Жаңалықтар

Ежелгі қала Қарашықтың 2000 жылдық тойы өтті

Ежелгі қала Қарашықтың 2000 жылдық тойы өтті
21.10.2019 11:01 5298

Өткен аптада Түркістан өңіріндегі ежелгі елді мекен Қарашықтың 2000 жылдығына арналған «Тарихы терең Қарашық» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Аталмыш шараға Өзбекстан, Түркия елдерінен тарихшы-ғалымдар мен археологтар арнайы келді. Сондай-ақ, ел тарихын түгендеп, шежіреден сыр ақтарған жиынға Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, «Әзірет Сұлтан» тарихи мәдени қорық музейінің ғылыми қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Өткенді жаңғыртқан, жергілікті халық қана емес, күллі ел тарихы үшін маңызды бұл шарадан Қазақстан халқы Ассамблеясы да қалыс қалмады. Ғылыми конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов қатысты. Аталмыш шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.

«Қаратаудан бастау алатын Қарашық өзенінің атымен аталып, тарихта сақталған ежелгі қаланың ұлықталуы ел үшін ғана емес, ертеңгі ұрпақ үшін де маңыздылығы жоғары іс. Ел аузында аңызға айналған, қырық қақпалы Қарашық елді мекені сонау ғасырлар бойы Түрік, Түркеш Қанағаттары, Самани, Қарахан, Сәлжұқ, Харезмшах хандары мемлекеттерінің қарашығы болды десек, қателеспейміз. Тарихтың айтуынша, «Қырық қақпалы» дегені “Қырық бабалы Қарашық”, яғни қырық әулие, уағыз айтушы Қарашық деген мағынада айтылған екен. Сол деректердің арқасында, бұл дін өкілдерінің өмір сүрген жері екендігі белгілі болды. Сүлейман Уалидің ұлы Уали қожаның перзенті Ахмед әл-Қарашықи (Әли қожа хазрет) және Ахмед Яссауи бабамыздың қызы Гауһардың перзенттері Имад шайх, Садан шайх және Мұстафақұл (Сузук ата) дәл осы Қарашықта XII ғасырда дүниеге келген. Олардың әрқайсысы өз заманының ұлы дін өкілдері болып жетілген. Сузук ата Ислам әлеміндегі барлық қолөнершілердің атасы саналады. Айта берсе аңызы бітпес Қарашық туралы тарихи мәні зор қымбатты кітаптардан көптеп кездестіреміз. Бүгінгі күнде де Қарашықтың Алланың нұры жауған Киелі Әзірет Сұлтан мен қасиетті Қаратаудың танымал, еңбекқор, атақты азаматтары тыным таппайтын елді мекен екендігін ерекше атап өткім келеді», - деген Шерзод Пулатов қарашықтықтарға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау лебізін жеткізді. 

Ежелгі қала Қарашықтың 2000 жылдық тойы өтті

«Бұл елді мекеннің аты ХІІІ ғасыр ортасында армян патшасы Гетумның Бату мен Мөңке хандар ордасына барғаны туралы жазылған армян деректерінде кездесетінін Қарашық тұрғындары ғана емес, барша қазақстандықтар мақтан етеді. Бүгінгі күнде Қарашықты еңбекқор, мейірімді, қарапайым халық мекен етіп, туған өлкені түлетуге өз үлестерін қосуда. Сіздерді көне тарихтың көзіндей ежелгі қаламыздың 2000 жылдық мерекесімен шын ықыласыммен құттықтап, баршаңызға мықты денсаулық, аға буынға қажыр-қайрат, жастарға білімдарлдық пен еңбекқорлық, ырысты, несібелі өмір тілеймін» делінген Жансейіт Қансейітұлының құттықтау хатында. 

Қарашықтың қазақ тарихы ғана емес, күллі түркі әлемінің тарихында алар орнының ерекше екенін бұл келелі жиынға көрші мемлекеттерден ат сабылтып жеткен мүйізі қарағайдай ғалымдардың қатысуынан-ақ аңғаруға болады.

Ежелгі қала Қарашықтың 2000 жылдық тойы өтті

Өкінішке орай, Қарашық тарихының алғашқы дәуірлеріне қатысты жазба деректері жоқтың қасы. Сондықтан бұл кезең тарихын қайта жаңғыртуда тарихшы-ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесіне ғана сүйенді. «Отырар» және «Түркістан» археологиялық экспедицияларының қазіргі Қарашық ауылының шекараларында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген жәдігерлер жарыққа шығарылды. 

Археологиялық зерттеулер Қарашықтың VI-XV ғасырларда дамыған қала болғандығын көрсетеді. Мұнда хан сарайы орналасқан. Тарихшылардың деректеріне сенсек, б.з.д VI – V ғасырлардан б.з. III ғасыр аралығында қазіргі Түркістан аумағы Қанғюй мемлекетінің Сусе облысының құрамында болған. Бұл туралы көне грек және қытай деректерінде кездеседі. VI-VII ғасырларда Қарашық Түркістан провинциясының бір бөлігі ретінде Түрік, Түркеш қағанаттарының құрамында болады. VIII ғасырда арабтардың келуімен жергілікті халық ислам дінін қабылдайды. Мәуреннахрда Әмір Темір мемлекеті құрылғаннан кейін Қарашық тарихына қатысты мағлұматтар Темір мемлекетінің саяси-әскери оқиғаларына қатысты жазба деректерде кездеседі.

Ежелгі қала Қарашықтың 2000 жылдық тойы өтті

XVI ғасырда Түркістан Бұхарадағы Шайбанилер мемлекетінің құрамына кірді. Сол ғасырдың соңынан XVII ғасырға дейін қала жонғар билігінде болады. XVIII ғасырдың ортасынан бастап қала Қазақ хандығының иелігіне өтеді. Бірақ, кейін 1785 жылы Бұхара әмірлігі оны қайта жаулап алады. Түркістан аймағының 1816 жылдан 1864 жылға дейін Қоқан хандығының қарамағында болғаны тарихтан белгілі. 1864 жылы Түркістан Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысының құрамына кіргізілді. Жалпы Қарашық қаласы маңызды керуен жолдарының қиылысында орналасқан өте ірі сауда-экономикалық орталық болған.

Конференцияға қатысушылар Махмұд Қашғари Оғыз қалаларының тізіміне қосқан, ежелгі Бұхараның жолындағы керуен сарай Қарашықтың тарихи маңыздылығына тоқталып, ол туралы жазба деректерінде кездесетін мәліметтердің құндылығы археологиялық жәдігерлермен сабақтастығында деді. Ауыл тойында сондай-ақ, Қарашық тарихи-этнографиялық музейінің ашылу салтанаты өтті. Ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, келушілердің назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға