G7. Хиросимадағы саммит аяқталды
Хиросимадағы «Үлкен жетіліктің» (G7) саммиті өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Хиросимадағы Әлем саябағында Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида мәлімдеді.
Хиросимадағы G7 саммитінің барлық сессиясы аяқталды. Мен G7-ге қатысқан барлық елдің көшбасшыларына, шақырылған сегіз мемлекеттің көшбасшыларына, жеті халықаралық ұйымның басшылары мен барлық ұйымға алғысымды білдіремін, - деді Кисида.
Үш күн бойы мемлекеттердің көшбасшылары 10 сессия өткізді. Іс-шараға «жетілікке» мүше емес елдер: Австралия, Бразилия, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Кука аралы, Комор аралдарының одағы, Оңтүстік Корея да қатысты.
Сессия аясында әлемдік экономика проблемалары, ядролық қарусыздандыру, «жетіліктен» тыс әріптестермен қарым-қатынас жасау мәселелері талқыланды.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони «Үлкен жетілік» көшбасшыларының кездесуі 2024 жылы Италияда Апулия оңтүстік облысында өтетіндігін айтты.