«Фонограммаға тыйым салу, жасанды интеллект». 2025 жылы қандай заңдар қабылданды?
Биыл елімізде бірқатар маңызды заң қабылданды. Бұл құжаттардың кейбірі қазірдің өзінде күшіне еніп, азаматтардың күнделікті өміріне ықпал етіп жатыр. Жаңа талаптар қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірі қолдауға ие болса, енді бірі қызу пікірталасқа себеп болды.
Айта кетейік, бүгінге дейін президент 230 заңға қол қойған, ал Мәжіліс ұсынған 356 заң жобасының 83-і әлі қаралу сатысында. Ендеше, осы жылы ел назарын аудартқан басты заңдарға қысқаша тоқталайық.
Денсаулық саласы
Бұған дейін 3,5 миллион қазақстандық әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кірмей келген. Бірақ биыл маңызды өзгеріс болды. Енді МӘМС төлемеген азаматтар да онкологиялық тексеруден тегін өте алады. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Мәжіліс депутаттары мен Үкімет ортақ мәмілеге келді.
Сонымен қатар сирек диагнозбен дүниеге келген балаларға да нақты қолдау көрсетіле бастады. Микротия және атрезия дерті бар балалар енді мемлекет көмегінен тыс қалмайды. Заңға сәйкес, әкімдіктер өз аумағындағы 1, 2 және 3-деңгейдегі құлақ мүкістігі бар, бірақ мүгедектігі жоқ балалар мен ересектерді есту аппаратымен қамтамасыз етуге міндеттелді.
Заң күшіне енгеннен бері 68 бала мен ересек азамат құны миллиондаған теңге тұратын есту аппаратын тегін алған.
Жаңа салық кодексі
Жаңа жылдан бастап елде Салық кодексі жаңарады. Бұл өзгеріс әсіресе табысы жоғары азаматтарды алаңдатпай қоймады. Өйткені енді кім көп табыс тапса, сол көбірек салық төлейді. Ал табысы төмен тұрғындар үшін, керісінше, салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Билік бұл қадамды әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге бағытталған шешім деп түсіндіреді.
Фонограммаға тыйым салынды
2025 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты заңға қол қойды. Түзетулердің ең өзекті тұсы – концерттер кезінде фонограмма қолдануға толық тыйым салу.
Жаңа талап 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап күшіне енді. Заңға сәйкес, 200 адамнан артық жиналатын концерттерде фонограмма пайдалануға болмайды. Бұл шектеу теледидарлық жазбаларға немесе арнайы техникалық жабдықталмаған орындарға қатысты емес.
Егер талап бұзылса, ұйымдастырушыларға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл шамамен 3,9 миллион теңге. Талаптардың сақталуын жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Яғни, енді Қазақстанда өтетін жеке концерттерде орындаушылар тек жанды дауыспен ән айтуы тиіс.
Жасанды интеллект
Заңда не бекітілді
Сондай-ақ биыл жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Бұл құжат – елде ЖИ жүйелерін дамыту мен қолдануды реттейтін алғашқы кешенді құқықтық негіз. Заң 7 тараудан, 28 баптан тұрады және жасанды интеллект саласындағы «ойын ережесін» нақты айқындайды.
Жаңа нормаларда алғаш рет «жасанды интеллект», «модель», «жүйе», «деректер кітапханасы», «синтетикалық нәтиже» сияқты негізгі ұғымдар заң жүзінде бекітілді. Ең бастысы – азаматтың келісімінсіз жасанды интеллект арқылы оның бейнесін, деректерін немесе мінез-құлқын пайдалануға тыйым салынады. Яғни, инновациялық жүйе мазақ етудің құралына айналмауы тиіс.
Құжатта адам құқығы мен жеке мүддені қорғауға басымдық берілген. Сонымен қатар жасанды интеллектті қолдануда ашықтық, қауіпсіздік талаптары, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардағы пайдалану тәртібі нақты жазылған. Бұл саладағы Үкіметтің өкілеттігі де кеңейтілді.
Осылайша, Қазақстан жасанды интеллектті құқықтық тұрғыда реттеген елдердің қатарына қосылып, технологияны экономика мен мемлекеттік басқаруға қауіпсіз енгізудің негізін қалады.
Әкімшілік әділет мәселелері туралы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік әділет, нормашығармашылық және заң көмегіне қатысты заңға қол қойды. Құжаттың басты мақсаты – әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормаларын жетілдіру және сот жүйесінің жұмысын тиімді ету.
Жаңа заңға сәйкес, азаматтық іс жүргізу кодексіндегі кейбір істер санаты әкімшілік әділет саласына көшіріледі. Сонымен қатар адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары мен сот сарапшыларының қызметі құқықтық тұрғыда нақты реттеледі.
Билік бұл өзгерістер соттарға түсетін жүктемені азайтып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және ведомстволық бақылауды оңтайландыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Ниқаб пен паранжа
2025 жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстанда бет-әлпетті толық жабатын киімге тыйым салынды. Енді қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін ниқаб пен паранжа сияқты киімдерді киюге болмайды.
Билік бұл шешімді қоғамдық қауіпсіздікті күшейту қажеттілігімен түсіндіреді. Соңғы бес жылда елімізде бет-жүзін жауып, камераны алдауға тырысқан қылмыскерлердің қатысуымен 105 қылмыс тіркелген. Олардың қатарында тонау, қарақшылық, алаяқтық, ұрлық, ауыр дене жарақатын салу, тіпті адам өліміне әкелген оқиғалар бар. Бет-әлпеттің жабық болуы қылмыскерді анықтауды қиындатқан.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бет жабылған жағдайда бейнебақылау камералары адамның түрін нақты тани алмайды. Сондықтан жаңа талап адамдар көп жиналатын орындарда тәртіпті сақтауға бағытталған.
Ал маңыздысы бет-жүзді толық жаппайтын діни киімдерге бұл тыйым жүрмейді. Орамал, хиджаб, шейла сияқты киім үлгілерін кию бұрынғыдай рұқсат етіледі. Шектеу тек адамның түрін мүлде тануға мүмкіндік бермейтін киімдерге қатысты.
Заңды бұзғандар қалай жазаланады?
Заң талаптарын бұзған жағдайда, алғаш рет ескерту беріледі. Егер ереже қайта бұзылса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 40 мың теңге. Айыппұл барлық азаматтарға бірдей қолданылады.
Жаңа су кодексі
Биыл қабылданған маңызды заңдардың тағы бірі – жаңа Су кодексі. Қазақстан суға тапшылық байқалатын мемлекет, сондықтан бұл құжат ерекше мәнге ие.
Ескі кодекс тек суды тұтынуды реттейтін болса, жаңа кодекстің басты мақсаты – суды үнемдеу және тиімді пайдалану. Заң су ресурстарын басқаруды жүйелеуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
Рақымшылық туралы
Бұдан өзге елімізде кезекті рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі оншы рақымшылық болып есептеледі. Заң ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды босатуды көздейді.
Алайда жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау сияқты ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілінбейді. Бұл қадам қоғамда әділеттілікті күшейту және кейбір азаматтарға екінші мүмкіндік беру мақсатында қабылданған.
Конституциялық Сот
Енді еліміздің кез келген азаматы Конституциялық Сотқа тікелей жүгіне алады. Алайда бұл құқық заңды тұлғаларға берілмеген. Конституциялық Сот нақты қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істерді қайта қарамайды. Ол тек нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексереді.
Маңыздысы – азаматтар барлық сот сатыларынан өтіп бітіруді күтпей-ақ, егер заң нормасы императивті сипатта болып, тікелей әсер етсе, бірден Конституциялық Сотқа өтініш бере алады. Бір өтінішпен бірнеше заң нормасын даулауға болады, ал өтініш беру мерзімі шектелмейді. Конституциялық Сот тек азаматтардың бастамасы негізінде жұмыс істейді.
Сот құрылған уақыттан бері оған 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл азаматтардың өз конституциялық құқықтарын қорғауға белсенді кіріскенін көрсетеді.
Бұрын қалай еді?
Ал бұрын жағдай мүлде басқаша еді. 1995 жылдан 2022 жылға дейін елімізде Конституциялық Сот емес, Конституциялық Кеңес жұмыс істеді. Ол кезеңде қарапайым азаматтар бұл органға тікелей жүгіне алмады. Өтініштер тек Президент, Парламент депутаттарының белгілі бір саны, Премьер-Министр, соттар немесе мемлекеттік органдар арқылы ғана қабылданатын. Жеке азаматтардың шағымы қаралмай, құқықтық қорғаныс әлдеқайда шектеулі болды.
Мопедтерге қатысты
2025 жылғы 5 сәуірден бастап елімізде мопедтерге қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді тіркелмеген мопедпен жүруге және жүргізуші куәлігінсіз қозғалысқа шығуға тыйым салынады.
Жаңа ережеге сәйкес, мопедті заңды түрде пайдалану үшін оны полицияда тіркеу міндеттелді. Сонымен қатар жүргізушінің А1, А немесе В санатындағы куәлігі болуы керек.
Бұдан бөлек, көлік техникалық тексеруден өтіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыруы рәсімделуі тиіс. Билік бұл өзгерістерді жол қауіпсіздігін күшейтуге және мопед қатысатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған қадам деп түсіндіреді.
Тұрғын үй бойынша заңдар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйді басқаруды жетілдіру, салық реформасы және экспорт-кредит агенттігінің жұмысын реттеу бойынша үш жаңа заңға қол қойды.
Тұрғын үйді басқару: көпқабатты үйлерді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді — «қарапайым серіктестік» формасы жойылып, енді тек меншік иелерінің бірлестігі немесе тікелей жалпы басқару қалады.
Салық заңнамасы: түзетулер салық шегерімдері, кредиттік есептеулер мен әмбебап табыс декларациясына қатысты рәсімдерді нақтылап, құқықтық айқындықты арттырады.
Әкімшілік жауапкершілік: тұрғын үй-коммуналдық саласындағы бұзушылықтарға қатысты жаңа ережелер енгізілді.
Экспорт-кредит агенттігі: заң халықаралық сауданы қолдауға және агенттіктің жұмысын тиімді етуге бағытталған өзгерістерді қамтиды.
Бұл тек қабылданған заңдардың бір бөлігі ғана. Олардың бәрі елдің қоғамдағы өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Қысқаша айтқанда, 2025 жылы қабылданған заңдар қауіпсіздікті күшейту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және құқықтық айқындықты арттыруға қызмет етеді.
ЛГБТ
Сенат күні кеше ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды мақұлдады. Құжатта педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникациялық желілерде және онлайн-платформаларда таратуға шектеу қою қарастырылған.
Заң қабылданғаннан кейін Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Бұл түзету әлеуметтік желілерде дәстүрге жат сексуалдық қатынастарды насихаттауға тыйым салуды білдіреді. Бұдан өзге фильмдер мен кітаптарда ЛГБТ-насихат анықталған жағдайда, олар 18+ немесе 21+ деп белгіленіп, тексеруден өтетін болады.

