Жаңалықтар

Фильмдер ағзамызға қалай әсер етеді?

Көптеген адамдар фильм көруді босаңсып, рахаттанудың таптырмас амалы ретінде қарастырады. Шын мәнісінде бұл жай ғана көңіл көтеру емес. Кино біздің миымыз бен ағзамызға қатты әсер етеді.
27.02.2015 05:53 10458

Фильмдер ағзамызға қалай әсер етеді?

Көптеген адамдар фильм көруді босаңсып, рахаттанудың таптырмас амалы ретінде қарастырады. Шын мәнісінде бұл жай ғана көңіл көтеру емес. Кино біздің миымыз бен ағзамызға қатты әсер етеді.  

Фильмдер ағзамызға қалай әсер етеді?

Кино терапиямен айналысатын психолог Бирджит Вольцтің айтуынша, әдетте фильмдер идеяны адамдарға логикалық түрде баяндап бермей, эмоция арқылы жеткізетіндіктен, инстинктерді бейтараптандырып, сезімдерімізді басады да, эмоцияның шығуына мүмкіндік жасайды. Эмоцияны тудыратын фильмдерді көру миыңыздағы осыған дейін мүмкін болмаған өзге есіктерді аша алады. Сол себепті киноға бармас бұрын, сіз көргелі отырған фильмнің сіздің психикаңыз бен денеңізге қалай әсер ететінін біліп алғаныңыз жөн.

Комедиялар 

«Эйс Вентура» комедиясының 2-бөлімі

Күлкі басыңыздағы қиын проблемаларыңызды уақытша ұмыттырып, көңіл-күйіңізді көтеруі мүмкін. Мәселенің бәрі ағзамыздағы қуаныш гормоны – эндорфинде. Ол күлкіні тудырып, көңілсіздік пен ашуды кетіреді. Сонымен қатар, көптеген зерттеулер бойынша, күлкі имундық жүйемізді күшейтеді екен. Ол ағзамызды вирустар мен бактериялардан қорғайтын антиденелердің пайда болуына септігін тигізеді және қабынумен және тіпті онкологиялық аурулармен күресетін лейкоциттер санын ұлғайтады. Жапондық ғалымдардың дәлелдеуінше, күлкі аллергияның өршуімен ең күшті дәрілермен бірдей көмектеседі екен. Эксперимент кезінде 30 әйелге аллергон инъекциясы салынып, одан кейін оның бір тобына кинокомедияларды көрсетіп, екінші тобына апаттар туралы әңгімелер айтқан. Нәтижесінде кино көргендердің аллергиялық белгілері төмендесе (бірінші топтың жартысында аллергия мүлдем байқалмаған), екінші топта аллергия одан әрі күшейіп, қайғыға ортақтасам дегендер көбірек қасына бастаған.

Мэрилен Универсиетінің зерттеушілері комедиялардың ағзадағы қан тамырларын 22 % ұлғайтынын анықтаған. Демек, бұдан шығатын қорытынды, күлкі қан айналымын күшейтеді. Кино көру барысында күлетін болсақ денеміздегі қан қысымы физикалық жаттығудағыдай төмендейді. Сондықтан комедия көру барысында ең кемі 15 минут белсенді түрде күлу жүрегіңізді қорғап, оның ұстап қалуының алдын аласыз. 

Күлкі қатты алаңдап тұрған кезде де көмектеседі. Мәселен сіз егер ұшақпен ұшудан қорқатын болсаңыз, ұшар кезде планшетіңізге немесе смартфоныңызға өзіңізге ұнайтын комедиялардың кез келгенін жазып алып, ұшу барысында соны көріңіз. Эмоциялық көңіл көтеру қорқыныш деңгейін төмендетеді.

Қорқынышты фильмдер (Horror movies)

«Қоңырау» фильмі

Қорқынышты фильмдерді ұнататындарды өз өмірін қауіпке тігіп, парашюттан секіретін, шыңдарға шығатын экстремалдармен салыстыруға болады. Осы жанрдың фанаттары қорқынышты фильмнен шынайы өмірде оңайшылықпен бола қоймайтын әсерді алады. Ғалымдардың зерттеуінше, қорқынша барынша ләззат алу үшін бір-екі шарт орындалуы тиіс екен: қауіпсіз орта және қорқыныштың аяқталатыны туралы сенімділік. Яғни қорқынышты кино көре отырып, сіз өзіңіз отырған диванды қауіпсіздіктің кепілі деп қабылдайсыз.

Мұндай фильмдер ағзамызда жүрек соғысы мен қан қысымын күшейтетін және тердің пайда болуына әкелетін химиялық заттарды өндіреді. Мамандардың айтуынша, егер қорқынышты фильм сапалы шықса, оны көрген адам қыс кезінде көлге шомылғандай әсер алады. Бір қызығы осы жанрдың фанаттары аз ауырып, ұзақ өмір сүреді. Өйткені аз көлемдегі қорқыныш ағзамыздағы зат алмасуды жиілетіп, ми жұмысын жақсартып, ауруға төзімді етеді.  

Психолог Григорий Гуляев та осы тұжырымды қуаттайды: «Адамдар тіс дәрігерінің алдына келгенде тістерінің ауырғанын сезбей қалатынын байқадыңыз ба? Мұның негізгі себебі – қорқыныш. Дұрысын айтқанда, қорқыныш әсерінен ағзамызда тиісті гормондар өндіріледі. Біздің құрылысымыздың ерекшелігі сол, қауіпті жағдай туындаған жағдайда бездеріміз ағзамызға табиғи есірткі (опиум мен морфийдің құрамдас заттары) шашады». Олар сергектік беріп, эйфория жағдайына апарып қана қоймай, кейбір аурулармен күресуге қабілетті.

Алайд мұндай фильмдердің бір ұтымсыз тұсы бар: оларды көру сіз үшін жағымсыз кейбір оқиғалар туралы естеліктер ойыңызға оралуы мүмкін. Бұл идеяны Нью-Йорктағы Рокфеллер Университетінің нейроэндокринологы профессор Брюс МакИвен қуаттайды. Сол себепті, егер сізде жасырылған қорқыныштар болса және сіз оларды оятқыңыз келмесе, онда қорқынышты фильмдерді көрмегеніңіз жөн.

 3-D фильмдер

«Шрек» анимациялық фильмнің персонаждары

Калифорниядағы Беркли университетінің профессор-офтальмологы экрандағы стереосуреттердің әралуан перцептивтік проблемаларды тудыратынын айтады. 3D-суретті қабылдау ми қабығына қосымша салмақ түсіріп, соның салдарынан психикалық ауытқушылығы бар адамдарда аурудың қабынуы байқалады. 3D-бейнені көретіндердің көпшілігі бастың айналуына, әлсіздікке және бас ауруына шағымданып жатады. lesnumeriques.com порталының мәліметінше, сауалнамаға қатысқандардың тек 33 % ғана 3D-киноны ешқандай салдарсыз, қиындықсыз көре алады. 3D-көрермендерінің  27 % өздерін жайсыз сезінсе, 22 % халі нашарлайды, 7 % бас ауруын сезеді, 11 % өзге де симптомдарға ие болады.

Үш өлшемді бейнені көрген кезде біздің көздеріміз бір мезетте экраннан келетін сәулелерге және экрандағы бейнеге назар аударуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, ондай фильмдерді көрген кезде біздің миымыз денемізді сол фильмнің ішіндегі персонаждармен бірдей қозғалып жатқандай етіп қабылдайды. Осылайша біздің миымыз айналада болып жатқан нәрсені шынайы бағалай алмайды. Ағзамызды тепе-теңдікте ұстау үшін миымыз бізді қоршаған орта туралы ылғи ақпараттар жинап отырады және оны ішкі құлаққа жібереді. Ол жерде ақпарат өңделіп миға жіберіледі. Сосын миымыз тез арада мойын, қол, аяқ және кеуде бұлшықеттері тонусының өзгерісіне жауап береді. Мұндай жағдайда халіміз нашарлайды және мұны көлікпен жүргендегі немесе аттракциондағы сырғанаудағы жағдаймен салыстыруға болады.

Сондай-ақ, егер бір көзіңіз екіншісінен нашар болса, онда 3D-фильм сізге анық зиян. Бұл да мамандарждың пікірі. Бұл жағдайда міндетті түрде басыңыз айналады. 

Романтикалық фильмдер

«Билейміз бе?» («Shall we dance») фильмі

Романтикалық фильмдер әсері бойынша комедияларға ұқсайды. Мұндай фильмдердің стресс гормондарының деңгейін түсіріп, қан қысымын төмендететіні дәлелденген. Онымен қоса, Мичиган университетінің ғалымдары анықтағандай, романтикалық фильмдер прогестерон гормонының өндірілуін шақырады екен. Прогестерон – жақын адамның қасында болған кезде және сол сияқты өзге жағымды әсер алған кезде бөлінетін гормон.

Ғалымдар басты рөлдерде Мэрил Стрип пен Клинт Иствуд ойнайтын «Мэдисон округының көпірлері» (The Bridges of Madison County) фильмі арқылы көрермендермен тәжірибе жүргізіп, фильмді көру барысында көрермендерде прогестеронның бөлінуі 10 % артқанын анықтаған. Боевик пен триллер жанрындағы туындылар да осы тектес гормондардың бөлінуін күшейтеді, алайда олар көбіне ер адамдардың ағзаларына әсер етеді. Жабайы табиғат туралы деректі фильмдер гормоналды фонға еш әсер етпейді.

Одан бөлек, көрермен өзін романтикалық фильмнің басты персонажымен байланыстырып, дәл сол сияқты сезім әсерінде болады. Көптеген ғалымдардың дәлелдеуінше, белсенді романтикалық махаббат сезімі миымызға тура есірткі сияты әсер етеді. Романтика мидың белгілі бір бөлігін жандандырып, ол жерден рахаттану әсерін тудырады. Сондай-ақ, махаббат сезіміне жауапты нейрендік желілер мен ауырсынуға жауапты нейронды желілердің ұқсастықтары көп.

Әлеуметтік драмалар

«Жоғалған қыз» («Gone girl»)

Кинодағы қатігездік қоғамдағы зұлымдықты арттыра қоймас, бірақ экрандағы агрессияны көрген кезде, біздің миымызда шынайы өмірдегі агрессия үшін жауапты бөлік белсене түседі. Линфильд колледжіндегі зерттеулер бойынша, мұндай әсер алу үшін фильмде міндетті түрде қатігездік болуы шарт емес. Ең жарқын эмоцияларды сыныптастар тарапынан орын алатын қорлық, қорқытып-үркіту, өсек тарату және әлеуметтік оқшаулау сюжеттері тудырады. Зерттеуде колледждегі 250 қыз қатысып, оларға әртүрлі бейнеклиптер көрсетілді және соның нәтижесінде олардың мінез-құлқына баға берілді. Алғашқы клипте қанды кісі өлтіру түріндегі физикалық агрессия көрсетілді. Екіншісінде қыздар өсек таратып, достарының біреуін бөлектеп тастайды. Үшіншісінде қорқынышты фильмдегі үрейлі сәт көрсетілді.

Зерттеушілер тәжірибеге қатысушылардың физиологиялық қозуын бағалап, үш роликтің үшеуі де бірдей әсерлі болғанын анықтаған. Кейіннен оларға экраннан әртүрлі жылтылдайтын сөздерді көрсетеді, олардың кейбіреулері агрессивті, кейбіреулері бейтарап. Нәтижесінде, агрессивті фильм көрсетілген қатысушылар агрессивті сөздерді оқығанда іркіліп қалған. Мәтінге деген баяу реакцияға қарағанда ми агрессивті сөздерді ұзағырақ өңдеген, яғни адамдар оларға көбірек маңыздылық берген. Себебі агрессиялық әрекеттерге жауапты ми бөлігі дәл сол сәтті қызу жұмыс істеп жатады.

Зерттеудің нәтижесі бойынша мынадай қорытынды жасауға болады: агрессиялық әрекеттерді жеткізетін роликтер мен фильмдерді көрген адам өзін жауыздық танытуы мүмкін. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға