Футбол: «Қайрат» клубы Ресейдің тоғыз дүркін чемпионымен тең ойнады
Бүгін Алматыда жергілікті «Қайрат» клубы Санкт-Петербургтің «Зенит» клубын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Матчты 20 500 көрермен тамашалады.
Ойын есебін 8-минутта ҚПЛ сұрмергені, «Қайрат» шабуылшысы Жоао Пауло ашты. Алайда 29-минутта қонақтар сапынан Александр Ерохин есепті теңестірді. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.
Үзілістен соң «Зенит» өзінің бразилиялық ойыншыларын алаңға шығарып, шабуылды үдетті.
Дегенмен екінші таймдағы алғашқы голды да «Қайрат» соқты. 70-минутта Офри Арад командасын алға шығарды.
Ал 85-минутта «Зениттен» Густаво Мантуан алматылық клуб қақпасын дәл көздеп, таразы басын теңестірді – 2:2.
Бұл кездесуге ресейлік клуб ойыншысы Нұралы Әліп қатысқан жоқ, себебі ол ұлттық құрамамен Данияда жүр.
«Зенит» – Санкт-Петербургтің клубы. Ресей премьер-лигасында өнер көрсетеді.
1984 жылғы КСРО чемпионы, Ресейдің тоғыз дүркін жеңімпазы, Ресей кубогының төрт дүркін иегері, 2007/08 УЕФА кубогының иегері, 208 жылғы УЕФА Суперкубогының иегері.