©Pixabay.com

Франциядағы орман өрті 17 мың гектар аумаққа тараған

29.08.2025 08:26

Францияның Од департаментінде соңғы ондаған жылдағы ең ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақтық префектура әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасады, ал қызыл жалын шарпыған аумақ 17 мың гектарды құраған.

Өртке қарсы күреске жұмылдырылған өрт сөндірушілер мен өзге де қызметкерлердің арқасында 17 мың гектарды қамтыған орман өрті толықтай сөндірілді, – делінген хабарламада.

Өрт 5 тамызда басталып, ыстық ауа райы, қатты жел және төмен ылғалдылық салдарынан мыңдаған гектарға тез тараған. Le Parisien басылымының мәліметінше, бір адам – қарт әйел көз жұмған, тағы тоғыз адам жарақат алған.

Францияның ішкі істер министрі Брюно Ретайо бұл өртті 1949 жылдан бергі ең ауқымдысы деп атады. Ал Монпелье прокуроры Кристоф Барренің айтуынша, жүргізілген сараптама өрттің шығу жағдайлары оның қасақана жасалған болуы мүмкіндігін көрсеткен.