Жаңалықтар

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы жартылай финалға шыға алмады

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы жартылай финалға шыға алмады
Фото: Instagram/kff_team_futsal 30.09.2024 22:01 102

Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ташкенттегі «Хумо Арена» қазақстандық жанкүйерлерге лық толды. Отандық футзалшыларды қолдауға Өзбекстан астанасына арнайы барған жанкүйерде есеп жоқ. Тіпті матч басталмас бұрын да қазақстандықтар Ташкент көшелерімен жүріп өтіп, көпшілікті таңғалдырған.

Жартылай финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Қазақстан құрамасына сәттілік жолдас болмады. Ойынның алғашқы таймында есеп ашылған жоқ. Есесіне екінші таймда жанкүйерлер жеті бірдей голға куә болды. Өкінішке қарай, соның алтауы Қазақстан қақпасына бағытталды.

22-минутта Матиас Роза Лео Игита қақпасын дәл көздесе, 27-минутта Шыңғыс Есенамановтың қателігін тиімді пайдаланған Анхель Клаудино екінші голды соқты.

Ал үшінші гол пенальтиден соғылды. Авторы - Кевин Арриета. Ал төртінші голды 33-минутта Себастьян Корсо өз атына жазды.

Рикардо Кака шәкірттерінен Дәурен Тұрсағұлов 34-минутта есеп қысқартқаны сол екен, араға 25 секунд салып Лукас Боло-Алемани бесінші голды қақпамызда тулатты.

Ал 36-минутта Ариетта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.  

Осылайша, Аргентина құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, енді Франциямен кездеседі.

Дегенмен ұлттық құрама ойыншаларына өкпе жоқ. Каканың шәкірттері әлем біріншілігінде аянып қалған жоқ, тіпті бұған дейінгі әлем чемпионы Португалияны жарыс жолынан шығарды. Ендеше жігіттерге мойымай, алдағы аламандарда бұдан да мықтырақ болып оралуын тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға