коллаж El.kz

Финляндиялық жартылай қорғаушы «Қайратты» күшейте ала ма?

Бүгін алматылық«Қайрат» финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксаненді қатарға қосты. Бұл трансфердің басты мақсаты - келер жылы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі болып тұр.

«Қайраттың» деңгейіне сай ойыншы ма?

Яакко кәсіби мансабын финляндиялық «ХИК» сапында бастаған. Ал 2018 жылы атақты ағылшын клубы «Брентфордтың» жастар құрамасына ауысты. Дегенмен жарақаты тым жиілеп кеткен жас талант, көршілес «Уимблдон», ары қарай шотландиялық «Мортоннан» бірақ шықты.

Араға екі жыл салып, отанына қайта оралады. Ол кезде жергілікті «КуПС» Ағылшын Премьер Лигасының шет жағасын көріп келген Яаккоға екі жылдық келісімшарт ұсынды.

Бір қызығы, Яакко Оксанен шілде айында УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайратқа» қарсы өнер көрсетті. 25 жастағы жартылай қорғаушы қос ойында да негізгі құрамда шығып, Александр Заруцский қорғаған қақпаға гол соққан болатын. Қазақстандық ұжым сырт алаңда 0:2 есе жібергенімен, Алматыдағы кездесуде жауапсыз 3 гол соғып, келесі кезеңге «Қайрат» жолдама алған еді.

Бұл трансфер Офри Арадтың кетуін растай ма?

Бұған дейін бірнеше БАҚ беттерінде «Қайраттың» израильдік жартылай қорғаушысы Офри Арадтың клубтан кететіні жөнінде ақпараттар тараған еді. Алайда бұл жөнінде алматылық ұжымның баспасөз қызметі әлі нақты ақпарат бермеді. Ал кейбір дереккөздерде, Арад туған клубы «Маккаби Хайфаға» оралады деген де ақпараттар бар. Егер израильдік футболшының келісімшарты осы жылдың желтоқсан айында аяқталатынын ескерсек, Яакконың келуі Офри Арадтың "сары-қаралар" сапында қалмайтынын растайтындай.

Футбол сарапшылары не дейді?

Бұл трансфер орын алғалы жанкүйерлердің пікірі қақ жарылды. Бірі деңгейі жоғары клубтан ойыншы алу керек еді десе, екінші тарап бұл ауысым «Қайрат» үшін өте пайдалы болды дейді. Осы орайда футбол сарапшысы және комментатор Марғұлан Жақыптың пікірін тыңдадық.

Ағылшындық «Брентфорд» кез-келген ойыншыға қызыға бермейді. Менің ойымша, «Қайраттың» жартылай қорғанысына жаңа леп сыйлайтын ойыншы болатын секілді. Дәл қазір алматылық ұжымның жартылай қорғанысында қиындықтар бар, соған байланысты алғаны белгілі. Өйткені Яакко секілді ойыншылар Қазақстан Премьер лигасына керек. Оның үстіне финляндиялық «КуПС»-тың негізгі ойыншысы болып, 90 минут емін-еркін өнер көрсете алады. Сондықтан ең сәтті трансфер деп айтуға болады, - деді комментатор.

Финляндиялық жартылай қорғаушының трансферіне спорт журналисі Әлім Дінасылов оң бағасын берді.

Біріншіден бұл трансферді жақсы бағалауға болады. Өйткені тәжірибелі ойыншы, оның үстіне ағылшын футболын көріп келді. Демек физикалық тұрғыда өте мықты деген сөз. Биылғы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеуінде, сондай-ақ қазіргі таңда өнер көрсетіп жатқан Конференциялар лигасында да гол соқты. Тағы бір ерекшелігі, допты өте жақсы қабылдайды және жылдам қозғала алады. Дегенмен барлығы өзінің бой үйретуіне байланысты болмақ, - деді Әлім Дінасылов.

Айта кетейік, бұған дейін «Қайраттың» негізгі қақпашысы Александр Заруцскийдің «Ақтөбеге» ауысқаны жөнінде хабарлаған едік.