Францияның солтүстігіндегі Лангр қаласында орналасқан Дени Дидроның Ағарту үйі музейінен XVIII ғасырға тиесілі шамамен 2000 алтын және күміс монета ұрланған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы BILD-ке сілтеме жасап.
Музей өкілдерінің айтуынша, ұрланған жәдігерлердің көпшілігі — бірегей әрі тарихи құндылығы жоғары бұйымдар. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыскерлер әрекеттерін кәсіби деңгейде ұйымдастырған, яғни олар нақты нені және қайдан іздеу керегін жақсы білген.
Тергеушілердің мәлімдеуінше, соңғы айларда Францияда мұражайларды тонау оқиғалары жиілеген. Бұл бағытта ел аумағында тұрақты қылмыстық топтың әрекет етуі мүмкін деген болжам бар.
Қазан айының ортасында Францияның оңтүстік-батысындағы Жак Ширак музейі екі тәулік ішінде екі рет тоналды. Ұрылар бұрынғы президентке тиесілі зергерлік бұйымдар, сағаттар және дипломатиялық сыйлықтарды қолды еткен. Залалдың нақты көлемі әзірге есептеліп жатыр, полиция тергеуді жалғастыруда.
Бұған дейін, қыркүйек айында, Лимож қаласындағы Адриен Дюбуше ұлттық музейінен құны 6,5 миллион еуроға бағаланған үш қытай фарфоры ұрланған болатын. Бұл бұйымдар ресми түрде «ұлттық қазына» санатына енгізілген.
Ал бірнеше күннен кейін Париждегі Табиғат тарихы музейінен жалпы құны 1,5 миллион еуро тұратын таза алтындар жоғалып кеткен. 24 жастағы күдікті Испанияның Барселона қаласында ұсталды, ал оның сыбайластары Еуропа елдері бойынша іздестірілуде.
Қазір полиция бұл оқиғалардың бір ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі ме, әлде бір-бірінен тәуелсіз ұрлықтар ма — соны анықтап жатыр. Ал Лувр музейіндегі ұрлық ісіне қатысты тергеушілер кәсіби ұйымдастырылған топтың әрекет еткенін жоққа шығармайды.

