«Францияның бірінші ханымы - ер адам ба?»: Макрон АҚШ журналисін сотқа берді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жұбайы Брижит Макрон америкалық журналист, консервативті белсенді әрі танымал подкаст авторы Кэндис Оуэнсті жала жапты деп айыптап, АҚШ сотына шағымданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
218 беттен тұратын шағым 24 шілде күні АҚШ-тың Делавэр штатының Жоғарғы сотына тіркелген. Бұл туралы CNN және Financial Times (FT) сынды беделді ақпарат көздері мәлім етті.
Дау қалай басталды?
36 жастағы Кэндис Оуэнс YouTube-та 4,5 миллионға жуық жазылушысы бар арнасында «Брижиттің болмысы« атты 8 бөлімнен тұратын подкаст сериясын жариялаған. Оның бір эпизоды «Францияның бірінші ханымы - ер адам ба?» деп аталады. онда Брижит Макронның 72 жастағы трансгендер әйел екенін, оның бұрынғы есімі – Жан-Мишель Тронье болғанын алға тартқан. Алайда бұл — Брижит Макронның туған ағасының есімі екені белгілі.
Шағым мәтінінде Макрондар Оуэнсті подкастын насихаттап, тыңдармандар санын көбейту үшін жалған ақпаратқа сүйенген, әлемдік деңгейде беделге нұқсан келтіруге бағытталған әдейі ұйымдастырылған жала кампаниясын жүргізді деп айыптайды.
«Оуэнс Макрондардың келбетіне, отбасылық өміріне, достары мен жеке тарихына тиісіп, бәрін гротеск сипатта көрсетуге тырысты. Бұл жалған баяндаулар Францияның бірінші отбасына қарсы жаһандық ауқымдағы тұрақты келемежге ұласты», — делінген сотқа жолданған ресми шағымда.
Макрондар бірлескен мәлімдемесінде Кэндис Оуэнске үш рет ресми түрде жалған мәлімдемелерден бас тарту талабын жолдағандарын, бірақ Оуэнстің ешқандай реакция білдірмегенін, сондықтан сотқа жүгіну – мәжбүрлі қадам болғанын атап өтті.
«Кэндис Оуэнстің әрекеттері бізге және отбасымызға әдейі зиян келтіруді, сонымен қатар өзін танымал ету мен назар аударуды мақсат етті. Біз оған жала мәлімдемелерден бас тартуға мүмкіндік бердік, бірақ ол одан бас тартудан үзілді-кесілді бас тартты», – делінген Макрондардың мәлімдемесінде.
Макрондардың адвокаттары Оуэнсті «абсурд, жала және ойдан құрастырылған теорияларды таратты» деп айыптап отыр. Сонымен қатар, сот құжаттарында Оуэнс Макрондар – туыстар, ал Эмманюэль Макрон CIA немесе MK-Ultra секілді сананы басқару жобаларының нәтижесі деген де мәлімдемелер жасағаны көрсетілген.
Тараптардың ұстанымы қандай?
Макрондардың заңгері Томас Клэр олардың Делавэрдегі сот отырысына жеке қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Кэндис Оуэнстің өкілі бұл әрекетті қорқыту мен қысым көрсетуге бағытталған саяси қадам деп бағалап, Брижит Макронның журналистің сұхбат алу туралы бірнеше өтінішін қабылдамағанын атап өтті.
Өз кезегінде Кэндис Оуэнс подкастында бұл сот ісін Макронның өзіне назар аударту үшін қолданған саяси пиар-амалы деп атады. Ол сондай-ақ, сот ісі туралы алдын ала ешқандай ескерту алмағанын жеткізді.
Бұған дейін де осындай айып болған
Брижит Макрон жайлы «гендерлік теориялар« алғаш рет 2021 жылы әлеуметтік желілерде тарала бастаған. Бұл тұжырымды әсіресе Кэндис Оуэнс пен Такер Карлсон белсенді түрде қолдаған. Макрондардың қазіргі шағымында Оуэнс бұл жалған ақпаратты АҚШ медиасында алғаш жариялаған тұлға ретінде көрсетілген.
Айта кетейік, осыған дейін Францияда да ұқсас іс қозғалған. 2024 жылы Брижит Макрон Наташа Рей есімді журналисті жала жапты деп сотқа берген. Бастапқыда Рей айыпты деп танылып, айыппұл төлеуге міндеттелгенімен, 2025 жылғы шілдеде Париж апелляциялық соты оны ақтап шықты. Енді Рейдің адвокаттары Брижит Макронға қарсы қарсы-шағым дайындап жатқанын мәлімдеді.

