Жаңалықтар

Қыздар футболы қашан қуантады?

Футболдан Қазақстанның қыздар құрамасы ФИФА рейтингісінде әзірге 66-сатыда тұр
Қыздар футболы қашан қуантады?
18.09.2017 10:07 7012

Қазақстандық қыздар 2019 жылы өтетін әлем чемпионатына жолдама алу үшін күні кеше Уэльс құрамасына қарсы алғашқы іріктеу матчын өткізді. Бұл екінші елек кезеңі.  Одан бұрынырақ тікелей жолдаманы сарапқа салатын топта ойнау үшін қазақстандық қыздар тағы бір кезеңді артқа тастаған еді. Бірінші іріктеу кезеңінде Айтпай Жамантаев баптайтын ел құрамасы Грузия мен Эстония қыздарынан басым түсіп, латвиялық аяқдопшылармен тең ойнап, өз тобында бірінші орынға жайғасып, тікелей екінші кезеңге шықты.

Қысқа ақпарат

Футболдан Қазақстанның қыздар құрамасы 1995 жылдан бастап ойнап келеді. Бұл құрама Қазақстанның футбол федерациясының құрамына кіреді. Біздің аяқдопшы қыздарымыз алғашқы ойынын Малайзияның Кота-Кинабалу қаласында 1995 жылдың 24 қыркүйегінде Гонконг қыздарына қарсы өткізіп, тең тарқасқан. 1999 жылы өз тарихымызда осы елдің қыздарына 7 доп соғып, ең ірі жеңісімізге қол жеткізген екенбіз. Әл күнге дейін футболшыларымыз осындай ірі жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Ал өзіміздің қақпамызыға 2011 жылы неміс футболистері жауапсыз 17 доп соғып, ең ірі жеңілісімізді тарихқа енгізді. Соңғы 13 ойында біздің қыздарымыз жеңістен гөрі, жеңілістің ащы дәмін көбірек татқан. Мұның ішінде екі рет тең түскеніміз, үш рет жеңіс тойын тойлағанымыз бар. Ал сегіз мәрте жүзіміз төмен қарапты.  Доп айырмасы 6-48. Испания– Қазақстан 13-0, Норвегия – Қазақстан 10-0, Австрия – Қазақстан 6-1 секілді ірі есептер тіркелген екен.  Десек те, ФИФА рейтингінде жағдайымыз соншалық жаман емес. Үстіміздегі жылдың 1-қыркүйегіндегі жаңарған рейтінгте 66-сатыда тұрмыз.

Бұл кездесу қазақстандықтар мен уэльстіктердің арасындағы төртіншісі болды.  Қос құраманың футболшылары алғаш рет алыс 2006 жылы кездесіп, 2-1 есебімен қарсыластарымыз жеңген еді. Одан кейінгі ойындар Еуропа чемпионаты (2017) қарсаңыда өтті. Ол кездесулердің екеуі де Уэльс қыздарының (4-0, 4-0) қанжығасында кетті. Олар әлемдік рейтингтің 36-сатысында тұр.

Біздің құраманың негізгі ойыншылар ел чемпионы «БИІК-Қазығұрт» клубында ойнайды. Олардың жалпы саны 10. Шымкенттік клубтың жыл сайын Еуропа чемпиондар лигасында тамаша өнер көрсетіп жүргенін жақсы білеміз. Клубтың кәрі құрлықтағы керемет ойындары ел құрамасының қыздарына да үлкен тәжірибе екені анық. Олар өткен жылы чемпиондар лигасының 1/8 финалына дейін жетіп, сол жылғы чемпион ПСЖ қыздарына ғана есе жіберіп қойған еді. Үстіміздегі жылы да «БИІК-Қазығұрт» қыздары 1/16 финалына шығып тұр, олардың келесі қарсыласы шотландиялық «Глазго» клубы болмақ. Ал құраманың қалған ойыншылары еліміздегі «Оқжетпес», «Астана», «СШВСМ-Барыс», СДЮШОР №7 командаларында ойнайды, сондай-ақ Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінің футболшылары да бар.

Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айтбай Жамантаев ойын алдында баспасөзге берген сұхбатында, ел құрамасы Ұлыбританиядан келген қонақтарды жеңетініне сенім білдірген еді. «Бұл құрамамен бұған дейін бірнеше кездесу өткізіп, жеңіліс тапқан едік. Бірақ, бұл кездесуде біздің қыздар басым түсетініне сенемін. 2-3 футболшыларымыз жарақаттарына байланысты алаңға шыға алмайды, құраманың бас жұлдызы Мария Ялова өз мансабын аяқтағаны да біз үшін үлкен өкініш. Десек те, барымызды саламыз,» – деген болатын.

Құрама капитаны Бегайым Қырғызбаева да: «Жасыл алаңда бар өнерімізді көрсетеміз, бірнеше жас аяқдопшылар қатарға қосылып, біздің құрамада ауысым болып жатқанына қарамай, тек жеңіске ойнаймыз. Өз еліміздің намысын қорғау көк жиде киген әр ойыншы үшін үлкен жетістік» деп үміттендіріп қойған.

Астана-Аренада өткен Қазақстан – Уэльс арасындағы ойынға шамамен жүздеген жанкүйерлер жиналды. Жасыл алаңға А.Жамантаев мына ойыншыларды жіберді: Оксана Железняк, Аида Гайстенова (Анастасия Власова, 80), Бибігүл Нұрышева, Шохиста Ходжашева, Бегайым Қырғызбаева, Екатерина Красюкова, Адиля Вылданова (Зүлейра Әбішева, 69), Светлана Бортникова, Юлия Николаенко (Юлия Ширяева, 65), Екатерина Бабшук, Карина Жұмабайқызы.

Ал Уэльс сапынан: Лора О'Салливан, Лорен Дайкс, Джемма Эванс, Софи Ингл, Рианнон Робертс (Шарлотт Эсткорт, 46), Наташа Хардинг, Ангарад Джеймс, Кейли Грин, Джессика Фишлок, Рейчел Роув, Хейли Лэддтер жасыл алаңға шықты.

Алғашқы минуттан-ақ  қазақстандық қыздар алға ұмтылған. Бірақ, бірінші болып қауіпті соққыны шабуылшы Кейлин Грин жасады. Оған жауап ретінде біздің футболшы Бегайым Қырғызбаева алыстан соққы жұмсады, бірақ Бегайымның добы уэльстік қақпашы Лора О'Салливанның оңай олжасына айналды. 31 минутта уэльстіктердің қарымта шабуылы Железняктың мықтылығын бір сынға алды. Тәжірибелі қақпашы өз иелігін голдан аман алып қалды. Тартысты кездесудің тағдырын уэльстік жартылай қорғаушы Джесика Фишлоктың 54-ші минутта соққан жалғыз голы шешіп кетті. Жамантаев шәкірттері соңғы минуттарға дейін таразы басын теңестіру үшін алға ұмтылып, қарсыластардың торын тулатуға бар күштерін салғанымен, таблодағы көрсеткіш сол күйі өзгеріссіз қалды.

Уэльс қыздары бұл жолы да Елордадан үш ұпайды еншілеп, топтағы жағдайын жақсарта түсті.

Бұл топта Астана-Аренада доп тепкен қос құрамадан бөлек, Англия, Босния және Герцеговина мен Ресей елінің қыздары да өнер көрсетеді. Қазақстандықтардың келесі кездесуі Астана қаласында 21 қазан күні Босния және Герцеговина аяқдопшыларына қарсы болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға