©Pixabay.com

Финляндия Оттава конвенциясынан ресми түрде шықты

Финляндия Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салатын Оттава конвенциясынан шығатыны туралы ресми түрде хабардар етті. Бұл туралы Финляндия Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Финляндия 2025 жылғы 10 шілдеде Оттава конвенциясынан шығу туралы ресми құжатты ұсынды. Бұл шешім 2026 жылғы қаңтарда күшіне енеді. Сонымен қатар, Финляндия конвенцияның гуманитарлық мақсаттарын қолдауды жалғастыра береді, – делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері бұл шешімнің Финляндияның халықаралық құқық шеңберіндегі өзге міндеттемелеріне әсер етпейтінін де атап өтті.

Финляндияның бұл конвенциядан шығу мәселесі 2024 жылдың қарашасында көтерілген болатын. Ол кезде мұндай бастамалар Польша мен Балтық елдерінде де талқыланған. Президент Александр Стубб Финляндияның шығу ықтималдығын Ресей тарапынан төнуі мүмкін қауіппен байланыстырған еді.

1999 жылы күшіне енген Оттава конвенциясы жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салады. Қызыл Крест Халықаралық Комитетінің мәліметінше, мұндай миналар бейбіт тұрғындарға елеулі зиян келтіреді.

Айта кетейік, Ресей бұл конвенцияға қосылмаған, әрі жаяу әскерге қарсы миналардың ірі қорына ие. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Израиль де бұл келісімге қол қоймаған.