Ферроқорытпа зауытында қаза тапқан қызметкердің отбасына қандай көмек көрсетіледі
YDD Corporation компаниясы Карағандыдағы ферроқорытпа зауытында төтенше жағдайдан кейін қаза тапқан қызметкердің отбасына қолдау көрсететінін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Компания өкілдері зауытта пеш бастығы болып жұмыс істеген Музафар Имантайұлының қайтыс болуына байланысты оның туыстарына қандай көмек көрсетілетінін айтты
YDD Corporation Музафар Имантайұлының қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтады. Бүгінгі таңда компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді, - делінген компания хабарламасында
Атап айтқанда, компания келесідей көмек көрсетеді:
- Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.
- Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді.
- Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиелерін толық өтейді.
Еске салайық, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысы кенеттен пештен шыққан жалынның салдарынан қатты күйік алып, ауруханаға жеткізілген еді. Олардың бірі 22 шілдеде қайтыс болды.