republicpalace.kz

Фонограмма қолдануға қатысты заң қайта қаралады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Талқылау қорытындысы бойынша Сенат құжаттың бірқатар баптарына түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске кері қайтарды.

Аталған заң жобасы мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларындағы құқықтық негізді жаңғыртуға бағытталған. Бұл өзгерістер ұлттық заңнаманы жетілдіріп, оны қазіргі талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Сенатор Талғат Жүнісовтың айтуынша, заң жобасы жұмыс тобы мен комитет отырыстарында егжей-тегжейлі талқыланғанымен, талдау барысында қосымша ұсыныстар мен ескертулер түскен. Осыған байланысты бірқатар түзетулер енгізілді.

Мәселен, «Мәдениет туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес:

Концерттік және мәдени-бұқаралық іс-шараларда фонограмма қолдануға шектеу қою ұсынылады (арнайы бейімделмеген орындарды қоспағанда);

Фонограмма пайдаланылған жағдайда көрерменді бұл туралы алдын ала хабардар ету міндеттеледі;

Бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларда шығармаларды жариялағанда автордың аты-жөнін көрсету талабы нақтыланады;

Орта білім беру нысандарын салу мен жөндеу мәселесінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар жергілікті атқарушы органдар тізімінен алынып тасталады.

Сондай-ақ, құжаттың кейбір баптарының күшіне ену мерзімін қайта қарау ұсынылды.