Жаңалықтар

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

Футбол комментаторлары эфирде қателеспеу үшін не істеу керек
03.11.2015 11:08 4881

Футбол комментаторы болу қиын. Өйткені, бұл миллиондардың ойыны. Футбол туралы ақпарат көп, оны қарапайым халық сізден бұрын бірінші біледі. Тіпті, комментаторлардың өзін жаңылыстыратын, статистика соққанда алдына жан салмайтын жанкүйерлер болады. Сондықтан, әрбір матчқа ерекше дайындықпен шыққан дұрыс.

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

Назарларыңызға ағылшын комментаторлары Ник Барнс пен Арл Уайттың эфир үстінде пайдаланатын "шпаргалкасын" ұсынып отырмыз. Олар матч алдында барлық ойыншыны алаңдағы амплуасымен (міндеті, орны), тіпті қосалқы құрамдағы ойыншыларды жейдесіндегі нөмірімен қағазға ерінбей түсіріп шығады. Сондай-ақ, матчтың рефериі мен көмекшілерін, екі команданың бас бапкерлерін де ерінбей жазып шығады. Не үшін? Интернетті ашсаңыз барлығы самсам тұр ғой! 

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

Ник Барнс негізгі құрамдағы ойыншыларды арнайы түспен белгілеп, ойыншы алмастырған сәтте басқаша белгілеп отырады. Интернет сілтемелерін ашып, оңды-солды пайдаланып отырғанда сіз ұсынғалы отырған ақпарат қызықсыз болып қалуы мүмкін. Өйткені, футбол динамикалық ойын. Кейде сіздің алдыңыздағы картинаны жеткізу матч туралы статистикадан да маңызды болады. Сондай сәтте тез үңіліп, жылдам ақпар жеткізу үшін қағазға қарау салу әлдеқайда тиімді.

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

Эфир кезінде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Интернет істемей қалуы мүмкін. Күнде көріп жүрген ойыншының немесе бап бапкердің есімін естен шығарып алуыңыз да ғажап емес. Режиссерлер стадиондағы құрметті қонақтарды нысанаға алғанда, алдыңызға көлденең тартқан кейіпкердің ныспысы есіңізге түспей, аты тіл ұшында тұрады. Оны көзі қарақты көрермен білгенмен, футбол комментаторы ажырата алмай отырса, кәсібилігіңізге сын.

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

Жүргізгелі тұрған матчыңызда маңызды оқиғалар көп болуы мүмкін. Пәленше бүгін 100 голын соғуы мүмкін, Пәленшенің сол күні туған күні болуы мүмкін, Пәленшенің бір күн бұрын келіншегі босанып, гол соқса соған арнауы мүмкін. Міне, осындай мүмкін жәйттер жиі кездеседі. Жаңадан келісім-шартқа отырған ойыншылар, жарақатына байланысты, қызыл қағазына байланысты матчқа қатыса алмайтын ойыншылар туралы ақпаратқа қанық болуыңыз қажет.

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

25 жыл тәжірибесі бар ағылшын комментаторлардың өзі қойын дәптеріне барлығын тізіп, матчқа үлкен дайындықпен шығады. Ал, комментаторлыққа жаңадан қосылып жатқандар үшін дайындық бұдан да жоғары болуы тиіс.

Футбол комментаторының қойын дәптерінен

2015 жылдары барлық ойыншыны қолмен жазып шығу, оған қаншама фломастер мен түрлі-түсті қаламсап жұмсау қызық болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл жерде ең маңыздысы – сақтық, дайындық. Ал сақтық пен дайындық нағыз кәсіби мамандардың әдеті. 


Әзірлеген: Жандос Смайлов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға