрсе біреу. Мен сахнаға шыққалы бері қойылып келе жатқан сұрақтар алдымнан шыға береді. Одан кейін бізде ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық жоқ. Өз тобымызбен жалпы шығармашылық үшін жұмыс істеп жатырмыз. Эстрадаға да, басқаға да қарсылығымыз жоқ. Әрине, өкінішті...

...Мысалы, қазір «МузАРТ» ансамблі «тірідей» жұмыс істейді.  Ағаларымызға осындай бастамасы үшін көп рахмет айтқым келеді. Оларды бүкіл ел жақсы көреді, қадірлейді. Алдағы уақытта соларға еліктеп, тек жанды дауыста ән салатын жастар көбейеді деп ойлаймын.

– Осыдан үш жыл бұрын ресейлік бір сайт сіз туралы «бұл – болашақта халықаралық брендке айналатын жас музыкант» деп жазыпты. Өзіңіз халықаралық деңгейге шығуға ұмтыласыз ба?

– Ондай ойым бар. Былтыр бізді Ресейге халықаралық рок-фестивальге шақырған еді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен танымал музыканттар қатысты. Мұндай фестивальге қатысу менің арманым болатын. Алайда, сол уақытта алдымда екі таңдау тұрды. Оның бірі осы фестиваль болса, екіншісі – мені жарты жыл бұрын ақшасын алдын-ала төлеп, Нью-Йорктегі концертке шақырып қойған еді. Сондықтан, Ресейге бара алмадым. Дегенмен, бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Бұрын-соңды шетелге шығып көрмеген ем, бір сәтте Америкадан бір-ақ шықтым (күлді). Өмір алда. Негізгі мақсатымыз – қазақ тілімен әлемдік нарыққа шығу.

– Америкада жүргенде ағылшын тілін үйреніп алу қажеттілігі сезілді ме?

– Иә, үйренгім келеді. Шетелде маған әлі күнге дейін жазып тұратын тыңдармандарым бар. Еуропа, АҚШ, Қытайдан хат жазатын тыңдармандарым ағылшын тілінде ең құрығанда бір-екі ән айтуымды өтінеді. Бұл турасында қазақ тіліндегі альбомды жарыққа шығарған соң, ойлана жатармыз.

– Бірінші курстан соң, Жүргеновтегі (Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясы – ред.) оқуыңызды тастап кеткен екенсіз. Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта сізге бір диплом керек шығар? «Оқыды» деген ат үшін емес, өзіңіз үшін...

– Жалпы, өмір деген оқу ғой. Менің күнделікті жұмысымның өзі – оқу. Бірақ, оқып алғым келеді. Шынымды айтсам, бізде уақыт өте тығыз. Топпен жұмыс істеген қиын екен. Бәрі бір-біріне тәуелді. Бір музыкантымыз шетелге кетіп қалған кезде жаңа гитарашы іздеуге көп уақыт кетті. Онымен бірге барлық бағдарламаны бастан-аяқ қайтадан дайындадық. Бізге уақыт жетпейді.

– «Инстаграмға» мектеп оқушыларымен ән айтып жатқан сәтіңізден үзінді салыпсыз. Бұл қандай жоба?

– Ол – «Жүректен – жүрекке» деген қайырымдылық қорының жобасы. Қордың ұсынысымен, «Мейірімді бол» деген әнімді мектеп оқушыларымен бірге айттық. Жобаның түсіріліміне «Гәкку» студиясы мен фотограф Қанат Бейсекеев атсалысты. Адамдарды қайырымдылыққа шақыратын дүние болғандықтан, барлығымыз жұмыла жұмыс істедік.

– Оны біз қайдан көре аламыз?

– Толықтай дайын болғанда ғаламторға салынатын болар.  

– Сізден журналистер сұрамайтын, бірақ, өзіңіз айтқыңыз келетін дүниелер бар ма? «Неге айналып келіп бір нәрсені айта береді? Неге менен мынаны сұрамайды?» дейтіндей...

– Білмеймін...

– Сізді өзіңіздің қазіргі күйіңіз, осы жүрісіңіз, осы жұмысыңыз қанағаттандырады ғой?

– Иә. Мен мұны жұмыс деп қабылдай алмаймын. Бұл – менің өмірім. Бұл – менің таңдауым. Бала кезден бері армандап келген дүнием – осы.

– Өзіңізді бұдан бөлек бағытта көре аласыз ба?

– Жоқ.

– «Ғарышкер» деген әніңіздің толық нұсқасын қайдан табуға болады?

– Оның толық нұсқасы жоқ. Ғаламторда «Түнгі студияда» жазылған нұсқасы тарап кетіпті.

– Жаңа альбомға кірді ме бұл ән?

– Жоқ. Менен осы әнді сұрайтындар көп. Сондықтан, кейін оны кәсіби түрде жаздырып, жарыққа шығарсақ деген ойымыз бар.

– Жақын арада бейнебаян түсірдіңіз бе?

– Иә, бірнеше бейнебаян түсіріп қойғанбыз. Оларды да альбомнан кейін көрерменге ұсынамыз деп отырмыз.

Ғалымжан Молданазар: Бізге шынайылық пен ізденіс жетіспейді

– Оқырмандарға айтарыңыз бар ма?

– Не айтам? Бейбітшілік болсын! Адамдар біріншіден, өзін, екіншіден, айналасын алдамаса екен деймін. Бізге шынайылық пен ізденіс жетіспейді. Сондықтан, бір орында тұрмайық, қимылдайық! (күлді).


Әңгімелескен – Роза ӘРЕН

(Суреттер ғаламтордан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға