©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Футбол клубтарын жекешелендіру: Бектенов кімдер қызығушылық танытқанын айтты

20.10.2025 21:10

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің футбол клубтарын жекешелендіру мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Үкімет басшысының жауабына сәйкес, бүгінде президенттің тапсырмасына орай Туризм және спорт министрлігі Қазақстанның футбол федерациясымен бірлесіп өңірлер мен республика көлемінде әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар аясында «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жар» футбол клубын сатып алу мүмкіндігін қарастыруда. Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтёр» клубы үшін стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытты. Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» клубын сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын салуды жоспарлап отыр. Ал Қызылордадан шыққан әлеуетті инвестор TAU GROUP LTD (Ислам Қозбақов) «Қайсар» клубын сатып алуды көздеп отыр, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен де кездесулер өткізілген.

Премьер-министр футбол клубтарының қаржыландырылуына да тоқталды. Оның мәліметінше, 2025 жылы футболды дамытуға 34,9 млрд теңге бөлінген. Оның 31,8 млрд теңгесі Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарын қолдауға, ал 3,1 млрд теңгесі балалар және бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.

Тексеру нәтижесінде 100-ден астам заңбұзушылық анықталған – қаражатты мақсатсыз пайдалану, артық төлемдер, қайталанатын қызметтер мен тиімсіз жоспарлау деректері тіркелген.

Сонымен қатар «Ақтөбе» және «Қызылжар» клубтарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілген.

2025 жылы облыстық прокуратура тексеру барысында «Ақтөбе» футбол клубында 250 млн теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын анықтады (ішкі регламентсіз ойыншыларға сыйақы мен бонустар төлеу, мердігерлермен келісімшарттарда бағаның негізсіз жоғары болуы және т.б.), – делінген ресми жауапта.

Бектеновтің айтуынша, 2026 жылдан бастап әкімдіктерге кәсіби футболды дамытуға бөлінетін қаражатқа лимит қою және жеке инвесторларды тарту жұмыстары тапсырылған.

Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте халыққа арнаған жыл сайынғы жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев футбол командаларын жекешелендіру мәселесіне тоқталған болатын.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жекешелендірусіз футбол саласы дамымайды. Тоқаевтың сөзінше, кәсіби спортты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастыру керек.