Forbes Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімін жаңартты
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Forbes Kazakhstan басылымы еліміздің ең дәулетті кәсіпкерлерінің тізімін жаңартты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстанның қаржы нарығында банктік сектордағы бірқатар маңызды мәмілелер жүзеге асты. Бұл келісімдер елдің алпауыт миллиардерлерінің активтері мен байлығына айтарлықтай ықпал етті. Атап айтқанда, Вячеслав Кимнің Alatau City Bank-ті (бұрынғы Jusan Bank) сатып алуы және Булат Өтемұратовтың ForteBank арқылы Home Credit Bank-ті иеленуі олардың нарықтағы салмағын арттырып, капиталын едәуір өсірді.
Home Credit Bank-ті сатып алу туралы жарияланымнан кейін ForteBank акциялары күрт өсіп, Булат Өтемұратовтың байлығы $6,46 млрд-қа жетті. Сол сияқты Jusan Bank-ті сатып алғаннан кейін Вячеслав Кимнің байлығы шамамен $7,73 млрд-қа бағаланды. Тимур Турловтың да жағдайы жақсарды – NASDAQ-та Freedom Holding акцияларының 34%-ға өсуі оның капиталын $7,6 млрд-қа дейін жеткізді.

1. Вячеслав Ким — $7,73 млрд
Вячеслав Ким — Kaspi.kz компаниясының негізгі акционері. 2024 жылы Kaspi.kz Түркияның ірі маркетплейсі Hepsiburada-ның 65,41% акциясын $1,127 млрд-қа сатып алып, халықаралық нарықтағы үлесін едәуір кеңейтті. 2025 жылы Kaspi.kz акцияларының бағасы $79,72 мен $109,65 аралығында құбылып, 29 шілдеде $85,96 болды. Компанияның нарықтық капитализациясы $16,4 млрд-ты құрап, Кимнің үлесі $3,5 млрд-қа бағаланды.
Сонымен қатар, ол Alatau City Bank-тің (бұрынғы Jusan Bank) 100% акциясын иеленіп, оны инновациялық қаржы институтына айналдыру ниетін білдірді. Банк активтері 2025 жылдың 1 маусымында 3,4 трлн теңгені құрады.
Kaspi.kz 2024 жылы таза пайдасын 25%-ға, кірісін 32%-ға өсірді. Вячеслав Ким сонымен қатар «Алсеко» АҚ, «Астана-ЕРЦ», «ELTOP Soft» және «ПОЗИТИВ Инвест» сияқты IT және қызмет көрсету компанияларына иелік етеді.

2. Тимур Турлов — $7,6 млрд
Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы және 69,28% үлесінің иесі. 2025 жылы компанияның акциялары $133,25-тен $179,21-ге дейін өсіп, Турловтың үлесін $7,6 млрд-қа жеткізді. Компания 22 елде, соның ішінде АҚШ, Германия, Өзбекстан және Кипрде жұмыс істейді.
Қазақстанда оған тиесілі: Freedom Bank, Freedom Finance Insurance, Freedom Life, Arbuz.kz, Freedom Travel және басқа да қызметтер. Сонымен қатар, ол Freedom Mobile дүкендер желісі, Freedom Drive автосервисі, Tatler Kazakhstan журналы, Chocofamily, Naimi.kz, Citix, Bilim Media Group және Easytap Ltd. компанияларына инвестиция салған. 60% үлесі арқылы Сарыарқа әуежайының бас компаниясын бақылайды.

3. Булат Өтемұратов — $6,46 млрд
ForteBank акцияларының шілде айында күрт өсуі Өтемұратовтың байлығын $3,7 млрд-тан $6,46 млрд-қа дейін арттырды. ForteBank-тің 91,1% үлесіне иелік етеді. 27 маусымда Home Credit Bank-ті сатып алу туралы мәлімдемеден кейін акция бағасы 14,1%-ға өсіп, 10 шілдеде 32,53 теңгеге жетті. 29 шілдеде акция бағасы 22,53 теңге болды.
Өтемұратов Beeline Kazakhstan брендімен танымал «КаР-Тел» телекоммуникациялық компаниясын бақылайды. Сонымен қатар, ол Ritz-Carlton (Астана, Вена, Мәскеу), Rixos Borovoe қонақ үйлерін, Global Development құрылыс компаниясын және бұрынғы Burger King франшизасын басқарған.

4. Владимир Ким — $5,7 млрд
Негізгі активтері: KAZ Minerals Ltd. (63,5%), Kazakhmys Holding Ltd. (70%) және Банк RBK (89,79%). KAZ Minerals — еліміздегі ең ірі тау-кен компанияларының бірі. Оның активтері биржада саудаланбайтындықтан, капиталы өзгеріссіз қалды.

5. Тимур Кулибаев — $5,6 млрд
Тимур Кулибаев пен жұбайы Динара Кулибаева Halyk Bank-тің 69,77% үлесін «Алмэкс» холдингі арқылы бақылайды. 2025 жылдың 1 маусымындағы банк активтері — 18,58 трлн теңге, таза пайда — 400 млрд теңгеден жоғары.
Нарықта банк акциялары өсіп, Кулибаевтардың үлесі $4,7 млрд-қа жетті. Бұдан бөлек, олар «Кипрос», Qazaq Oil АЖС, «Бахус», Prime Aviation, KazStroyService, Crystal Management, Kaspiy Neft, Premier Development және Mercury Properties компанияларына иелік етеді.

5. Динара Кулибаева — $5,6 млрд
Негізгі капиталы — Halyk Bank-тегі үлесі. «Алмэкс» арқылы басқарылатын банк 2025 жылдың басынан бері тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сонымен қатар, Кулибаева жоғарыда аталған Тимур Кулибаевтың бизнес активтерінің ортақ иесі.

