«Француз қызы қазақша ән тыңдап, мүшелеп ет асады». Париждегі Элиздің ерекше хикаясы
Парижде Элиз Пакето есімді француз қызы тұрады. Жасы – 23-те, өзі қазақ тіліне ғашық. Техникалық бағытта білім алғанына қарамастан, қазақша үйреніп жүр. Оны әлеуметтік желіде бөлісіп, Threads, TikTok және Instagram-да екі тілде контент жариялайды. Ендеше, Элиз Пакетомен жақынырақ танысайық.
El.kz: Францияда туып-өсіп, техникалық бағытта білім алған жас маманның қазақ тіліне қызығуы – шынында да ерекше. Бірнеше жыл бұрын YouTube-та кездейсоқ көрген бейнежазбадан кейін қазақ тіліне ден қойғаныңызды айтқан едіңіз. Қазақ тілі сізді несімен баурады?
Элиз Пакето: Иә, расымен де, менің негізгі мамандығым техникалық бағытпен байланысты. Бірнеше қалада, соның ішінде Марсельде оқыдым, бірақ негізінен Парижде білім алдым. Алты жыл бойы «Сапа, қауіпсіздік және қоршаған ортаны басқару» мамандығын меңгеріп, магистр дәрежесін иелендім. Сонымен қатар сапа менеджменті бойынша бір жылдық мамандандыру курсынан өттім. Қазір сапа менеджері қызметін атқарамын.
Ал қазақ тіліне деген қызығушылығым жеті жыл бұрын пайда болды. Қазақ тілі мен бұрын естіген ешбір тілге ұқсамады. Лингвистикаға хобби ретінде қызығамын, сондықтан осы тілдің құрылымы мен қай тілдер тобына жататынын білгім келеді.
Францияда көп адам қазақ тілінің бар екенін білмейді. Көбі Қазақстанда тек орыс тілінде сөйлейді деп ойлайды. Кирилл әліпбиін көрген соң, қазақ тілі орыс тіліне ұқсас шығар деп ұйғарады. Мен де алғашында солай ойлағанмын. Бірақ кейін қазақ тілі мүлде бөлек, өзіндік құрылымы бар екенін түсіндім. Оның әуезі ерекше әсер етті.
El.kz: Қазақстанға екі рет келіпсіз. Алғашқы әсеріңіз қандай болды? Ақтау мен Бозжыра несімен есте қалды?
Элиз Пакето: Иә, Қазақстанға екі рет бардым, екі сапарым да Ақтауда өтті. Алғашқы сапарым қысқа болды, бірақ қыркүйекте Каспий теңізін көрдім, ауа райы өте жағымды еді. Екінші рет Бозжыраға бардым. Ол жердің табиғатына көзің тоймайды. Маған бәрі қатты ұнады. Еуропада көп саяхаттадым, АҚШ-та да болдым, бірақ бұл менің Азияға, нақтырақ айтқанда Орталық Азияға алғашқы сапарым еді. Қазақстан ерекше әсер қалдырды. Жергілікті тағамдардың дәмін де таттым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
El.kz: Қазақ тілін үйреніп жүріп, қазақстандықтармен сөйлесуге мүмкіндік болды ма?
Элиз Пакето: Бірнеше қазақпен сөйлестім. Ұялшақпын әрі қазақша жетік білмеген соң, көп сөйлеуге батылым жетпейді. Дегенмен Қазақстанда, Парижде және басқа да Еуропа елдерінде қазақ достарым бар.
El.kz: Енді Қазақстанның қай өңірлеріне барғыңыз келеді?
Элиз Пакето: Келесі жолы Алматыға барып, қаланы және оның айналасын көргім келеді. Жақын жерде әдемі көл барын білемін. Қыста Алматыда шаңғы теуіп көрсем, қызық болар еді. Болашақта Қазақстанның астанасы – Астана қаласына да барғым келеді.
El.kz: Қазір Париждегі қазақ мәдени орталығында қазақ тілін оқып жүрсіз. Сабақ қалай өтеді, деңгейіңіз қандай?
Элиз Пакето: Сабақ аптасына бір рет, сенбі күні екі сағат өтеді. Курс маған өте ұнайды. Деңгейім шамамен – «A2.2» . Алдымен «B2» деңгейіне, кейін мүмкін болса «C1» немесе «C2» деңгейіне жеткім келеді.
El.kz: Қазақ тілін үйрену үшін қандай құралдарды пайдаланасыз? Француз аудиториясы үшін бұл тіл қаншалықты қолжетімді?
Элиз Пакето: Өкінішке қарай, орыс тілін білмейтіндер үшін қазақ тілін үйренуге арналған ресурстар өте аз. Бұл үлкен қиындық тудырады. Мен Парижде тұратыныма қуаныштымын, өйткені қазақ мәдени орталығында сабаққа қатыса аламын. Егер Францияның оңтүстігінде тұрсам, мұндай мүмкіндік болмас еді.
Сондай-ақ қазақ тілі «Duolingo» қосымшасында жоқ. Ағылшын субтитрлері бар қазақша мультфильмдер мен фильмдерді көбірек көргім келеді, бірақ табу қиын. Қазақстанда тұрмаған соң, тыңдалым мен сөйлеу дағдыларын дамыту қиын болып отыр.
Тілді үйрену үшін «Abai Institute» сайтын қолданамын, сонымен қатар «ChatGPT» арқылы сөйлемдер мен грамматиканы талдаймын. «Threads» желісінде қазақша көп оқимын, қазақ достарыммен жиі сөйлесуге тырысамын.
El.kz: Қазақ тілін еркін меңгерген соң, оны француздарға үйрету жоспарыңызда бар ма?
Элиз Пакето: Бір күні қазақ тілінде еркін сөйлесем, неге үйретпеске? Бірақ қазір деңгейім жетпейді. Кем дегенде француздарды немесе шетелдегі қазақтарды осы әдемі тілді үйренуге шабыттандырғым келеді.
El.kz: Әлеуметтік желіде оқырмандарыңызға француз тілін үйретесіз бе?
Элиз Пакето: Көптеген қазақ оқырманым француз тілін үйреткенімді қалайды. Болашақта қызығушылық танытқан қазақтарға француз тілін үйреткім келеді. Тек уақыт бөліп, сапалы материалдар дайындауым керек. Қазақтар мені өте қатты қолдайды, бұл маған үлкен мотивация береді.
El.kz: Қазақ сөзі, музыкасы, тағамы, ұлттық киімі сізге қаншалықты жақын?
Элиз Пакето: Қазақ тіліндегі «жаным», «көктем», «аспан», «арман», «ай» деген сөздерді жақсы көремін. Айтылуы да, естілуі де – көркем. Менің сүйікті әнім – «Еркелеші», орындаушысы Mona Songz. Жалпы, қазақ пен үнді музыкасын жиі тыңдаймын. Ең сүйікті тағамым – асқан ет. Үстінде қазы болса, тіпті керемет. Үйде бір рет дайындап көрдім, бірақ Парижден қазы таба алмадым. Палауды да жақсы көремін, дайындау үшін жақында Қазақстаннан дәмдеуіштер сатып алдым.
Қазақтың дәстүрлі киімдері өте әдемі деп ойлаймын. Әсіресе, күміс әшекейлері ұнайды. Іс-шараларға киіп баруға тырысамын. Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмінің ЮНЕСКО-дағы көрсетілімінде, 2025 жылы Париждегі Наурыз мерекесінде немесе Қазақстан елшілігіндегі джаз концертінде кидім. Кейде күнделікті өмірде де қазақы сырға тағып жүремін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
El.kz: Қазақ тілінен бөлек тағы қандай тілдерді меңгеріп жүрсіз?
Элиз Пакето: Француз тілі – ана тілім. Ағылшын тілін білемін. Мектепте неміс тілін оқыдым, бірақ біразын ұмытып қалдым. Корей тілін орта деңгейде меңгергенмін. Қазір қазақ тілінен бөлек қытай (мандарин) және орыс тілдерін үйреніп жүрмін. Болашақта осы тілдерде еркін сөйлесем деймін.
El.kz: Қандай арман-мақсатыңыз бар?
Элиз Пакето: Мен полиглот болуды және әртүрлі мәдениеттерді терең танып-білуді армандаймын. Сондай-ақ таэквондода деңгейімді көтеріп, келесі дан сатыларын алғым келеді. Қазақстанға қатысты жоспарым – видеоларымның сапасын арттырып, «YouTube» арнасын ашу. Онда күнделікті өмірім мен мәдениетім, әсіресе шетелде аз танымал Прованс мәдениеті туралы көбірек бөліскім келеді. Болашақта Орталық Азияны Еуропада танытуға үлес қосып, осы бағытта жұмыс істейтін беделді тұлға болсам деймін.
El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

