Жаңалықтар

Франшиза мен франчайзинг

Франшиза мен франчайзинг
17.11.2020 18:48 51836

Бүгінде отандық бизнес саласында франшиза деген ұғым кең қолданысқа ие болып келеді. «Әйгілі брендтің франшизасын сатып алып, ісін дөңгелетіп отыр» дегенді жиі естиміз. Сонымен, нарықтық қатынастардың жаңа кезеңінде бизнес қолданысқа енген бұл сөздің мағынасы нені білдіреді, оның істі дөңгелетіп әкететіндей құдіреттілігі неде? Бүгінгі мақала тақырыбы осы төңіректе мәлімет беруді көздейді.

Сонымен, хош делік...

Франшиза - бәлкім әлемдік, бәлкім тіпті белгілі бір аумақта тұтыным нарығының қолданысында жүрген танымал брендтің немесе әлдебір сауда белгісінің тауарын, қызмет түрін коммерциялық мақсатта таратуға берілетін рұқсат.

Ал франчайзинг дегеніміз, бұл бизнестің ұйымдастырылу тізбегі. Бренд қожайынының франчайзиге (франшизаны сатып алушы тұлға немесе компания) өз өнімін сатуға, таратуға құқық беруі.  

Қазақстан нарығында бүгінде өте сәтті қолданылып жүрген шетелдік танымал тауар маркаларының барлығы дерлік тіпті компьютерлік ойындар мен кинофильмдерге дейін франшиза болып есептеледі. Ол үшін біздің кәсіпкерлер мен шетелдік бренд қожайыны арасында сәйкесті келісім шарт жасалады және франшизаның келісілген құны өтеледі.

Сонымен франшиза несімен тиімді деген сұраққа келейік.

Франшиза мен франчайзинг

Біріншіден, әлемдік рынокта тәжірибесі, беделі бар франшизаның өтімділігі де жоғары. Сондай-ақ, бұл жалпы сауда-саттық пен қызмет көрсету нарығында аса тәжірибелі емес қазақстандық кәсіпкерлер үшін бизнес бағдар беретін, қажет кезінде ақыл-кеңесімен бөлісетін үлгі алу алаңы болып табылады. Қазақстандық кәсіпкерлердің барлығы бірдей шетелдік франшизаны түп-тамырымен көшіре бермейді. Бизнеске икемділігі жоғары қабілеттілері оны өздеріне тиімді тұстарын ғана пайдаланып, қазақстандық нарық үшін ықшамдап, оңтайландырып алып жатады.

Жалпы Қазақстан нарығына шетелдік франчайзингтердің енуі – ішкі экономикаға оң ықпал етпей қоймады. Бұл сұраныс пен ұсыныс сапасының өсуіне де жақсы жағдай туғызды. Себебі, шетелдік тауар мен қызметтің сапасының жоғарылығын аңғарып үлгерген тұтыным рыногының қатысушыларында таңдау мен талғам қалыптасады.

Жалпы белгілі жәйт, қандай да бір бизнеспен айналысу үшін, оның жобасы мен жоспарын қағазға түсіріп, кірісі мен шығысын мұқият зерделеп алған жөн. Алғашқы жобалау сметалық құжаты арқылы бизнестің іргетасының негізі қаланады.

Ал франшизаны сатып алушылар үшін жаңа идея ойлап табудың, жоспар сызып, бас қатырудың түкке де қажеті жоқ. Себебі, франшизада барлық бизнес қадамдары нақпа-нақ тізбектеліп, есептеліп, тіпті одан түсетін кіріс көлеміне дейін көрсетіліп сатылады.  Ал келісім шартта сатып алушы мен сатушы тараптардың құқықтары мен міндеттрері, арнайы жеңілдіктер мен франчайзидің талаптары көрсетіледі. Көп жағдайда тәжірибе көрсеткендей, жолға қойылған франшизаның ісі бірден алға басып кетіп жатады. Ол үшін алғашқы жарнама жасаса ғана жеткілікті болатын жағдайлар да болады.

Себебі, халықаралық тұтыным нарығында атағы бар өнімге немесе қызметке тұтынушылар өздері-ақ ағылып келіп жатады.  Оған Қазақстан нарығында аз ғана уақытта үлкен танымалдылыққа ие болған «KFC», «Starbucks», «McDonald’s» секілді брендтердің дүңгіршектерінің алдының адамнан арылмайтыны дәлел бола алады.

Ал отандық франшиза қаншалықты сұранысқа ие болып отыр деп ойлайсыз?

Қазақстанда Франчайзинг қауымдастығы бар. Осы үкіметтік емес ұйымның мәліметіне сенсек, қазіргі өзіміздің нарығымыздағы отандық франшизалық компаниялардың үлесі 20 пайыз. Өкінішке орай, қазақстандық франшизалардың нарық бәсекелестігіне төтеп беретін қауқары төмен. Неге деген заңды сұрақ туындайды. Себебі,  шетел тауарларының жарнамасы мықты. Алпауыт елдерде жарнаманың маңыздылығына мән беріледі. Сондықтан кәрі құрлықтың арғы бетінде өндірілген өнімнің өзінен бұрын бізге жарнамасы бірінші болып жетеді. Екіншіден, шетелдік тауарлар сапалы әрі бағасы да қолжетімді болып келеді. Оның үстіне көздің жауын алардай сан түрлілігі және бар.

Қауымдастық өкілдерінің деректерін сарапқа салар болсақ, қазақстандық өнім өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің басты бәсекелестері - Ресей, Қытай және Америкадан келген франшизалар екен.

Сонымен қатар, Қазақстан нарығында бүгінгі таңда Еуропа елдерінен, Түркиядан, Австралиядан, Израильдан, Жапониядан келген франшизалар да төбе көрсетуде.

Қазақстанның аяғынан жаңа тұрған кәсіпкерлігі үшін мұндай алып елдердің атағы жер жарған брендтерімен, сауда белгілерімен иық теңестіріп, бәсекелестік бәйгесіне бәс тігу оңай болып тұрған жоқ.

Жалпы әлем нарығын қарастырар болсақ, франшизаның көлемі бойынша Ортаазитялық елдер көш басында келеді. Экономиканың нақты кірісі франшизаның үлесінен қалыптасатындығына көз жеткізген дамушы елдер бүгінде оның үлесін көбейтуге күш салуда. Алып қарар болсақ, Бразилияның өзінде ішкі франшизаның үлесі тоқсан пайызға дейін жеткен. Қазақстандық франшиза иелері де ел нарығындағы үлес салмақтарын алдағы екі-үш жылдықта елу пайызға дейін көтеруді көздейді. Деректер мен дәйектерге сенсек, қазіргі кездің өзінде қазақстандық франчайзингтің жылдық табысы 3 миллиард теңге межесін еңсеріп үлгерген. Соңғы жылдарда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры да франчайзингтік және франшизалық бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қаржылай қолдауға көңіл бөлуде. Осы мақсатта франшизамен айнгалысамын деген кәсіпкерлерге төмен пайызды несие де үлестірілуде.

Қазақстанда дәл осы бағытта жыл сайын «KazFranch» көрмесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл қазақстандық бизнес өкілдерінің шетелдік кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуына, серіктестік құруына мүмкіндік беретін мүдделі іс-шара.

Бір мәселе, шетелдік франшиза бағасы күніне қырық құбылатын доллар бағасына тәуелді. Сондықтан, өнімді доллармен алатын қазақстандық кәсіпкерлер кей жағдайда бағаны бақылаудан шығарып алуға мәжбүр болатыны да жасырын емес.

Сарапшылардың дегеніне сенсек, Қазақстандағы франшизалар негізінен киім-кешек пен азық-түлік төңірегінде қалыптасуда. Жалпы қазақстандық нарықта азиялық косметика, балаларға арналған оқыту, тілдік бағдарламалардың, туристік фирмалар мен қонақ үйлердің, медициналық орталықтардың, экологиялық таза өнімдер франшизаларының наны жүріп тұр.

Ал енді франшизаның бағасы әртүрлі. Алайда, көп жағдайда 1 млн теңгеден басталады. Жалпы франшизаның бағасы оның танымадылығына байланысты қалыптасып отырады екен. Бренді жоғары франшиза үшін әрине бірнеше миллионға дейін шығындануға тура келеді.

Франшиза бойынша бизнес ашу үшін бірінші кезекте, өзіңіздің немен айналысқыңыз келетінін анықтап алу қажет. Қандай франшиза болмасын, оған жоғары талғаммен таңдау жасаған жөн болады.  Жалпы мамандар кәсіп бастауға ниет білдірген жанға мамандығына жақын немесе ол туралы түсінігі бар салада франшиза таңдауға кеңес береді. Және тағы бір есте ұстайтын жәйт, нарықта дайын франшизаларды сататын делдалдар да бар. Олардың қызметіне жүгіну арқылы, нарықта өтімділігі жоғары франшизаны тиімді бағада сатып алуға болады. Қалай болған күнде де, көзді тарс жұмыс тәуекелге бел бумай тұрып, өзіңіз сатып алуға мүдделі франшизаның сіз тарататын аймаққа бейімділігі мен өтімділігі туралы алдын ала зерттеу жүргізіп алған дұрысырақ болады.

Жалпы франчайзингтің негізін салған «Singer Sewing machine company» компаниясының басшысы  Исаак Зингер  болып есептеледі. Фирма күллі әлем халқына белгілі Зингер тігін машинасын шығарумен айналысқан.  

Бұл компания 1851 жылдан бастап жазбаша түрде дистрибьюторлармен келісім жасауды алғашқы болып қолға алған. Бұл келісім шартта белгілі бір аймақтарда тігін машинасын сату және жөндеу құқығын беру көзделген.

Ал әлемдегі ең бай, табысты франшизаның қай компанияға тиесілі екенін білесіз бе?! Бұл әрине аузын айға білеген атақты Mcdonald’s компаниясы.

Қазіргі уақытта әлемнің 120 елінде 36 000-нан астам McDonald’s мейрамханалары бар. Бұл мейрамханаларда ұзын саны бір миллион жеті жүз мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Ал Қазақстанда  McDonald’s мейрамханалары Нұрсұлтан, Алматы, Қостанай және Ақтөбе қалаларында бар екен.

Жалпы франшиза сатып алу кезінде асқан ыждағаттылық пен сауаттылық қажет. Әрине, бұл дайын бизнес. Ол үшін сіз арнайы мәзір де құрмайсыз, жаңа идея енгіземін деп бас та қатырмайсыз, жаңаша дизайн ойластырмайсыз. Бастысы, сізден керегі күш-жігер, уақыт және сауаттылық.

Бүгінде франшизалардың сауда нарығында танымалдылыққа ие болғаны соншалық, тіпті өтірік франшизалар да көбейіп кетті.

Сондықтан франшиза сатып алғанда оның қаншалықты брендке айналғандығына назар аудару керек.

Сондай-ақ, іс оңға басу үшін оның орналасу жерін дұрыс таңдау қажет. Тіпті сол аумақта тұратын адамдардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын зерттеп алған да артық болмайды.

Франшизаны сатып алғанмен, оның әрбір сауда маркасын пайдалану үшін төленетін төлемдер бар екенін де естен шығармау керек.

Бұл төлемдер франшиза нарығында «роялти» және «паушалды жарна» деп аталады. Бұл екеуінінң бір-бірінен айырмашылығы сәл-ақ. Роялти – бұл франшизаны сатып алушының оның қожайынына бренд логотипін немесе өзге де сауда белгілерін әрбір қолданған сайын төлейтін төлемі. Оның көлемін және төлеу тәртібін брендтің иесі өзі белгілеуге құқылы.

Ал пашуалды жарна деп отырғанымыз келісімшарт жасасқан уақытта төленетін бір реттік жарна.

Франча́йзинг сөзі (franchise) француз тілінен аударылғанда жеңілдік, басымдылық, салықтан босату дегенді білдіреді екен. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға