© El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E

Францияда өскен қарағандылық жігіт туған ата-анасын іздеп Қазақстанға келді

Threads желісін қолданушы Әсия осыдан шамамен жиырма жыл бұрын басталған, биыл жазда күтпеген жерден жалғасын тапқан бір оқиғаны баяндады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Анасын әп-сәтте тауып алдық»

18 жыл бұрын мен француз отбасына Қарағандыдан бір ұлды асырап алуға жәрдемдестім. Өте ширақ, дені сау бала еді. Отбасы да жақсы: анасы – әдебиеттанушы, корректор болып істейді, әкесі – Нормандияда орманшы. Парижде, Луврдан небәрі бес минуттық жерде тұрады. Тату-тәтті, баласыз отбасы еді. Асырап алғаннан кейін бізді екі рет қонаққа шақырды, – деп еске алады Әсия.

Оның айтуынша, бала жақсы білім алған, музыкамен де айналысқан. Есейген соң, өзінің туған ата-анасын табу туралы шешім қабылдайды. Биыл шілдеде отбасы ұлдарының 20 жасқа толуын атап өту үшін және іздеу жұмыстарын бастау мақсатында Қазақстанға келген.

Олар ананы мұрағаттан іздеді, бірақ балалар үйі жабылып кеткендіктен, полицияға да, Француз альянсына да жүгінді – нәтиже болмады. Қолдарында тек анасының аты-жөні жазылған бас тарту туралы өтініштің көшірмесі ғана болды, – дейді ол.

Google және бір қоңырау

Біз оларды кешкі асқа шақырдық. Мен бас тарту қағазындағы анасының аты-жөнін Google-ға енгіздім. Бірден жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені және байланыс нөмірі шықты. Күйеуім қоңырау шалып: «Сізге Мейіржан деген есім таныс па?» – деп сұрады. «Иә, ол – менің ұлым!» – деді әйел. Осылайша, күтпеген жерден, бірнеше минутта туған анасын таптық, – деп жазды Әсия.

Кездесуді ертеңгі күнге жоспарлады.

Асырап алған ата-анасы ұлдарын кафе есігіне дейін ертіп келіп: «Біз қасыңдамыз, бәрі жақсы болады» деді. Біз күйеуім екеуіміз аудармашы болдық. Өзіне қатты ұқсайтынын көріп, қуанды. Көңілді, жарқын жүзді әйел кіріп келді де, жігітті көрген сәтте қуаныштан күліп жіберді. Жігіт болса қысылып, көзін жиі тайдырып отырды. Кейін анасынан бас тарту қағазын қолмен жазып беруін өтінді – 20 жыл бұрынғыдай етіп сөзбе-сөз жазды. Күмәні бірден сейілді.

Жігіт: «Неге мені тастап кеттің? Ішімдік болды ма? Қашан тудым? Кім қабылдады? Еміздің бе? Шашың өрілген бе еді?» деп сұрақтарын қоя бастады.

Анасы былай деп жауап берді:

Сәбиіммен баратын жерім болмады, жігітім тастап кетті. Таңғы алтыда босандым, тоғызда бас тарту қағазына қол қойдым. Күн сайын дәрігерлер тыйым салғанша перзентханаға барып, қоспа мен жөргек апарып жүрдім. Кейін қайта аламын деп ойладым, іздедім, бірақ таба алмадым. Тұрмысқа шығып, екі қыз тудым, ажырастым. Жеке кәсіпкер ретінде өзімді әдейі жарияладым – ұлым іздеп қалар деп үміттендім. Кейде қасымнан өтіп кетіп, танымай қаламын ба деп қорқатынмын.

Әр туған күнінде мешітке барып, дұға етіп отырған.

Әкесімен кездесу

Анасының айтуынша, «әкесі жүктілікті тоқтатуға ақша беріп, содан соң із-түзсіз жоғалған». Атын атағанда, Google-дан суретін тауып, әйел растады. Таныстары арқылы нөмірін тауып, ертеңіне кездесу ұйымдастырылды.

Ол қатты таңғалды. Өзінің ересек ұлы барын білмеген екен. Үйленген, 17 жастағы қызы бар, – дейді Әсия.

Екі түрлі кездесу

Анасымен ол сырлас болды: пәтерінің терезесін, сүйікті кафесін, итпен қыдыратын саябағын көрсетті. Әкесіне мақтанышпен: "Жоғары экономика мектебінің магистратурасында оқимын, Парижде төрт пәтеріміз, Нормандияда екі үйіміз бар деді", – деп еске алады Әсия.

Бірге туған қаласын аралап, уақытты жақсы өткізді. Француздарды шығарып саларда, Әсия оның телефонының сыртына туған ата-анасымен түскен сурет тұрғанын байқап қалды. Жол бойы экранға қарап, сүйсініп отырды.

Асырап алған анасы бұл сәтті ауыр қабылдағанын жасырмады, бірақ «бәрін абыроймен өткерді».

Әсияның айтуынша, бұл кездесу жігіттің сан жылдар бойы маза бермеген «Мен кіммін?» деген сұрағына жауап болды.

«Жылдар бойы жанын жаралап келген «тастап кетті» деген өкініш пен «керексізбін» деген күйік те осы оқиғамен бірге сейілді деп ойлаймын. Бұл – шын мәнінде ғажайып оқиға», – деп жазды ол.