Физиканы формуламен емес, зымыранмен үйреткен ұстаз
Қазір мектепке қандай мұғалім керек? Құрғақ теориямен шектелетін ұстаз ба, әлде баланы тәжірибе арқылы ойлауға үйрететін тәлімгер ме? Ақтаулық педагог Еркін Макенов оқыту шеңберін кеңейтіп, шәкірттеріне зымыран құрастыруды да, сахнада еркін болуды да үйретіп жүр.
Еркін Макеновті әріптестері бекерден-бекер «сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз» деп атамайды. Ол күнделікті сабақ берумен ғана шектелмей, оқушылардың ғылыми, инженерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Физика пәнінің мұғалімі мектеп қабырғасында зымыран модельдеу үйірмесін ұйымдастырып қана қоймай, жасөспірімдердің өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында рок-ансамбль де құрған. Осы ерекше тәжірибе жайында ұстаздың өзімен сұхбаттастық.
Бүгінде білікті ұстаз Ақтау қаласындағы «English School» ағылшын мектеп-гимназиясында қызмет етеді. Білім беру саласында 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ол физиканы тек формула мен тақтадағы есеп ретінде емес, өмірмен байланыстыра оқытуды басты қағида санайды. Сол себепті сабақтан тыс уақытта оқушылармен практикалық бағыттағы жобаларға ерекше көңіл бөледі.
– Еркін Зейноллаұлы, зымыран модельдеу идеясы қалай пайда болды?
– Бұл идея физиканы балаларға «көзбен көріп, қолмен ұстап» түсіндіру қажеттілігінен туды. Физиканы тек тақтадағы формуламен шектеуге болмайды. Балалар зымыранның нақты ұшу сәтін – іске қосылуын, әуеге көтеріліп, белгілі бір траекториямен қозғалуын, сол үдерісте кеткен қателіктер мен оларды түзету жолдарын өз көзімен көргенде пәнге деген қызығушылығы бірнеше есе артады.
Сонымен қатар оқушыларға нақты мақсаты, шектеуі, есептеуі және жауапкершілігі бар, теория мен тәжірибені ұштастыратын инженерлік тапсырма ұсынғым келді. Осылайша зымыран модельдеу үйірмесінің форматы қалыптасты.
Бүгінде үйірме мүшелері бірнеше жыл қатарынан Алматы қаласында өтетін республикалық Kazakhstan Smart Space байқауына қатысып жүр. Команда екі мәрте жүлдегер атанып, «Халықаралық ғарыш станциясындағы орбиталық эксперименттер» номинациясы бойынша І орын иеленген. Бұл жоба «Шығармашылық зерттеулер мен ғылыми эксперименттер» бағыты аясында жоғары бағаланған. Сонымен қатар үйірме «Сириус. Байқоңыр» аймақтық орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Зымыранды ұшырған сәт
– Қазір үйірмеге қандай жастағы оқушылар қатысады?
– Мектепте екі жас санатымен жұмыс істейміз. Бірі – 7-9 сынып оқушылары, екіншісі – жоғары сыныптар. Кіші топ қолжетімді материалдардан оқу үлгілерін құрастырады. Олар зымыран корпусын тығыз қағаздан немесе жұқа картоннан жасап, желім, тұрақтандырғыш қалақшалар, алдыңғы бөлігіне қаптама және қарапайым құтқару жүйесін – парашют немесе лентаны қолданады.
Ал жоғары сынып оқушылары күрделірек деңгейге көшіп, электроника элементтерімен жұмыс істейді. Олар жылдамдықты, үдеуді, биіктікті өлшейтін құрылғыларды пайдаланып, ұшу параметрлерін талдайды.
– Бір зымыран моделін жасауға қанша уақыт кетеді?
– Алғашқы кезеңде көп уақыт кетті, өйткені барлығы үйрену процесінен өтті. Орта есеппен бір зымыран моделін жасау – сызу, құрастыру, сынақ және ұшыруға дайындық бірнеше сабаққа созылады. Ал ұшыру күндері балалар үшін нағыз мерекеге айналады.
– Оқушылардың өзара міндеттері қалай бөлінеді?
– Балалар бірнеше топқа бөлінеді. Конструктор-инженерлер зымыран корпусын құрастырып, тұрақтандырғыштарын орнатады, салмақтың дұрыс бөлінуін және ұшу кезіндегі орнықтылықты қамтамасыз етеді.
Ал электроншылар арнайы қосымшалармен жұмыс істеп, датчиктер арқылы ұшу барысындағы деректерді жинап, талдайды.
– Мұндай жобада қандай қиындықтар кездеседі?
– Қиындықсыз болмайды. Қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау, зымыранның ұшу тұрақтылығы, ауа райының қолайсыздығы, алаң таңдау, ұйымдастыру мен жауапкершілікке қатысты мәселелер кез келген инновациялық жобада кездеседі.
– Зымыран модельдеу оқушыларға нақты не береді?
– Ең алдымен, физиканың күрделі тақырыптарын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Реактивті қозғалыс, импульс, масса орталығы, ауа кедергісі, өлшеу және қателіктерді өңдеу секілді ұғымдар нақты іске айналады.
Балалар бір нәрсені анық түсінуі керек: зымыран – ойыншық емес, бұл – инженерлік міндет. Мұнда есеп шығарып, ұмытып кету жоқ. Бұл – нақты нәтижесі бар жоба. Оқушылар ойлануға, салыстыруға, қателікті түзетуге және өз жұмысының сапасына жауап беруге үйренеді.
– Алғашқы зымыран ұшырылған сәт есіңізде ме?
– Әрине. Ол сәт қуаныш пен толқуды қатар сыйлады. Теорияның шынайы өмірмен бетпе-бет келгенін сезіндік. Алғашқы сынақтар мінсіз бола қойған жоқ: тұрақтылықта ақаулар болды, теңгерімді қайта есептеп, тұрақтандырғыштарды жетілдіруге тура келді. Бірақ дәл осы қиындықтар ең құнды тәжірибеге айналды.
Ғылым мен рок-музыканы ұштастырды
– Сіз физикамен қатар рок-ансамбльге де жетекшілік етесіз. Бұл қалай үйлеседі?
– Музыка – мен үшін сергіп, эмоциялық тепе-теңдікті сақтаудың жолы. Мұғалімдік жұмыс өте қарқынды, ал музыка сол балансты ұстап тұруға көмектеседі. Музыка да – тәртіп. Дайындық, есту қабілеті, ырғақ, командалық жұмыс – мұның бәрі педагогикамен үндеседі. Ғылым мен рок-музыканың ортақ тұсы көп.
– Зымыран модельдеудің STEM бағытындағы әсері қандай?
– Оқушылар STEM пәндерін «қиын» сабақ ретінде емес, нақты нәтиже беретін құрал ретінде қабылдай бастады. Өз қолымен модель жасап, есептеп, ұшырып, қорытынды шығарған балада «мен істей аламын» деген сенім пайда болады. Бұл оның болашақ мамандық таңдауына тікелей әсер етеді.
– Жетістіктеріңізге тоқталсақ?
– Үйірме мүшелері бірнеше жыл қатарынан Алматыда өтетін Kazakhstan Smart Space байқауына қатысып, екі мәрте жүлдегер атанды. «Халықаралық ғарыш станциясындағы орбиталық эксперименттер» номинациясы бойынша І орын иелендік.
Сондай-ақ Eurasian Rocketry Challenge атты І Еуразиялық зымыран құрастыру турнирінде команда ересектер санатында үшінші орын алды. Шәкірттерім пәндік олимпиадаларда да жүлдегер атанып жүр.
– Неге Қазақстанда мұндай жобалар аз деп ойлайсыз?
– Себебі көп: мұғалімдерге түсетін жүктеменің ауырлығы, қауіпсіздікке қатысты жауапкершіліктен қорқу, материалдық ресурстар мен шеберханалардың тапшылығы, әдістемелік қолдаудың жеткіліксіздігі.
Бірақ ең бастысы – мұғалімнің ниеті мен бастамасы. Егер оны мектеп басшылығы қолдаса, нәтиже міндетті түрде болады.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Үйірмені одан әрі дамытып, халықаралық жарыстарға қатысуды, фестивальдерге барып, өзге елдердің мектептерімен тәжірибе алмасуды мақсат етіп отырмын.
– Әңгімеңізге рахмет!

