Жаңалықтар

Ежелгі түріктер (Үшінші тарау)

Қойшығара Салғараұлы
16.08.2016 06:26 5008

Ежелгі түріктер (Үшінші тарау)

ҮШІНШІ ТАРАУ

 

CИУҢНУ-ҚЫТАЙ СОҒЫСТАРЫ

ЖӘНЕ

ОНЫҢ  ШЫҒУ СЕБЕПТЕРI

 

Сиуңну тарихын өз болмысында дұрыс танып-бiлуде олардың қытай патшалықтарымен болған соғыстарының мәнiн ашып, солардың шығу себептерiн анықтаудың да ерекше орны бар. Өйткенi, көшкінші халықтар тарихы Император Сарайында жинақталған түрлi құжаттық материалдар негiзiнде жазылады. Ал ондағы материалдар көбіне көшкіншілер мен қытай патшалықтарының арасында әр кезде болған соғыстарға қатысты деректерден тұрады. Дерек берушілердің мақсат-мүддесі, таным-түсінігіне қарай берген мәліметтерінің деректік сапасы да әр түрлі болып келеді. Осыған байланысты сиуңну-мұңғұл халықтарының тарихына қажеттi мате-риалдарды iздегенде, көне қытай жазба дереккөздеріндегі осы соғыстар туралы берілген мағлұматтардан шыжымдап сыр тартып, сондағы әр сөзге мән берiп, содан қажеттi мәліметті майдан қыл суырғандай суыртпақтауға тура келедi. Сонда Сарай қызметкерлерiнiң сиуңнуларға қарсы соғысқа байланысты патшаларына (императорларына) жағдайды баяндап жазған мәлiметтерiнен, берген ақыл-кеңестерiнен, жорық қолбасшыларының есептерiнен, арнайы тапсырмамен сиуңну елiне барып қайтқан елшiлердiң көрген-бiлгендерiнен және тағы басқалардан сиуңну-мұңғұл халықтары тарихына қатысты белгiлi бiр ой түюге мүмкiндiк беретiн нақты, болмаса соған бағыт беретiн жанама деректердi табуға болады.

Рас, өткеннiң шындығына айғақ болар нақты деректiң жоқтығынан кейбiр жанама деректерге негiзделген болжамдардың кейде тиянағы берiк болмай, бейне жылға-жылғаны қуалаған көктемгi қар суындай қиюы келер кез келген қисынға қарай ойысып кететiнi де кездеседi. Мысалы, қытайдың көне жазбалары арқылы тарихқа танылғанға дейiн «Сиуңну халықтарында мемлекет болған ба, болмаған ба?» деген мәселе төңiрегiнде бүгiнге дейiн айтылып келген пiкiрлердiң бiр арнада тоғыспай, әр түрлi болып жүргенi сол нақты деректiң жоқтығынан туған қисын қуалаудың салдары екенi даусыз. Дегенмен, мұның бәрi, қалай дегенде де, тарихи шындыққа жету жолындағы iзденiстiң айғағы. Өйткенi, осындай iзденiстердiң нәтижесiнде түптiң түбiнде жоқтықты желеу еткен тоқыраудың тоғаны бұзылып, ғасырлар тозаңына көмiлген көне заман көмбелерiнiң көзi ашылып, тарих ақтаңдақтарының орнын толтыруға мүмкiндiк туары да, туып отырғаны да ақиқат дүние. Соның үшiн де сиуңну мен қытай патшалықтарының арасындағы соғыс деректерiне ден қоя зерттеудi осындай iзденiстiң бiр жолы десек керек.

Осыған байланысты осы арада бүгiнгi ресми тарих ғылымында мынандай бiр жайдың сүйексiңдi әдетке айналып бара жатқанын да мойындаған жөн сияқты. Ол – жоқтық туғызған шарасыздықты желеу етiп, бiр сиуңну-мұңғұлдар ғана емес, жалпы бүкiл көшкінші халықтардың қай-қайсысының да тарихын жазу-сызуы ерте дамыған ежелгi өркениет елдерiнiң бiрiнiң жазба деректерiнде солар жөнiнде кездесетiн жалғыз дерекпен шектеп, оның алдында бұған дейiн түк болмағандай, тұтас бiр халықты, бейне бiр белгiлi мерзiмде салынған ғимарат тәрiздi нақты бiр жылда пайда болғандай етiп көрсету машығының заңдылыққа айналып бара жатқаны. Бұлай істегенде әуелi әлгi жыл көрсеткiшi шартты түрде алынады. Белгiлi жағдайда ұғымның нақтылығы үшiн бұлай iстеу дұрыс та.

Бiрақ жаманы – осы шарттылық кейiн сақталмай, уақыт өте келе бiрте-бiрте нақтылыққа  айналдырылып жiберiледi де, жаңағы халықтың бүкiл тiрлiгi әлгi жазба деректе көрсетiлген жылдан ғана басталып, бар ой-тұжырым соған негiзделiп кете барады. Осыдан келiп, жаңағы зерттеу нысаны болып отырған көшкінші халықтың тарихының бастауы шорт кесiлiп, олардың шыққан тегi, қайдан келiп, қайда тұрғаны, бұған дейiн не iстеп, не қойғаны – бәрі-бәрi  белгiсiз күйде қала бередi. Соның салдарынан, көне замандардағы көшкіншілердің бәрiнiң бүгiнгi рес-ми тарихына қарап отырсаңыз, қай-қайсысы да белгiлi бiр тарихи оқиғаға қатысты бейне көктен салбырап түсе қалған ертегiнiң көшпелi дию-перiлерi секiлдi ғайыптан пайда болғандай әсер қалдырады.

Ал мұның түптеп келгенде, әлгi халықтың ғана емес, осыған қатысты жалпы сол кезең тарихының дұрыс жазылмауына әкеп соғары сөзсiз. Оның солай екенiне, басқаны айтпағанда, әңгiмеге арқау болып отырған осы сиуңну-мұңғұл халықтарының тарихы да толық айғақ бола алады. Осы орайда қытайдың көне заман тарихшыларының бiрi Фан Хуаның өзiнiң әйгiлi «Соңғы Хән кiтабы»  («Хыу Хән шу») атты еңбегiнiң сиуңну тарихына қатысты бөлiмiнiң қорытынды түйiнінде: «Ой, дүние-ай, алғашқы қадамның дұрыс болмауы кейiнгi мың қадамның қате болуына ұрындырса не шара?!» деген өкініш толы сөздерi ерiксiз еске оралады. Фан Хуа бұлай дегенде, Сиуңну мемлекетi менҚытай патшалықтары арасындағы қатынастың алғашқы қадамының әу бастадұрыс жасалмауының, кейiннен екi ел арасында ештемемен ақтауға болмайтын, ғасырларға созылған бiтiспес қырғын соғыстарды туғызғанын айтқан едi. Үлкен тарихшының осы бiр күйiнiшке толы өкiнiшiн, осымен бiрге, жоғарыда айтқан, көшкіншi халықтар тарихының бастауын өзге бөгде елдiң жазба деректемелерiндегi соған қатысты бiр фактiге ғана телiп, бар ой-тұжырымды содан өрбiтуге мәжбүр еткен бiр қатенiң кейiнгi сан қатенiң тууына  себепшi  болғанына да орайластыра айтуға толық болардай. Өйткенi, мұндай қателiктiң қытай тiлiн бiлмегендiктен, иероглифiн оқи алмағандықтан, қытайдың көне жазбаларының түпнұсқасымен тек бiреулердiң аудармасы арқылы танысып, өздерiнiң ғылыми болжам-пайымдауларын соған ғана сүйенiп жасауға мәжбүр болған зерттеушiлердi былай қойғанда, осы саланың жiлiгiн шағып, майын iшiп жүрген маман синологтардың өзiне керi ықпал етiп, солардың еңбектерiнен де «менмұндалайтынын» көргенде, Фан Хуа құсап шарасыздықтан бас шайқап, өкiнбеске лажың қалмайды.

Айтылғанға айғақ ретiнде, ресми тарих қалыптастырған осындай қателiктiң әсерi маман қытайтанушылардың өзiне қандай ықпал ететiнiн ұзақ жылдар бойы түпнұсқа дерекпен тiкелей жұмыс iстеп, сиуңнулар туралы талай зерттеу еңбек жазған Түркияның белгiлi қытайтанушысы Б. Өгелдiң мына тұжырымдарынан-ақ көруге болады: «Тұман (Тумән) заманында хун-қытай (Сиуңну мемлекетi мен Хән патша-лығы – Қ.С.) жанжалының ең басты себебi – дәл осы жайылым таласы болатын. Чин династиясы кезiнде керi шегiнiп, Ордос аймағындай (Хуанхының оңтүстiгi –Қ.С.) жайылым  өрiстерiнен айырылып қалды. Соның салдарынан малшы халық аштыққа ұрынып, аса қиын экономикалық дағдарысқа ұшырады. Осыдан кейiн бас-басына би болып, шашырып жүрген аталар бiр орталыққа бағынып, жұмыла жүруге мәжбүр болды… Сөйтiп Қытайдың солтүстiк өңiрiнде алғашқы қауымдастық одақтар өмiрге келе бастады. Ақырында тұңғыш елбасы болып танылған Тұманның бұйыруымен құралған Хиуңну (Сиуңну) мемлекетiн дүниеге әкелдi…» (Өгел Б. Ұлы Хун империясының тарихы. Т. І. – Алматы, 1998. – 90-б.) – деп, белгiлi қытайтанушы маман өзiнiң әйгiлi «Ұлы Хун империясының тарихы» атты екi томдық еңбегiнiң алғашқы кiтабында  Сиуңну мемлекетiнiң құрылуы мен оған себеп болған тарихи жағдайлар жөнiнде қзіндік ой түйедi.

 Былай қарағанда бәрi дұрыс сияқты. Себебi ресми тарих қалыптастырған түсiнiк тұрғысынан қарағанда мұның еш қателiгi жоқ. Бiрақ көне заманнан бүгiнге жеткен бар деректердi байыптай салыстыра отырып, бiлiктi маманның осы тұжырымдарының әр сөйлемiн тарихи оқиғалар шындығының талабы тұрғысынан талдай бастасақ, бiр қателiктiң екiншiсiне қалай сабақтасып кете баратынын көруге болады. Ең алдымен, осындағы қате тұжырымның бәрiнiң, Фан Хуа айтқандай: «дұрыс жасалмаған алғашқы қадамның», яғни ресми тарих қалыптастырған ұғым бойынша қытайдың көне жазбасындағы «Сиуңнулардың арғы атасы Шиа әулетiнiң ұрпағы (қытай) Шүн Вiй деген кiсi болатын» деген дәлелi жоқ дара деректi нақтылық ретiнде қабылдаудың салдарынан туып отырғанын көреміз. Сол аңыз-абыз  «Шүн Вiйден бастап, сиуңнулардың тарихқа тұңғыш танылған чәниүйi Тумәнге дейiнгi аралықта шиахуалықтар (қытайлықтар) мен сиуңнулар аралас-құралас қатар өмiр сүрiп келедi» деген сонау әу баста кеткен қате бiр түсiнiктiң қырсығы, яғни ой табаны тiрелер негiздiң дәйексiздiгi – Б. Өгел сияқты бiлiктi маман тарихшының өзiн шындыққа кереғар қайшылықтарға ұрынуға ерiксiз мәжбүр еткен.

Сондықтан да оның пайымдауында бiр тектiлiк жоқ, бiрiншi сөйлемдегi айтылған ойын екiншi сөйлемдегi ойы терiске шығарып жатады. Мысалы, жоғарыда келтiрiлген дәйексөздiң алғашқы сөйлемiнде Б. Өгел: «Тұман заманында хун-қытай жанжалының ең басты себебi – жайылым таласы болатын», – деп тұжырым жасайды. Шындығында, бұл – негiзi жоқ, қате тұжырым. Өйткенi, Сиуңну мемлекетi мен Чин патшалығы арасындағы соғыстың шығуына «жайылым таласы» себеп болған емес. Екi елдiң арасындағы соғыстың шығу себебi тiптi басқада (оған сәл кейiнiрек тоқталамыз). Ең ғажабы, мұның солай екенiн Б. Өгелдiң өзiнiң осы тұжырымына бастырық еткен келесi: «Чин династиясы кезiнде керi шегiнiп, Ордос аймағындай жайылым-өрiстерiнен айырылып қалды. Соның салдарынан малшы халық аштыққа ұрынып, аса қиын экономикалық дағдарысқа ұшырады» деген сөйлемдерi де дәлелдейдi. Себебi, мұнда соғыстың шығуына «жайылым таласының» түк қатысы жоқтығы, ал жайылым проблемасы шықса, ол соғыстан кейiн, сиуңнулар соғыста жеңiлiп, жайлы қонысы – Ордостан айырылып, солтүстiкке босқын болып барғаннан кейiн шығып отырғаны өз-өзiнен көрiнiп тұр.

Шындығында, екi елдiң арасындағы «жанжал», сиуңнулар, ғалымның өзi «шұрайлы өңiр» деп көрсетіп отырған Ордосты мекендеп тұрғанда басталды емес пе? Осы арада ақиқатқа адалдық үшiн автордың «Ордос аймағындай жайылым-өрiстерiнен айырылып қалып, малшы халық аштыққа ұрынып, аса қиын эконмикалық дағдарысқа ұшырады» деуi де өзiнiң «жайылым таласы» теориясын дәлелдеу ниетiнен туған жалған тұжырым екенiн айта кеткен жөн. Тарихи шындық олай емес. Чин патшалығының атақты қолбасшысы Мың Тиәннiң х. э. дейінгі 215 жылы 100 000 әскермен барып, сиуңнуларға тосыннан тиiсiп, оларды Ордос өңiрiнен 214 жылы айдап шыққаны белгiлi.

Осыдан кейiн босқынға ұшырған ел Халхаға қарай қашып барып, артынан ойысып келiп, Чин Шы Хуан-ди өлгеннен кейiн (210 ж.) Иң тауына тұрақтаған болатын. Ал бұл – Б. Өгелдiң өзi әдiл атап көрсеткенiндей: «хун мен көктүрк қағандарына құт мекен, жайлы өрiс болған Иң тауы» (сонда. 92-б.). Мұның солай екенiне, анығырақ айтқанда, Иң тауына қашып келген сиуңнулардың «аштыққа ұрынып, экономикалық дағдарысқа ұшырап» емес, керiсiнше, дәл осы арада ес жиып, өсiп-өркендеп, кемелiне келе нығайып, бүкiл Шығысты аузына қаратқан әйгiлi Сиуңну империясының шаңырағын көтергенi тарихтан белгiлi шындық. Көне жазбаларда да бұл туралы ап-анық жазылған.

 Бұған Б. Өгелдiң өзi дәйексөз ретiнде алған француз миссионерi П. Гаубилдiң: «Иң тауы» деп аталған осы тау тiзбектерi солтүстiк батысқа дейiн созылып кете барады. Бұл таулар қалың орманмен көмкерiлген.Таудың үстiнде қыраттар мен төбешiктер, әсем жайлаулар бар. Асулар мен өткелдер, қысаңдар қорғану үшiн аса қолайлы. Осы жерлер хундардың (сиуңнулар-дың) кең байтақ жайылым өрiстерi болатын. Бұлардан кейiнiрек Орта Азиядан келген тайпалар да осы тауларға арқа сүйедi; қашса да, қуса да паналар бiр бекiнiсi iспеттi едi. Мыңғырған мал өсiруге қолайлы, аулайтын аңы жыртылып айырылатын. Мұның сыртында темiр рудасы да мол едi» (сонда. 92-б.) деген жолдарын қоссақ, тарихшы тұжырымының шындықтан қаншалықты алыс екенiн сезiну онша қиындық туғызбайды. Осындай қайшылыққа толы дәйексiз пайымдауларға негiзделгендiктен, Б. Өгелдiң бұдан кейiнгi Сиуңну мемлекетiнiң құрылуы жөнiндегi тұжырымының да, талдай бастасаңыз, көбесi көпсiп, қабырғасы қаусай бастайды. Өйткенi, оның «Осыдан кейiн бас-басына би болып, шашырап жүрген аталар бiр орталыққа бағынып, жұмыла жүруге мәжбүр болды… Сөйтiп Қытайдың солтүстiк өңiрiнде алғашқы қауымдастық одақтар өмiрге келе бастады. Ақырында тұңғыш елбасы болып танылған Тұманның бұйыруымен құралған Хиуңну (Сиуңну) мемлекетiн дүниеге әкелдi…» деген түйiндеуi де ешқандай дерекпен негiзделмейдi, шындыққа жатпайды.

 Қолда бар жазба дереккөздерінің бәрi де Чин патшалығы жорық жасағанға дейiн де, одан кейiн де сиуңнулардың «бас-басына би болып, шашырап жүрген аталар» емес, өз дәрежесiнде бiр орталыққа бағынған, лауазымы «чәниүй» деп аталатын дара билеушiсi бар жеке мемлекет болғанын дәлелдейдi. Бұл арада да Б. Өгелдiң әдеттегi «көшкіншiлерде бiр орталыққа бағынған мемлекет болмаған, олардыкi тек соғыс мүддесi бiрiктiрген тайпалар одағы немесе жабайы тобырлар жиынтығы» деп қарап келген ресми тарих қалыптастырған түсiнiк ықпалынан шыға алмағандығы көрiнiп тұр.

 Шындығына келсек, бұл – көшкіншi халықтардың көне тарихына қатысты қалам тартқан қазiргi заман тарихшыларының көбiне тән, ортақ кемшiлiк.Тарихи шындық, Л. Гумилевтiң әдiл көрсеткенiндей, бұл кездегi сиуңнулардың тайпалар одағына да, тобырлар жиынтығына да жатпайтынын көрсетедi. Олар iштей өзара туыстық-рулық ұйымдарға бөлiнген, тұтас бiр халық болатын (Гумилев Л.Н. Хунну. – СПб., 1993. – Стр.59). Сондықтан тарихшының Чин империясының әскерiнен жеңiлiп, Иң тауына барған сиуңнуларды «Сөйтiп Қытайдың солтүстiк өңiрiнде алғашқы қауымдастық одақтар өмiрге келе бастады»  деуi ешқандай шындықпен қиыспайды. Осыған орай оның келесi сөйлемдегi:«Ақырында тұңғыш елбасы болып танылған Тұманның бұйыруымен (?) құралған Хунну мемлекетiн дүниеге әкелдi» деген тұжырымының да негiзсiз екенi бiрден байқалады. Басқаны айтпағанда, Б. Өгелдiң өзi «тұңғыш елбасы болып танылған Тұман» деп отырған Тұманының Чин патшалығы  сиуңнулармен соғысудан көп бұрын да сиуңну елiн басқарып отырғаны, оның лауазымының сол кезде де «чәниүй» деп аталатыны Сы-ма Чиән мен Бан Гудiң еңбектерiнде анық жазылған ғой. Сондай-ақ Чин патшалығынан соғыста жеңiлiп, қашып барып тұрақтаған жерiндегi сиуңнулардың елбасысы да сол – Тұман (Тумән), лауазымы да сол – чәниүй. Елдiк болмысында да, мемлекеттiк құрылымында да ешбiр өзгерiс болған жоқ. Барған жерде қашқан елдiң басын қайта құрап, қалпына келтiргенi болмаса, «Тұманның бұйыруымен жаңа мемлекет құрылды» деуге негiз боларлықтай дерек те еш жерден кездеспейдi. Оның үстiне ел билеушiсiнiң «бұйрығымен мемлекет құрылды» деудiң өзi қалай болар екен? Мұның бәрiнен шығар қорытынды сол – көшкіншi халықтардың елдiк бол-мысының, мемлекеттiк құрылымының бастауын қазiргiдей оларды тарихқа танытқан жазба деректердегi жыл көрсеткiшiнен бастап, сонымен шектеп,соған ғана телiп қоюдың дұрыс еместiгi.

Қанша жерден көшкіншi дегенмен олар да отырықшы халықтар сияқты халық. Олар да адамзатқа тән өсiп-өнудiң, өркендеп өрiс жаюдың, халық болып қалыптасудың эволюциялық  жолының  түрлi кезеңдерiнен өтiп барып ел болған. Сол себептi оларды бiр жылда өсiп-өнiп, жер бетiн қаптап кететiн шегiртке-халыққа айналдыру шындыққа қиянат болмақ.

Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келсек, сиуңну халықтарының Қытай елiнiң шекарасына келiп, олармен соғысып, көне қытайлықтардың жазба деректеріне iлiккенге дейiн де өзiндiк тарихы болғанын, өз алдына жеке мемлекет ретiнде өмiр сүргенiн түсiну онша қиындыққа түспейдi. Бiр ғана мысал. Сиуңнулар туралы тұңғыш дерек берген көне қытайдың екi бiрдей тарихшысы  Сы-ма Чиән мен Бан Гу өз еңбектерiнде Сиуңну империясының негiзiн қалаушы атақты чәниүйi Маудун әкесiн өлтiрiп, таққа отырған кезде ежелгi көршiсi дунхулардың билеушiсiнiң онымен соғысуға сылтау iздеп, үстемелете елшiлер жiберiп, әуелi елдiң мақтанышы болған тұлпар атын, содан соң Маудунның қойнындағы әйелiн сұрап, бәрiн қарсылықсыз алғаннан кейiн, ақырында екi елдiң шекарасында жатқан жердi сұрағанын жаза келiп: «Дунхудың батысында сиуңнудың иелiгiндегi мың ли жер жатушы едi. Онда тек екi жақтың қарауылшылары тұратын. Дунхудың билеушiсi Маудунға тағы елшi жiберiп: «Сиуңнудың иелiгi болғанымен, бүгiнге дейiн шекаралық қарауылдардан басқа ешкiм пайдаланбаған бос жер ғой, соны маған берсiн» дейдi» (Сиуңну.– А., 1998. – 34-б.) деген дерек бередi.

Осындағы екi тарихшының өз түсiндiрмелерiнде және дунху билеушiсiнiң сөзiнде келтiрiп, «шекаралық қарауылдар тұратын жер» деген деректi қайталай нығарлауы, ашып айтпағанмен, сиуңнулардың сол кезде-ақ өз алдына жеке дербес мемлекет болып тұрғандығын айғақтай алады. Өйткенi, ол заманда да, бұл заманда да тұрақты шекаралық қарауылдардың тек өз билiгi өзiндегi жеке мемлекеттердiң арасына ғана қойылатыны және нақты белгiленген шекараның болуының өзi мемлекеттiлiктiң бiр шарты екенi баршаға белгiлi ақиқат. Қалыптасқан жасанды қағидалар ықпалымен кетпей, жазба деректер берер әр мағлұматтың мәнiн өз тұрғысынан дұрыс ұғына бiлудiң қажеттiлiгi де осында.

Рас, жоғарыда айтқанымыздай, сиуңну халықтарының қытай жазбаларына iлiккенге дейiнгi тарихы жөнiнде нақты деректер берiлмегендiктен, тек әлгiндей жанама деректер арқылы олардың

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға