instagram.com/rustemova_aliya

Фельдшер Ұлдананың құрметіне колледжде арнайы сынып ашып, ескерткіш қояды

Астана қаласында басына кондиционер құлап, ауыр жарақат алып, ажал құшқан 23 жастағы Ұлдана Қалдарханқызына Денсаулық сақтау министрлігі арнайы сынып ашып, ескерткіш орнатады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдананың құрметіне бірқатар естелік шараларын жүзеге асырады. Бұл туралы министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қайсар маманның есімін есте қалдыру үшін медициналық колледждердің бірінде арнайы атаулы сынып ашылады. Онда студенттерге алғашқы медициналық көмек, шұғыл жағдайларда әрекет ету және фельдшерлік қызметтің маңызы туралы тереңдетілген білім берілмек. Сонымен қатар, оқу орнында Улдананың ерлігі туралы ақпараттық бұрыш жасалып, болашақ медицина қызметкерлеріне үлгі ретінде ұсынылады.

Ұлдана өз өмірін өзгелердің амандығы үшін арнаған нағыз кәсіби маман. Оның ерлігі мен жанкештілігі ешқашан ұмытылмайды. Біз мұндай жандарды құрметтеу арқылы жастарды адам өміріне бейжай қарамауға тәрбиелейміз, - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының жарлығымен Ұлдана Қалдарханқызына қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалі берілген болатын.