Футбол клубтарында спорт дәрігерлері жоқ
Жақында ғана Бірінші лигада өнер көрсететін «Хан Тәңірі» футбол клубының ойыншысы Диас Төлеу матч кезінде жүрегі тоқтап қайтыс болды. Бұл жайт спорт саласындағы медицина мәселесінің әлі де шешімін таппағанын кезекті рет дәлелдеп берді. Осы орайда отандық клубтарда спорт дәрігерлері бар ма деген сауал туындайды. Жасөспірімдер лигасында жұмыс істейтін спорт дәрігері Азамат Нұрмахановтың айтуынша, футбол ұжымдарында бұл мәселе өзекті. Өйткені қажетті мамандар жоқ, олардың орнына стоматолог секілді өзге саланың дәрігерлері жұмыс істеп жүр. Бұл туралы ол El Sport YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Премьер-лигадағы клубтардың кейбірі жекеменшік клиникалармен келісімшартқа отырады және медициналық тексерісті толыққанды сол жерден өтеді. Клубтарда спорт дәрігері бар, бірақ олардың білімі соған сәйкес келе ме, ол енді басқа мәселе. Жасөспірімдер лигасында өңірлердің клубтарымен үнемі байланыстамыз, түсінгенім, спорт дәрігері болып жұмыс істейтін мамандар арасында стоматологтар да, фельдшерлер де бар. Ал клубтар мұндай қадамға амалсыз баратынын айтады, себебі ондай мамандар жоқ, орын бос тұр, дәрігер қажет, сондықтан медициналық білімі бар кез келген маманды жұмысқа алады, - дейді ол.
Нұрмаханов биылдан бастап спорт дәрігерлерін оқытуды қолға алғанын айтады. Себебі көптеген клубтар барлық жүкті тек жедел жәрдемге артып қояды, ал медициналық мәселелерді спорт дәрігері шешуі қажет.
Өзім жұмыс істейтін QJ League-те биылдан бастап оқыту курстарын бастадық. Дәрігерлермен ортақ чатымыз, арнайы бағдарламамыз бар. Туындаған сауалдарды талқылаймыз, Диас Төлеудің оқиғасына қатысты да арнайы семинар өткіздік. Ол дәрігерлерге ғана емес, менеджерлер мен басшылыққа да қатысты. Себебі басшылық кімнің қайда отыратынын, олардың қалай әрекет ететінін бақылауы қажет. Жалпы, спорт дәрігерінің міндеті не, ол клубқа не үшін керектігін де түсіндіреміз. Себебі бізде көбісі матчта жедел жәрдем қызмет етеді, ендеше медициналық сұрақ жабылды деп ойлайды. Жедел жәрдемнің міндеті – сол жерде тез әрекет ету. Ал спорт дәрігері профилактикаға, жарақаттан кейінгі қалыпқа келу процесіне жауапты. Одан қалды қажетті құрал-жабдықтың бәрі клубтың өзінде болуы керек, себебі жедел жәрдем кешігуі мүмкін, кептеліс деген бар, сонымен қатар реанимациялық бригада келе алмауы мүмкін. Шетелдік лигаларда спорт дәрігерлері алаңға үлкен чемодандармен шығады, ал бізде кішкентай ғана сөмкемен жүреді, - дейді ол.

