Жаңалықтар

Ежелгі жылқылардың ең алғаш Солтүстік Қазақстанда үйретілгені рас па?

Ежелгі жылқылардың ең алғаш Солтүстік Қазақстанда үйретілгені рас па?
Фото: pixabay.com 27.08.2024 10:00 923

Ежелгі жылқылар алғаш рет Солтүстік Қазақстанда үйретіліп, ал қымыз тарихы бес жарым мың жылды құрайды. Археологтар Пржевальский жылқысы Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай тұрағында 5,5 мың жыл бұрын өмір сүрген жылқылардың ұрпағы деп сендірді. Павлодар өңірінде Ботай жылқыларының сүйектері Бөрлі 4-те табылды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жылқыны қазақтардың қолға үйретуі жайлы ғылыми жаңалықты зерттеп, білікті маманның пікірін білді. 

Бұл жаңа дәлелдерді Англиядағы Эксетер университетінен шыққан Алан Аутрам бастаған интернационалды археологтар командасы Science журналында бастап берді. Еуразияның өткеніне деген көз-қарасты түбегейлі өзгерткен жаңалық туралы көптеген шетелдік басылым жарыса жазды.

New York Times археологтары көптеген ат сүйегі мен өзге де артефактардың табылғаны жайлы мәлімдеді. Талдау нәтижелері бойынша үш тәуелсіз дәлел тобы жасақталып, олардың барлығы дерлік жылқылардың Ботай мәдениетінің жартылай көшпелі өкілдері тарапынан үйретілгенін баяндады. Ботай - біздің заманымызға дейін 3600-жылдан алты жүзжылдық арасында Қазақстанның солтүстігінде дамыған мәдениет.

Біріншіден, ғалымдар төрт аймақта табылған сүйектердің көлемі мен пішінін зерттеді. Оларды сол аумақта өмір сүрген жабайы жылқылар мен қола дәуірінде үйретілген үй жылқыларының сүйегімен салыстырды. Зерттеу жүргізушілердің айтуынша, Ботай жылқылары дені сау жабайы жылқылармен салыстырғанда әлдеқайда арық болыпты-мыс.

Аутрам дәрігер бір сұқбатында Ботай жылқыларын өсіру генетикалық тұрғыдан өзгешеленетін жаңа түрінің пайда болуына әкеледі деген байламды жоққа шығарды. Бірақ жылқылардың физикалық мүмкіндіктеріндегі өзгешеліктер оларды адам үшін пайдалы ететінін алға тартты.

Дәлелдердің екінші тобы жылқы тістеріндегі іздер мен қаңқасындағы зақымдарға негізделген. Зерттеушілер бұл зақымдар жүген тағудан пайда болуы мүмкін деп отыр. Археологтар тістердің тозуы олардың қолға үйретілуінің дәлелі деп сендіруде.

Үшінші тобы қыш ыдыстардағы майлы қышқыл іздерінің табылуымен байланыстырылады. Ыдыс қабырғаларында бие сүтінің қалдықтарының табылуы Ботай тұрғындарының қымыз дайындай алғанын айғақтайды.

Ұзақ жылдар бойы жылқыларды қолға үйрету уақыты мен орыны ғалымдар арасында құпия болып келді. Зерттеушілердің көбі Қазақстан, Украина, Ресей даласында алғашқы жылқылар өсірілді деп топшылады.  Америкалық археолог Дэвид Энтони 2007 жылы жарыққа шыққан өзінің «Лошадь, колесо и языки» атты танымал кітабында аймақта жылқылардың қолға үйретілуі біздің заманымызға дейін 2500 жылы басталды деп жазды.

Бұған дейін жылқылардың қолға үйретілуі туралы ақпарат Ботай қонысында қазба жұмыстарын жүргізген ғалым Виктор Зайберт зерттеулерінің нәтижесінде белгілі болды. Карнегидегі Жаратылыстану мұражайынан келген америкалық ғалым Сандра Олсен мен Виктор Зайберт тозу іздеріне қарап, ботайлық жылқылардың ұзақ жолдарға шығып, ауыр жұмысқа жегілуі салдарынан пайда болуа мүмкін деп жорамалдады.

Меніңше, жылқыларды қолға үйрету - адамзат дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Ұлы империялар негізін қалаушылардың бәрі жорық кезінде жылқылары болмаса, жауды жағадан алмас еді, - деп түсіндірді Сандра Олсен Los Angeles Times газетіне берген сұқбатында.

Олсен мен оның әріптестері жылқылардың Солтүстік Қазақстанда үйретілгенін дәлелдей отырып, ат тезегінің құрылыс материалдар ретінде пайдаланылғанын да айқындап берді. Бұл түрлі пікірталас тудырып, скептиктер бұлардың барлығы жабайы жылқылардың ауыр жұмыста пайдалануын айғақтайды деді. Алайда жаңа дәлел-дәйектер Ботайда адамдар жылқы өсіріп қана қоймай, олардың патриархалды экономикасы осы жануармен байланысты болғанын көрсетеді.

Infox.ru сайтының мәліметіне сенсек, қазақстандық ғалымдар Аутрамды толықтай қолдап, далалықта жылқы шаруашығының болғанына сенім білдірді. 2008 жылдың желтоқсан айында олар Қаратау тауларында Андроново мәдениетінің тасқа қашап жазған суреттерін тапты. Археология институтындағы тарихы ғылымдарының докторы Алексей Марьяшев қола дәуірінде Арпаөзен шатқалында жылқылармен аңшылыққа шыққан оқиғалар болғанын айтты. Андроново мәдениетінің адамдары қазақ даласын 4,4-3 мың жыл бұрын мекендеді. Олар Қаратау тастарына шайқас көріністері, жауынгерлер мен екі метрлік түйелердің бейнесін қашап салған-тын.

Алексей Марьяшев Қазақстан ескерткіштердің санымен емес, сапасымен еркшеленетінін еске салды.

Бұл жаңалық бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылғын тудырды. Осылайша, немістің Sueddeutsche Zeitung газетінде «Әлемнің алғашқы салт аттылары» тақырыбында мақала шықты. Материалда Қазақстанның солтүстігін мекендеген Ботай мәдениетінің өкілдері 5500 жыл бұрын жылқыларды қолға үйреткені жайлы айтылды. Бұл Ботай мәдениетінде Еуропадағы аттар өсірілмес бұрын 2000 жыл ерте пайда болғанын айқындайды.

Жылқыларды өсірген алғашқы адамдар сол кезде-ақ биені сауып бастағанын айтуға болады. Пайдалы сусынның түп-төркіні сонау Ботай дәуіріне жатады. Олар сиыр, қой, ешкі үйретпес бұрын, жылқыларды өсірсе керек. Күннің суығымен шыңдалған жануар аса шыдамдылығымен ерекшеленді. Үй жануарларының басқа түрлерін қыста тамақтандыру қажет болса, жылқылар - кез келген уақытта өз тамағын өзі таба алатын жануар.

Қоғам қайраткері, журналист Сәдібек Түгел тақырыпқа қатысты ойымен бөлісіп, «ежелгі жылқылар Солтүстік Қазақстанда үйретілгені туралы жорамалдар - орынды» деді.

Ең алғаш әлемде халықтар мен ұлттардың ішінде жылқы малын қолға үйретіп, әскерде пайдаланған – қазақтар. Тұрмыста да пайдаланған. Бұл - сенсациялық жаңалық. Солтүстік Қазақстан облысы территориясының Айыртау жерінде Ботай қорымы бар. Қорымға дүниежүзінің ең мықты археолог ғалымдары келіп, үлкен археологиялық зерттеу жүргізген болатын. Өзім екі мәрте экспедиция ұйымдастырдым. Бір рет журналистердің басын қостым. Енді бірде кино түсіретін адамдарды апардым,-деді журналист.

Сәдібек Түгел Виктор Зайбертпен кездесіп, екі күн әңгімелескенін айтады. Ботай қорымынан 80 мың жылқының мүрдесі табылды. Бұл Ботайдың үлкен мәдениет болғанын аңғартады.

Ат әбзелдері: ауыздық, жүген, айыл, үзеңгі, ертоқым сол уақытта ойлап табылған. Сол кездің өзінде қымыз ашыту техникасын меңгергені таң қалдырады,-деді ол.

Ғалымдар қорымнан табылған қымыранды зерттеді. Оның ішінде неміс ғалымдары 6,5 жыл бұрын қымызды ашытқанын дәлелдеп берді.

Ертоқымның, үзенгінің, жүгеннің пайда болуы - сол кездегі өркениеттің үлкен жаңалығы. Жылқы малын тұңғыш рет қолға үйреткен, әскерде, тұрмыста пайдаланған қазақтар болғаны дәлелденді. Бұл - сенсация. Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, Германияның, Францияның, Американың, Англияның, Чехияның және басқа да жетекші мемлекеттердің археолог ғалымдары пікірі - осы. Музей салынғанын естіп жатырмын. Ол да үлкен жетістік болып саналады, - деді қоғам қайраткері.

Сәдібек Түгел алдағы күндері басталғалы жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында осы мәселенің көтерілгенін «орынды» деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға