Qazaqfilm

Ғабит Мүсіреповтің жарына жазған ғашықтық хаттары

01.08.2025 18:16

Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов пен театр сахнасының жас жұлдызы Раиса Мұхамедиярова арасындағы ерекше байланыс — нағыз әдеби дастанға арқау боларлық махаббат хикаясы. Бұл сырлы сезімнің куәсі — жазушының жазған хаттары. Өкінішке қарай, түпнұсқа қолжазбалар бізге жетпеген, бірақ сол кездегі ішкі күй мен сезімнің лебін архив құжаттарынан-ақ аңғаруға болады.

Ғабең мен Раиса арасындағы хаттар «Мүсіреповтің хатханасы» атты жинаққа енген. Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивте сақталған бұл хаттар жазушының 62 жасында жүрек дүрсілін тыңдатып, 25 жасар актрисаға деген алапат сезімін паш етеді. Бұл тек екі адамның арасындағы сырлы байланыс қана емес, сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің, театр өнерінің және зиялы қауымның ішкі мәдени климатының көрінісі.

Махаббат жоқ жерде, қуаныш та жоқ» деген. Амансың ба, менің қымбаттым, аяулым, жалғызым Раечка! Менің осы хатым Жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жеделхат жіберіп, екеуіміз Жаңа жылды Москвада қарсы алсақ деп едім, бірақ сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап, аймалағым келіп кетті. Бізді Африкаға жіберуге дайындап дәрігерлер тексеріп жатыр. Безгек, сүзек, тырысқақ ауруына қарсы екті. Басымыздан башпайымызға дейін тексеруде. Дәрігерлердің айтуы бойынша әзірге жүрек те, іш-құрылыс та жақсы. Мұнда жұмыс көп, ыстық жерге баратын болғандықтан соған өзімізді әзірлеп, әрі кітапханаға барып, сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен кеңірек танысып жүрмін. Осы хатты бүгінгі самолетке үлгерейін деп мәжілісітің арасындағы үзілісте жаздым.

Сау, сәләмат бол көріскенше, өз Ғабитің.

29.12. 1962 жыл

 

Амансың ба, менің жалғызым!

Бүгін таңертең Гауһаржанның атына сендерге хат жазып едім. Сөйтсе де саған айтам деген бірер ойым айтылмай қалған сияқты болып, күні бойы мені маза бермеді. Міне, түрлі жиналыстардан қол босап, сол мазалаған ойларымды саған қағаз арқылы жеткізуге тағы отырдым.

Біріншіден, аман-есен жүрмін, денсаулығым ойдағыдай. Екіншіден, қатты сағынып жүрмін, құдайдан сұрайтыным, күніміз ерте батып, түніміз мезгілсіз тұтылмасын. Үшіншіден, сен «Ана Жер-Ана» жайлы білгің келетін шығар. Оны комиссия мүшелері кейінге қалдырды...

Қаламдас достардан Соболевті, Берді-ағаны көрдім. Саған шексіз сәлем айтып жатыр. Олардан басқа Боковты, Татяничеваны, Штокты, тағы басқаларды кездестіргенім жоқ. Телефон соғуға да уақытым болмады. Оларды 1-май мерекесімен құттықтауды ұмытпа. Сенің дайындыққа барып жүргеніңді естіп қуандым. Студияда кешкі жұмысқа қалуға тырыспа, оның орнына үйге келіп демал.

Ботақаным өсіп келе ме? Ақылы кіріп, жылауды азайтты ма? Жалғыз өзің оның жұпар иісін иіскеп рахаттанып жүрсің ә? Қымбаттым, саған тапсырма мынау. Май қарсаңында маған ұзақ етіп хат жаз.

Әдеттегідей сүйдім, өзіңнің мәңгілік Ғабитің.

08.04.1965.