Жаңалықтар

Ғабиден Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығы

Ғабиден Мұстафиннің шығармашылығы хақында не білеміз?
Ғабиден Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығы
09.04.2017 14:13 10500

«Советтік Қарағандыны жасауға жұмылған жұрттың бәрінен бұрын барушылардың бірі болғанмын, «Қарағанды пролетариаты» газетінің алғашқы номерлерін шығарушылардың да бірі едім. Бүгін сол Қарағанды Советтер Одағының үшінші көмір алыбы, бүгін сол «Қарағанды пролетариаты» «Орталық Қазақстан» атанып, жарты ғасыр жасап отыр.

Басқалар бұған бір қуанса, мен екі қуанамын, жанған, гүлденген еңбектің қуанышынан қызықты қуаныш жоқ» деп өзінің ақжарқын пікірін айтқан Арқаның аңтангер жазушысы қара шаңырақ Орталық Қазақстан газетімен өзінің өмірін тікелей байланыстырады. Киелі басылымның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрсе де талмай еңбек еткен дара тұлғаның бірі де, бірегейі де Ғабең болатын. Еліміздің экономикалық әрі саяси маңызы зор өлке ретінде Қарағанды облысы құрылса, оның жылнамалық тарихында да бұл кісінің алар орны зор. Сондықтан даңқты жазушының өткен өмір жолына үңіліп, оның салған дара іздеріне көз жүгіртуді жөн санадық. Бұл тұрғыда «Қарағанды» романының орны ерекше. Қарағандыны жазуда Ғабиден өзі өскен өлкенің әр қиыршық тасына үңіліп, оны жете зерттейді. Танып біледі. Ал, туған жерін сүйетін, өзі өскен өлкені әбден танып білген қаламгердің қаламынан шыққан мақалалар осал болған жоқ. «Советтік Қарағандының» бет бейнесін жылдар бойы  қалыптастыруда аймақтың өткеніне терең көз жібере алатын Ғабең талмай еңбек етті.

Ғабиден Мұстафин 1902 жылы Қарағанды облысының қазіргі Бұқар жырау ауданында, осы күнгі Теміртау қаласына жақын Жауыр тауы, Нұра өзені бойындағы Сарытөбе деген жерде туған. Болашақ жазушының балалық шағы өз ауылында, ата-анасының қасында өтеді. Жас кезінде Ғабиденнің есінде мықтап сақталған бір нәрсе – туған жерінен көшіп келген орыс шаруаларына тартып әперіп, елді Қарағандының Спасск зауытына қараған бетіндегі қырға зорлап көшіруі еді. Туған жермен амалсыз жылап қаштасқан, өкіметтің әділсіздігінен зардап шеккен халықтың көз жасы жазушының зердесіне әбден орныққан. Оның отаршылдыққа, зорлық-зұлымдыққа қарсы ойының оянуы да осыдан басталады. Оқуға талап қылған ол әуелде ауыл молдасынан оқып, хат таниды да. Спасск зауытының табельшісі Мауқымның Жүсібі деген кісіден орысша сабақ алады. Ғабеңнің ресми оқуы осымен аяқталады. Бірақ ынталы жас өз бетімен ізденіп, үлкен сабақты өмірдің өзінен алады.

Даңқты жазушы Мұхтар Әуезовтың өзі бұл кісі жайында, Қарағанды романы жайында былай деп әңгімелейді: «Жазушылық еңбек пен оған берілген өнердің әр алуан талайы мен тағдыры бар. Кейбір творчестволық тәжірибені болжасаң, жазушы өзіне лайықты, шамасы толық құлаш сермеп шығатын тақырыбын таппай жүретіні болады. Кең өмірде көлдей иен, тамаша тақырыптар арасында көп түртініп, өнімсіз жүріп қалады.

Ірі жазушы болып, үлкен шығарма беріп, кемеліне келгенше көп жазушылықтың алғашқы сапары көбінше осылай келеді. Сәтімен өз арнасын табу — алтын кенін қазушылар арасындағы старательдер артелінің жаңа бір алтын желісін (жиласын) тапқанымен бір теңдес. Талапты табады, табанды жеңеді. Бірде көп ізденумен, кейде сәтімен аз іздену соңынан да өзіне бейім, бой тартқан тақырыбын тапқанда жазушы өнері қанағаттанады. Бойдағы барлық талантты жігері ұшқындай түсіп, нұр шашады. Жазушы еңбегі бел-биіктен аса беріп, бұрын оқушысы да, өзі де аңғармаған, іркіліп жүрген асылын ашады. Ойлап, барлап қарасақ, өзіміз білген бүгінгі жүрген жазушылардың көпшілігінде осындай екі алуан күйлері бары сезіледі.

Сол қатарда Ғабиденді ауызға алсақ, бұл жазушының жолында үлкен бір ырысты сәттілік бар екендігі байқалады. Осы айтқанды анықтау үшін Ғабиденнің жазушылық жолындағы соңғы 13-14 жылды барлап, болжап өтейік. Ең әуелі бұл 13-14 жыл оның жазушылығының ең өнімді, ең көрнекті жемісті жылдары. Осы жылдар ішінде Ғабиден төрт роман жазыпты. Ол төрт кітаптың алғашқысынан бастап, соңғысына дейін бәрі де өз уақытында қазақ совет әдебиетінде және соңғы үш романы бүкіл Одақ әдебиеті көлемінде қатардағы шығармалар ғана емес, елеулі, бағалы үлкен еңбектер боп қалыптанды. Осындай бағаны жазушы ортасы ғана емес және бір қазақ оқушысы ғана емес, бүкіл Одақ көлеміндегі одақтық оқушы айтты. Төрт романның жөне бәріне ортақ қымбат қасиеті — мұның бәрі де бүгінгі тақырыпқа арналған, социализмді жасаушылардың, коммунизм үшін күресушілердің үлгілі өмірін, өр өнерін, ер еңбегін баян ететін шығармалар. Сонымен, Ғабиден өзінің жазушылық еңбегінің әр кезінде, бүкіл совет әдебиетінде совет халқы қойған, социалистік Отан атаған, Ленин партиясы белгілеген ардақты міндеттерді орындау жолында күресіп келеді.

Оның бар тақырыбы — бүгінгі күн, оның барлық жағымды образдары — жарқын келешек үшін, айқын ертеңі үшін күрескен совет азаматтары. Ғабиден романдарының геройлары коммунизмнің мәңгілік болашағын өздеріне ұлы арман еткен адамдар болып танылады. Олардың бәрі де біздің оқушыға жырақ, жұмбақ жандар емес, қайта барлық қимыл, құбылыс әрекеттерімен, бар сезім-санасымен, әрбір үні, дем-тынысымен қалың жұртшылығымызға қымбат, жақын жандар.

Осылардың арасында жақсыларын іріктегенде, жас буындардың өз ағасы есепті Бораштар, Шығанақтар, Жақыптар, Щербаковтар, Ермектер оқушының қымбат, ыстық көретін жандары. Сондай-ақ жаңа тарих тудырған Еркін, Жомарт, Мейрам сияқты жаңа сапалы жас буын, бірақ, жас та болса, жаңа нәсілдің тел басы есепті жандар, барлық іс-әрекеті ғана емес, іштегі сан алуан сезім толқындарымен де, неше алуан ым-емеурінімен де бүгінгі оқушыға өз сырласындай, егіз-ею сыңарындай жақыны.

Жазушының ең үлкен жұбанышы, оның шығармаларындағы геройлардың бүгінгі оқушыға соншалық етбауыр жақындай боп, таныса табысып кетуінде. Әдебиеттің мұндай образдары мәдениеттенген совет адамдарының ұдайы есінде жүретін жақынындай болса, қымбаты, қимасы боп кетсе, жазушыға одан үлкен мұрат, мақтан жоқ. "Қарағанды" романының алғашқы беттері және бірінші тарауы, бесжылдық жоспар бойынша, бүкіл отандық ұлы өндіріс ошағына айналғалы отырған Қарағандыға мол күштер жұмылдырып, мол қаражат жұмсау кезеңіне арналады. Сол Қарағанды ошағына жан-жақтан ағылып келіп жатқан жұмысшылар жайы баян етіледі. Көп суреттер Орталық Россиядан, Донбастан келген маман жұмысшылардың жайына арналады және әсіресе, жазушының ерекше көңіл, бейіл бергені — ұлы өндіріс арнасына қазақ кедейлерінің жаңа құрылысшылар есебінде, жан-жақтан ағылып келіп жатқан күйіне арналады. Бұлар Қарағанды айналасындағы жақын аудандардан шартпен келіп жатқан бұрынғы ауыл кедейлері. Көпшілігі жаман үй, жарты лашықтарымен, бірен-саран күш-көлігі, сауынымен, азын-аулақ қой-тұяқ, ешкі-лақ дегендерін де ала келген көшпелі ауыл, әлі қоныстанып болмаған аудандардың кедей шаруалары. Осылардан Қарағандыдай үлкен өндіріс ошағының саналы жұмысшылары, өнерлі қайраткерлері, сапалы азаматтары, кысқасы, тарихының жаңа дәуірін тапқан, бақыт шағына жеткен, социалистік ұлттың советтік жұмысшы табы қалыптанады. Роман бойында сол ел кедейлерінен ірі маман жұмысшылар, зор саналы азаматтар, үлкен өндіріс командирлері, партия, совет орындарының білікті, сапалы басшы азаматтары, ірі инженерлері өсіп шығып жатқандарын көреміз.

Міне, осы адамдардың көпшілігі Қарағандыға жақын отырған елдерден шыққан қазақтар болатын. Сол түрде Қарағандыға келген бірталай жұмысшылар, қартаң әйелдер, жігерлі жастар атаулының талайы дәл Ғабиден Мұстафиннің өзі туып-өскен елден, бала күннен өзі өмір кешкен жерлерден келген. Көпшілігі тіпті жазушыға туыс-таныс адамдар болатын.

Ғабиденнің өзі де жаңағы аталған жақын елдердің арасынан шыққан, Қарағандының қасындағы, осы күні Каргрэс орнаған Нұраның бойы - бұл елдердің қыс - қыстау, жаз — жайлау дейтіндей, ежелгі қоныс мекені. Бұл өлкедегі елге бұрын ағылшын билеген Қарағандының жай-күйі, Ұлы Октябрь революциясының алдындағы Қарағанды мен Спасс, Нілді сияқты болымсыз шұқанақ өндіріс сымақтардың жайлары, тарихы да аса мәлім еді. Сол өлкенің кәрі-жасына тек совет дәуірінде, аз заман ішінде дүрілдеп өскен, нұр жайнаған алып Қарағандының тарихы, қазіргі Теміртаудың да үдеп өрлеген қысқа ғана табыс, жеңіс тарихы соншалық айқын.

Сөйтіп, Қарағанды ұлы құрылысының бірнеше жылғы тарихында өзінің жұмысшылық еңбегімен атсалысып, араласқан азаматтық еңбекті көреміз. Мұның өзі, өмірі де, кешегі көшпелі ауылдан өндіріс ошағына келіп, сонда қара жұмысшыдан бастап, маман жұмысшыға жеткен еңбекші өмір жолын танытады. Сол сипатында ол, өз романдарының кейбір жас жұмыскер геройларындай, Қарағанды өндірісінің сол кездегі басшысы болған Горбачев сияқты (романда Щербаков сияқты) адаммен жақсы біліскен. Горбачевті өзі жақсы біліп, өте жақсы көргенде, бұның өзін де ынталы, ұғымпаз, талапкер жас жұмыскер сипатында Горбачев та жақсы біліп, жақсы көрген.

Міне, осы айтылған нақтылы, деректі жайлардың тұсында, тарихтық болмыспен, жеке өмірбаяндық шындықпен және содан әрі екінші, өзгеше сапада туған көркем шығармадағы шындықтың араларында қандайлық заңды, терең тамырлы, күрделі байланыстар жатқанын елемеуге болмайды. Сонда және бұл жазушы, өмірден оқыған жазушы боп аңғарылатыны, ерекше бір жақсы сипат, аса бағалы шындық. Жазушы кейін өзі жазған романдардың кей ұзақ беттерінен, тарауларынан айқын көрініп, өсіп толысып, қалыптанған тәрізденеді.

Сондықтан да бұл жазушы өз өмірін романның ішіне бір өрім етіп қосқанда әсірелемейді. Қылғынып отырып, қиналып та жазбайды және өзінің менмендігін көріне өзімшілдікпен тықпаламайды. Қайта өз өмірінің көп болмысы мен тынысы, ыстық демі, жан-жігері аралас жүрсе де, сол жайларын үлкен ұстамды мінезділікпен, сабырлы салмақпен, объективтік суретшінің бояуымен бере біледі. Романның бар материалында автордың өз өмірі, сезімдері, қайрат тартысы, арын-арманы мол араласып отырғанын өзге жайдан аңғармайсың да, тек сол өндірістің бар шындығын аса жақсы білетін таныстығынан, сол ортаға өте жақын жанасып барып баяндап отырған көркемдік шындығынан аңғарасың. Сөйтіп, роман өмір шындығынан туғанда, жазушының өзі де басынан кешірген шындықтан қоса туып, өзгеше сыр-сыпат табады.

Бұл айтылған жайлардың бәрі де жазушы Ғабиденнің соңғы елеулі еңбегі "Қарағанды" романының әр тарап қасиеттерін өсіре түсуге көп көмекші болған жайлар. Қарағанды өндірісінің және сол атыраптағы өмір, өлке жаңғырысының әр алуан табыс, туыс шақтарын өзінің жазушылық еңбегіне ұзақ арқау еткен Ғабиден, бұл тұсқа жеткен қалпындай, енді бұдан былай жазушылық еңбегінде де сол арнамен бара бермек. Үлкен тақырыбының тандаулы тармақтарын ілгері тартып жаза бермек.

Сол өзі жақсы білген Орталық Қазақстан өмір шындығынан, тарих табысынан деректер жинап, нәр алып, Ғабиден өзінің колхозды Қазақстан жөніндегі жақсы повесі — «Миллионерді» де жазған болатын. «Миллионер» колхозының адамдары арасында болған кей әңгімелер ішінде "Қарағанды, Теміртау жақын тұста, қасымызда" десіп отыратын сөздер бар. Бұған Қарағанда, "Миллионер" колхозының суреттері, өмір шындықтары жазушылық қиялмен іренделіп, өсіріліп алынса да, сол Орталық Қазақстанның, Қарағанды облысының шындығынан туған шығарма екендігі аңғарылады.

Тақырып, материал жөнінде Ғабиден шығармаларының ішінде басқа облыс, Қазақстанның өзге бір өлкесі — Ақтөбе облысының дәл деректерінен туып, көркем етіліп жазылған шығарма - "Шығанақ" романы. Ол романда да автор өмір жайын, әсіресе өнімді еңбек жайын, өнерлі еңбек туғыза білген, өмір құра білген асыл жандар жайын барынша жақсы ізерлеп, өмірлік көп білім, материалдар жиып барып жазған-ды. Бұл романда жазушының, жоғарыда айтқандай, өз өмірінің арнасымен араласқан шындықтар болмаса да, советтік дәуірде жабайы табиғатты үлкен өнерлі жігермен жаңғыртып отырған Советтік Қазақстан шаруалары көрінеді. Сондай еңбек ерлерінің жайын жазуда Ғабиден бүгінгі өмір тақырыптарын алуға бейімделген өткір талантын танытады, шабытты шындығын табады» деп тұщымды пікірін нақты дектер мен дәлелдерге сүйене отырып жеткізеді.

1982 жылы өзін қалыптастырған, өзі қалыптастырған басылым жайында:  «Ал енді өз творчесвомның алтын бесігі болған бұрынғы «Қарағанды    прлеториаты» бүгінгі «Oрталық Қазақстан» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтуым керек. Мен реалист адаммын. Тілектің өзін айтқанда, өлшеп айту керек тәрізді. Мен қалдырған еңбектер туған халқымның біраз кәдесіне жараса деген тілекпен кетемін. Бұл бір. Екіншіден, адам алдынан гөрі артына көп қарайтын сияқты. Келешегі қызығы көп жас кезінде адам көбінесе oлға қарайды, aлғa ұмтылaды. Aл, қарт адамның артына көп қарайтыны – оның небір қызық шақтары, еңбегінің жемісті болған кезеңдері, өмір сырын көріп -  біліп таныған шақтары, артта қалып қойды. Сoнымен бірге адам өзінің артында келе жатқан ұрпақты көреді. Oлардың бірінің жетістігіне  қуанады, екіншісінің кемшілігіне қиналады.

Сондықтан, біздің тілегіміз осы кейінгі жас кауым алдындағы толқынмен ілесіп қана қоймай, озып кетсе деймін. Өйткені, оның озуына, шарықтауына керек мүмкіндіктің барлығы қазір бар. Бір кезде біздің арманымыз болған дәуір жас қауымның қолында. Заман қарыштап алға кетіп барады ендеше біздің ұрпақтарымыз да сол дамуға лайық болсын».

Гүлім Қуанышова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға